Ғасырға жуық тарихы бар облыстық “Soltústіk Qazaqstan” газеті осы уақыт бедерінде небір жолдардан өтті. Ата-баба тарихын, тіліміз бен дінімізді, салт-дәстүрімізді тү-гендеп келе жатқан басылыммен бала күнімнен сырласпын десем, артық айтқаным болмас. Біз жастайымыздан осы газетті оқып өстік, кейін қызмет еткен жылдарда да, тіпті, бүгінгідей жастарға дұрыс жол сілтеп, орынды уәж айтар ақсақал атанған уақытта да өңіріміздегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағына деген құрметіміз ортайған емес. Газет әлі күнге дейін біздің ақылшымыз, беткеұстар бағдарымыз.
Небір ұлы тұлғалар, қазаққа ортақ аяулы азаматтар қызмет атқарған басылымның әрбір нөмірінен аузы дуалы, жас ұрпаққа жақсы сөз айта алатын аға буын өкілдерінің мақалалары үзілген кезі жоқ. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде басылымның таралымына да ерекше қамқорлықпен қарауды азаматтық парызым деп білемін. Бұл халқымыздың жоғын түгендеп, жастарды жақсылыққа, елді сүюге, жерді құрметтеуге үндеп, тіліміздің дамуына ықпал етіп келе жатқан газет алдындағы әрбіріміздің міндетіміз болуы тиіс. Биыл 102 ардагер облыстық басылымға жазылса, алдағы уақытта бұл санды тағы да еселей түсуді ойлап отырмыз.
“Soltústіk Qazaqstan” газеті әрбір үйдің төрінен орын алуы тиіс. Осы орайда, газет жанашырлары өздері жазылып қана қоймай, ағайын-туғанының, алыс-жақынының, көрші-қолаңының науқанға белсене қатысуына ықпал етсе деген тілек бар көкейде.
Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.