
Екеуі де бала күндерінен тәртіп сақшысы болуды армандады. Арман тек алға жетелейтіні белгілі. Батылдық пен табындылықты бойына сіңірген, адалдық пен әділеттілікті ту етіп ұстауға тиіс мамандықтың иесі атануды мақсат тұтқан олар алғашқы қадамдарын Отан алдындағы әскери борышын өтеуден бастады. Ал одан кейін асыл арман өзінің соқпақ жолын салды. Бүгінгі таңда аға сержант Руслан Қыдырмин мен кіші сержант Илдар Жамалатдинов Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының жол-патрульдік полициясында қызмет етеді.
Осыдан 4 жыл бұрын басылымдарда “Кезекшілікте жүрген Петропавл қалалық ішкі істер бөлімінің патрульдік полициясы батальонының полицейі қызмет барысында нағыз ерлік танытты. Полиция аға сержанты кешкі уақытта мұз астына түсіп кеткен адамды құтқарып қалды”, – деген жаңалық жылт еткен еді. Жаңалықты көзіміз шалғандар іштей риза болдық, адамды құтқарған азаматқа жақсылық тіледік. Ал сол ержүрек азамат Руслан Қыдырмин еді.
Сол жолы Руслан Қыдырмин әдеттегідей түнгі кезекшілікте жүрген. Облыс орталығындағы Жеңіс саябағында орналасқан стационарлық “Модуль” бекетіне келіп, бекітілген аумақты тексеріп жүрген аға сержант жақын жердегі Есіл өзені жағынан көмекке шақырған дауысты естиді. “Құтқарыңдар” деген дауыс шыққан жаққа жанұшыра жүгірген Руслан Бауыржанұлы суға батып бара жатқан адамды көреді.
– Мен жардан өзен жағасына түсіп, ер адамға судан шығуға көмектестім, тоңып қалған жігітті “Модуль” бекетіне жеткізіп, оқиға орнына жедел медициналық көмек шақыртып, жедел басқару орталығының кезекшісіне хабарладым, – дейді тәртіп сақшысы. Не істеп, не қойғанын ешқандай әсірелеусіз қысқа қайырған Руслан Қыдырмин біреуді тура келген ажалдан құтқарып қалдым деп кеуде қақпайды. Ал ол құтқарған жігіт Алексей Трескин мұздай суық суда өмір үшін арпалысқан уақыттың ішінде көз алдынан бүкіл ғұмыры өтіп қана қоймай, адамдардың селқостығына да куә болған. Өзінің айтуынша, ол сол күні үйіне бара жатқан. Автобус жүрмеген соң жолды қысқартып, Есіл өзенінің үстімен туралай тартады. Өзеннің ортасына жеткенде мұз ойылып, суға түсіп кеткен ол жанұшырып жағада жүрген бірнеше адамды көмекке шақырады. Бірақ олар көмектесудің орнына мұның бәрін ұялы телефондарына түсірген. Бақытына орай оның жанайқайын естіп, жардан жүгіре түсіп келе жатқан тәртіп сақшысын көргенде “құтқарады” деген сенім оты жылт ете түскен. Адамның ойы жүйрік қой. Полицей жақындаған сайын үміт оты бойын жылытқандай болды. Өліммен арпалысып жатқанында мұздай судан алып шыққан полицей – ол үшін нағыз батыр.
Осы оқиғадан кейін төрт жылдай уақыт өтті. 2014 жылдың желтоқсан айында аға сержант Руслан Қыдырмин әріптесі, кіші сержант Илдар Жамалатдинов екеуі облыс орталығының шетін патрульдеуге шыққан еді. Он үш жылға жуық ішкі істер органдарында жұмыс істейтін Руслан Бауыржанұлы жас әріптесі Илдарға білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісетұғын. Үш жылдай бірге жұмыс істеп келе жатқан Руслан Қыдырмин мен Илдар Жамалатдинов қоғамдық тәртіпті сақтау үшін иық тіресе жүріп, талай қауіпті жағдайларды бастан өткерген болатын. Бұл жолғы кезекшіліктерінде де іштей барлық төтенше жағдайларға дайын еді. Содан да облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел басқару орталығы кезекшісінен Есіл өзенінің мұз айдынында орын алған жағдайды естігенде бірден сол жаққа бет алды.
– Менің өмірімде мұндай оқиға бірінші рет орын алған еді. Мұз ойылып кетіп, суға батып бара жатқан адамды көргенде еш нәрсе ойламай, тек құтқарып қалудың амалын жасайды екенсің. Әрі адамды құтқару біздің парызымыз ғой, – дейді кіші сержант Илдар Жамалатдинов.
Адам өмірін ажалдан арашалаған тәртіп сақшыларының бұл ерлігін Ішкі істер министрлігінің басшылығы жоғары бағалап, “Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін” төсбелгісімен марапаттаған.
Қалай десек те, өмір мен өлім беттескенде жүректілік танытқан қос азамат мақтауға да, мақтануға да лайық.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.