Облыс орталығындағы сауда орталықтары, колледждер мен кітапханада қосымша екпе егу пункттері ашылды. Өңір тұрғындарына ресейлік “Спутник-V” және отандық “QazVac” екпесі салынып жатыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Сайлауқызының айтуынша, емдеу мекемелері індетті жұқтыру фактілерін азайту мақсатында осындай қадамға барып отыр. Мәселен, №3 қалалық емхананың бригадасы сәуірдің 28-нен бастап “CITY MALL” сауда-ойын-сауық және Отбасылық денсаулық орталықтарында вакциналау жүргізуде. №1 қалалық емхананың қызметкерлері “Алтын Арман” базарында, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада және Спорт сарайында тұрғындарға екпе егуде. Жастар сарайы мен Халыққа қызмет көрсету орталығында №2 қалалық емхананың дәрігерлері жұмыс істеуде.
Ал “Денсаулық” жеке коммерциялық емес мекеме қосымша екпе егу пункттерін Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық және Петропавл құрылыс-экономикалық колледждерінде ашты.
“CITY MALL” сауда-ойын-сауық орталығындағы екпе егу пункті 21.00-ге дейін күнделікті, мерекелерге қарамай жұмыс істейді. Емханалардағы вакциналау да осы уақытқа дейін жүргізіледі. Ал қалған пункттер тұрғындарды сағат 18.00-ге дейін қабылдайды. Екпе емханаға тіркелмеген тұрғындарға, шетел азаматтарына да қойылады. Вакцинаны салдыртуға келген азаматтың қолында міндетті түрде жеке куәлігі болуы шарт.
Жалпы, облыс бойынша коронавирусқа қарсы екпе егудің 90 пункті жұмыс істесе, 28-і Петропавлда орналасқан.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.