«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Езу тарта отырайық

ҮШ БИ

Бәкір деген балдызым жалғыз ұлы мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түскен соң оны көзден таса қылмайын деп қалаға көшіп келген еді. Ауылда жап-жақсы дипломымен шолақ белсенділік қызмет атқарған ол қалада да қол қусырып отырмайын деп шама-шарқынан келетін қызмет іздестіруге кірісті.

Бұл күні тентіремей, танысқа бармай, тамырын баспай, қызмет табу қиямет емес пе? Бір талай мекеменің есігін қағып, бірталай басшының тамырын басып көрсе де, көңіліне қонар қызмет таба алмады. Жасын айтып, басын айтып, сосын келесің деп сонарға салған мекемелер де болды.

Ақыры, тамыр-таныстың тамырын басып жүргенде сергелдең түбі сейіліп, бір мекемеге мемлекеттік қызметші керек деген хабардың құйрығы жылт ете түсті. Бәкір балдызым бағы жанғандай қуанып, құжаттарын жинап, әлгі мекемеге өзге үміткерлерден бұрын барды. “Қырсыққанда қымыран іриді” дегендей, мекеме басшысы Бәкеңнің құжаттарын мұқият аударып-төңкеріп көрді де:

– Талап бойынша бізге жарап тұрған қызметкер екенсің. Бірақ мемлекеттік тестілеуден өту керек. Содан сүрінбесең, сөмкеңді қолтығыңа қысып, бізге қызметке келесің, қалғанын сосын сөйлесеміз, – деді.

Бәкір балдызым әлгі мекеме басшысының бармағын басып, санап берген тапсырысына мұқият дайындалды. Араны ашылған жемқорлыққа қарсы күрес, бұлтыңсылтыңға салынбайтын, ақырып-бақырмайтын, өкіріп-секірмейтін, өзімсініп, өзгені жемейтін қызметкерлік әдеп пен этика дей ме, әйтеуір, тестілеудің төсқағар сұрақтарына дайындалып, айтқан күні мемлекеттік комиссияға сынақ тапсыруға келді.

Кезегі жетіп, ішке кірген Бәкең балдызым қанша ересек болса да, емтихан тапсырған баяғының баласындай моп-момақан болып, сұрақтарға жауап бере бастады. Бір кезде комиссияның төрағасы, керемет біліп тұрғаныңды көрейін дегендей қосымша сұрақ қойып:

– Заң-маң жағын жақсы біліп тұр екенсің. Үш биді айтып берші, – деді. Бәкір балдызым ойланбастан сарнап ала жөнелді:

– “Қамажай”, “Маусымжан”, “Қара жорға”. Алғашқы екеуін бала кезімізде қыздар билейтін, “Қара жорғаны” қазір бәрімізге билетіп жүр ғой, – деді. Комиссия төрағасы Бәкеңнің жауабына кеңкілдеп бір күліп алды да:

– Төле би, Әйтеке би, Қаздауысты Қазыбек би. Менің сұрағаным сол үш би, – деді. Не керек, мемлекеттік қызметке кіремін деп мемлекеттік тестілеуді тапсыруға барған Бәкең балдызымның бұл жолы да жолы болмай қалды.

“ҮСТІН СЕН БАСАСЫҢ, АСТЫН ЖЕР ТІРЕЙДІ”

Ертеректе ауылымызда Хасен деген етікші шал болды. Мінезі де аумалы-төкпелі қызық еді. Көңілі түскенге етікті жымын келтіріп, жып-жылмағай қылып тігіп беретін. Ал көңіліне көлеңке түсіргендерге алақолдық жасайтын.

Бірде ауылдың Шоңқай деген сотқарлау жігіті етігінің табаны түсіп қалып, Хасен шалға барса керек. Бұл жігітті сотқарлығына қарай аса ұната қоймайтын етікші шал өз ойын іштей тындырып, етіктің табанын үлкен бізбен теседі. Сосын ағаш шегелерді бармағымен оп-оңай басып енгізе бастайды. Мұны байқап қалған Шоңқай:

– Ойбай, Хасен ата, андағыңыз не, табаным түсіп қалады ғой, – дейді. Сонда Хасен шал:

– Ей, Шоңқай, үстінен сен басасың, астынан жер тірейді, етіктің табаны қайтып түседі, – десе керек.

КӨП ЖАМБЫЛ

“Әр заманның баласы әрқилы” демекші, бұрындары жылқы малының дәурені озып тұрған кезде ауылдағы бала біткен тал шыбықты ат қылып мініп алып ойнайтынбыз. Ойнағанда қандай, қатарға тұра қалып, жылқы болып кісінеп, жер тарпып, көшенің шаңын көтере жарысатынбыз.

Одан кейін ауылға техника қаптай бастағанда бала біткен тал шыбық “аттарын” тастай салып, темір доңғалақтарды талға саптап алып, машина болып ойнауға көшті. Ойнағанда қандай, машина болып жарысып, жаңбыр жауса, іркілген лайсаңға тізеден батып, ауыздарынан ақ көбік аққанша ырылдап тұратын. Сонда балалардың арасында “Ананың машинасы үлкен, менің машинам неге кішкентай?” дегендей, әртүрлі доңғалақ таңдауға бақталастық та болатын.

Көршіміздің алты-жеті жастағы Рүстем, Ринат деген екі баласы осындай бақталастықпен “машиналарын” жаңартып алу үшін ауыл сыртындағы кеңшардың техника қоятын орамына доңғалақ ұрлауға барады. Екеуі әрлі-берлі жүріп, механизаторлардың сеялка жөндеп жатқан жерінен екі доңғалақты көріп қалады. Көздерін қызықтырған әлгі доңғалақтарды қолтықтарына қыстырып алып, үлкен олжа тапқандай қуанып үйлеріне беттейді.

Бір кезде орамнан шыға берген бұларды аңдап қалған күзетші Жамбыл айғай салып, тұра қуса керек. Баланың аты бала ғой, айғайдан қатты қорыққан екеуі доңғалақтарын тастай салып, үйлеріне қаша жөнеледі. Сол қашқаннан екі иықтарынан дем алып, ентігіп үйге кірген екеуін қарсы жолықтырған Аймангүл шешей:

– Жүректерің ауыздарыңа тығылғанша кімнен қаштыңдар, кім қуды? – деп сұрайды. Сонда үлкені:

– Жамбыл қуды… Жамбыл қуды, – дейді. Ентігін баса алмаған кішісі басын шайқап:

– Жо-жоқ, апа, бізді көп Жамбыл қуды ғой, көп Жамбыл, – депті. “Қорыққанға қос көрінеді” дегендей, үрейлене қашқанда жалғыз Жамбыл көз алдында көп болып елестеген ғой. Сол балалар бүгіндері қырықты алқымдаған жігіт ағалары. Ал олардың балалары бүгіндері күні-түні бас алмай компьютер ойнайды. “Әр заманның баласы әрқилы” деген осы ғой.

МИЫ ЖОҚ ҚОЙ

Бытбыт баласына семіз қойдың бірін сойдырып, көптен келмей жүрген құдасын қонаққа шақырады. Құдаға қосып шақырған көрші-қолаң, ағайын-туыс тегіс жиналған соң табақ тартылып, ортаға ас келеді. “Сен тура, мен тураны” ұнатпайтын Бытбыт қалтасынан өткір бәкісін алып, ет турауға өзі кірісіп кетеді. Табақтың ортасында қасқиып жатқан қара қойдың үлкен басын қолына алып:

– Мына бас – сіздің басыңыз, жол келіп тұр, – деп құдасына ұсынады. Құдасы да малсақ жан екен. Бытбыт ет турап болғанша бастан отырғандарға жөн-жобамен дәм татырады да, қалғанын тақырлап мүжіп, миын алуға кіріседі. Бір кезде құдасы:

– Әу, Бытбыт құда, мына қойыңның миы жоқ қой. Әдейі шақырып, мисыз қой сойғаның не? – дейді. Күні бұрын пісіп, бөлек тұрған бастың мойын қуысынан миын немересі жеп қойғанын Бытбыт қайдан білсін, құдасының әлгі сөзіне қатты қысылып:

– Қойдың ішінде миы жоқ бір қой бар еді. Қораны айналшықтап шықпайтын. Әлгі бала шалалық жасап, соны сойған екен ғой. Миы жоқ қой сойды деп айып етпеңіз, құда, қайта қой соямын, – дейді. Не керек, Быт-быт құдасына ертеңіне қайта қой сойып, қайта ас беріп аттандырса керек.

Жоламан ШАХАНОВ.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp