Бұл басылым есімді білген кезден біздің шаңырақтың төрінен орын алды. Әкем Серғазы марқұм майданнан оралып, бейбіт еңбекке араласты. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат еді. Қадери-халінше облыстық газетті, басқа да қазақ тіліндегі республикалық басылымдарды алдырып оқитын. Газетті біздің Кировте (қазіргі Жамбыл ауданындағы Ізтөлин ауылы) жаздырып алмайтын түтін некен-саяқ еді.
Ауылымыз – қазақтың біртуар ақыны, өңірімізде ізі қалған ағартушы, Сәбит Мұқановтың ұстазы Баймағамбет Ізтөлиннің кіндік қаны тамған мекен. Оның туыстары – Қанафиндер. Осылардың ішінде Сұлтан ағам кезінде “Ленин туының” меншікті тілшісі болған, одан қала берді інісі Қайыргелді Қанафин газеттің үлкен жанашыры болды, өзі өлең жазып, жырлары “Ленин туында” жарияланып жүрді. Осыларды көріп, менің де газетке құмарлығым артатын.
Ал осы ауданның сол жылдардағы іргелі елді мекені Баян ауылында оқыған кезімде мұғалімдер қауымы “Ленин туының” берік тірегі еді. Мектебіміздің директоры, марқұм Сағди Оспановтан бастап, мұғалімдер газетті жаздырып алып, кейде белгілі бір мақала жайында пікір таластыратын. Солардың әсерінен де болар, осы мектепте ұстаздық еткен, бүгінде бақилық болған Дүйсенбі Әуелбеков, Сәркен Барқытов кейін “Ленин туында” еңбек етіп, мығым тілшілердің қатарына қосылды. Олардың ізін басып марқұмдар Байтұяқ Жанымбетов, Әмір Қожахметов, Мереке Тұралин осы басылымда қызмет атқарды. Қазір Қызылжарда тұратын Мұрат Нұрмұқанов пен Әскер Әбілқайыров зейнет демалысына осы газеттен шықты. Өздері тілші болмаса да, ауылдың маңдайалды өнерпаздары, домбырашылар, марқұм Ишанғали Қасымов пен Серікбай Құсайынов үнемі мақалалар жазып тұрушы еді.
Менің газетті сүйіп оқуыма ерекше бір әсер еткені өзіммен бір сыныпта оқып, мектепті бір жылы тамамдаған досым Мереке Тұралиннің тілшілік қарекеті еді. Оның газетте жарияланған әр мақаласы, очерктері мен суреттемелері тартымдылығымен, тілінің өткірлігімен, ойының шалымдылығымен баурайтын. Сондықтан зайыбым Сара Қайроллақызымен екеуіміз газетті рухани азығымызға баладық. Әлі де солаймыз.
Мен – спортшымын. Ғұмырымды осы салаға арнап, ел-жұрт білетін бірталай жетістіктерді иелендім десем, ойдан шығарып отырған жоқпын. Кейде ел-жұрт арасынан “Спортшылар газет оқымайды” дейтіндей жалаң айтылған, негізсіз сөздерді естіп қаламын. Бұл енді әркімнің рухани ұмтылысы мен таным деңгейіне байланысты. Газетті оқымасаң, айналаңдағы оқиғалардан құр қалғаның емес пе? Мұндай болсаң, өзіңді қоршаған ортадан оқшаулағаның ғой.
Мен, жоғарыда айтқанымдай, жетпіске таяған жасымның, бері салғанда, елу бес жыл бойы өзімнің сүйікті газетімнен көз жазбай келемін. Газет “Солтүстік Қазақстан” атауын алғалы да жиырма жылдан асып кетті. Осы уақыттың бедеріндегі оның игіліктерін айтудың өзі, тоқсан бес жылдық терең тамырына бойламай-ақ, сыры мен сымбатын суреттеуге жетіп жатыр. Өңіріміздегі ана тіліміздің тірегі – осы газет. Ұлтымызды ұйытатын, ата-салтымызды санамызға сіңіретін тағылымды тәрбиеші – осы газет.
Сөз соңында айтарым, торқалы тойларыңыз құтты болып, ұзағынан сүйіндірсін!
Жамбыл ТАСЕМЕНОВ,
облыстың құрметті азаматы,
грек-рим күресінен КСРО-ның құрметті спорт шебері.