
Бүгіндері елімізде білім саласына, ұстаздар қауымының қоғамдағы абырой-беделінің артуына, жас ұрпақтың елжанды, отансүйгіш болып қалыптасуына ерекше назар аударылуда. “Педагог мәртебесі туралы” Заңның қабылданғаны, осылайша болашақтың бағбандарын тәрбиелеп отырған ұлағатты жандардың еңбегіне берілген баға сөзіміздің дәлелі іспеттес. Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы саналатын “Soltústik Qazaqstan” газеті де алғашқы саны жарық көрген күннен бастап ел ертеңдерін үкілеп отырған мұғалімдерге, олардың атқарған жұмыстарына үнемі қолдау көрсетіп келеді. Бұл игі үрдіс алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Жуырда “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры Жарасбай Сүлейменов пен облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойып, ұстаздар қауымымен байланысымызды нығайта түсті.
Басылымның алғашқы саны жарық көрген күннен бастап тілшілер тарапынан білім беру ісіне қатысты мақалалар назардан тыс қалған емес. Шәкірт тәрбиелеуде озық ойлы тәлімгерлер мен жүзден жүйрік мектеп оқушылары да көпшілікке “Soltústіk Qazaqstan” арқылы таныла түсті десек, қателеспеспіз. Газет те ұзақ жылдар бойы ұстаздардың зор қолдауына ие болып, олардың бала тәрбиелеудегі сенімді серігіне айнала білді. “Ұстаздардың қоғам алдындағы міндеті мен жауапкершілігін тілмен айтып жеткізу қиын. Сіздер жас ұрпаққа білім мен тәрбие берумен ғана шектеліп отырған жоқсыздар. Сіздер болашақтың іргесін қалап жатырсыздар. Осы ретте еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұйытқы болуымен “Педагог мәртебесі туралы” Заңның қабылдануы сіздерге деген шынайы құрметтің көрінісі, сіздердің еңбектеріңізге берілген жоғары баға деп білеміз. Алда осы заң талаптарынан туындайтын ұлан-ғайыр міндеттер тұр. Сол істерден білім саласының қызметін насихаттауға әрдайым басымдық беретін біздің ұжым да шет қалмақ емес. Алдағы кезеңде сіздермен әріптестік қарым-қатынасымызға тың серпін бергіміз келеді”, – деді өз сөзінде газет басшысы Жарасбай Қабдоллаұлы. Алдағы уақытта басылым беттерінде жастарды кітап оқуға үгіттеу мақсатында түрлі айдарлар ашылып, сауатты ұрпақ тәрбиелеу ісі одан әрі жалғасын таппақ.
Гүлмира Райынбекқызы газет қашан да халықтың рухани серігі болып қала беретінін тілге тиек етіп, ұстаздар мен журналистер арасындағы байланыстың маңыздылығына тоқталды. “Бала кезімнен кітап, газет оқуға құштармын. Газеттің орнын қазіргі ғаламтор мен электронды ақпарат құралдары алмастыра алмайды. Өйткені, көркем жазу мен әдеби сөйлеуді, терең ойлауды біз оқу арқылы ғана үйрене аламыз. Сондықтан ұстаздар қауымы түгелдей газеттің кез келген бастамасын қолдауға әзір деп нық сеніммен айтамын”, – деген басқарма басшысы бүгінгі бәсекеге қабілетті ұрпақты тәрбиелеуде газет ұстаздар қауымының ең басты көмекшісі деп атап өтті.
Екіжақты меморандум негізінде облыстық білім басқармасы басылымның таралуына, оқырмандарының санының артуына атсалысуға, ал газет өз кезегінде ұстаздар мәртебесін арттыру, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, өнерге, еңбекке баулу мақсатымен танымдық айдарлар ашуға міндеттелді.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.