«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ЕЙ, ЖОЛАУШЫ, АТТЫҢ БАСЫН ТЕЖЕП ӨТ»

Әке-шешеміз кішкентайымыздан құлағымызға құйған қастерлі қағидалардың ішінде, әсіресе, зиратқа бару әдебі жадымызда күні бүгінге дейін сақталып қалыпты. «Зираттың тұсынан жүгіріп өтуші болма», «Өскенде бейіт басына барсаң, аруақтарға дұға оқымай кетпе», «Зиратта қатты дауыстап сөйлеуге, жағымсыз қимылдар жасауға, темекі шегуге болмайды», «Қабірді баспай, айналып өт», «Молаға саусағыңды шошайтпа», «Бейітке жақындағанда көлігіңнен түсіп, жаяу барған жөн» деп айтып отырушы еді жарықтықтар. Алла Тағала жар болып, ата-анамыздан естіген осындай тағылымды сөздерді бүгінде өз бала-шағамызға айтып отыратын жасқа жеттік. Тәубе.

Осы орайда тағы бір тәлімді жайтты көршілес Көкшетау қаласында тұратын бір туысымызды соңғы сапарға аттандыруға барғанымызда аңғардық. Шаһардан Бурабайға қарай шығатын күре жолдың бойындағы мұсылман зиратының тұсына назар аударарлықтай етіп ілінген тақтаға екі жол өлең жазылыпты:

«Біз де сіздей пенде болдық керемет,

Ей, жолаушы, аттың басын тежеп өт».

Оқыған адамды ойландырып тастайтын сөздер-ау… Содан кейін жеңіл көлікпен іссапарға шыққан сайын жол бойынан зират көрсек, бұрынғыдай бет сипап қана қоймай, машинамыздың жүрісін баяулататын болдық.

Осы мағынадағы ұлағат сөзді біз де небір жақсылар мен жайсаңдар жерленген Бескөл ауылының сыртындағы күре жолдың бойында орналасқан мұсылман зиратының бергі жағына көрнекті етіп жазып қойсақ, жөн болмай ма, жамағат? Сонда, бәлкім, қабірстанның қасынан жау қуып бара жатқандай құйғытып өте шығып, «темір тұлпарларының» тұяқтарымен даланы дүбірлетіп, мәңгілік мекенінде дамыл тауып жатқан аруақтардың мазасын алушылар азая түсер.

Кәрібай МҰСЫРМАН,

«Солтүстік Қазақстан».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp