
Елбасының тапсырмасына орай бүгінгі таңда өңірлер арасында екіжақты байланыс орнап, іскерлік қарым-қатынас нығая түсті. Кеше Қызылжар өңіріне ресми сапармен Алматы облысының делегациясы келіп, әріптес боларлықтай әлеуетімізбен кеңінен танысты.
Өңір басшысы Ерік Сұлтанов Жетісу өңірінің жақсы-жайсаңдарын ерте келген Алматы облысының әкімі Амандық Баталовты Петропавл қаласының маңында орналасқан “Green Park” демалыс орнымен таныстырды. Өткен жылы ашылған демалыс нысаны қызылжарлықтардың сүйікті орнына айналған. Қысы-жазы демалушылардың көңілін тауып отырған “Green Park”-те болашақта амфитеатр ашылмақ. Жетісу жерінде де туризмді дамытуға басымдық беріліп отырғанын ескерсек, тәжірибе алмасуда бұл байланыстың мәні зор болып отыр. Бұдан кейін құрметті меймандар облыс орталығындағы Спорт сарайына келді. Қызылжарлықтар үшін бұл нысанның жөні бөлек. Талай жыл спортшыларымыз өзге өңірлерде жаттығып, қарапайым халық дене шынықтырар жайлы орын таба алмай қиналғаны ұмытыла қойған жоқ. Сол себепті, бүгінгі таңда күніне бір мыңнан астам адам шынығатын Спорт сарайының бос болған күні жоқ. Алматы облысының делегациясы жеңіл атлетикалық манежі мен мұз айдынында болып, солтүстікқазақстандық спортшылардың оқу-жаттығуымен танысты.
Осыдан кейін қос өңірдің басшылары мен кәсіпкерлерінің қатысуымен екіжақты кездесу өтті. Кездесуді ашқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов үстіміздегі жылы өңіріміз еліміздің барлық аймағына 39,0 млрд. теңгенің өнеркәсіптік өнімін жеткізгенін атап өтті. Ал басқа өңірлерден 39,9 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі сатып алынған. Өңірімізге келіп отырған Алматы облысына бізде өндірілетін өнеркәсіп өнімінің 3,9 пайызы жеткізіледі. Екі өңірдің арасында сауда айналымы болғанымен, өнеркәсіп кәсіпорындарында іскерлік байланыс орнатылмаған екен. Осы орайда өңір басшысы Ерік Хамзаұлы алдағы уақытта бұл олқылықтың орны толады, деген сенімін білдірді.
Қызылжар өңірінің құшақ жая қарсы алғанына ризашылығын білдірген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өзі басқарып отырған өңірдің әлеуетімен таныстырды. Еліміздегі қант тапшылығын жоюда өз үлестерін қосып отырғандығын тілге тиек еткен Амандық Баталов Алматының апортын өсіру жұмысын жандандырып жатқандарын да айтып өтті.
Бүгінде 20 мың гектар алма бағының екі мыңға жуығында апорт өсіріледі екен. Сондай-ақ, Жетісу өңірінің облысымызды отандық сапалы жеміс-жидекпен қамтамасыз ете аларлықтай әлеуеті де зор. Осы орайда, облыс әкімі Ерік Сұлтанов алдағы уақытта Ресейдің үш губерниясымен шектесіп жатқан өңірімізде көліктік-логистикалық орталық ашылатындығын айтты. Бұл жергілікті ғана емес, алматылық кәсіпкерлердің де Ресей нарығына шығуына жол ашады.
Кездесу барысында облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Жанат Сәдуақасов экономикалық әлеуетімізбен таныстыра келе, минералдық-шикізат кешенін игеруге инвесторлар тарту жұмысына кеңірек тоқталды. Себебі, өңіріміздің жер қойнауы сирек кездесетін және түрлі-түсті металдарға бай. Бүгінгі таңда 286 пайдалы қазба орны зерттелгенімен, оның 227-сі әлі игерілмеген екен. Әсіресе, алтын, қалайы, темір, көмір, кен орындарының беті ашылмаған.
Жанат Сәдуақасовтың алматылық әріптесі Маржан Мұраттың сөзіне сүйенсек, әйгілі “Жібек жолы” өтетін бес өңірдің бірі – Алматы облысы бүгінгі таңда әлемнің 108 елімен сауда байланысын орнатқан. 41 елге алматылық өнімдер жеткізілсе, 83 мемлекеттен импорттық тауар келетін көрінеді. Бүгінгі таңда Қызылжар өңіріне Алматы облысының 30 өнеркәсіп кәсіпорны өнімдерін тасымалдайды, ал бізден 40-тан астам өнім түрін сатып алады екен. Маржан Мұратқызы екі өңірдің кәсіпорындарының тығыз іскерлік байланыс орнатуына толық мүмкіндік бар, деген ойын жеткізді.
Сондай-ақ, кездесу барысында жергілікті “Сүт өнімдері” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Роза Сүлейменова мен Алматы облысының “Жақсылық” шаруа қожалығының басшысы Жақсылық Үшкемпіров атқарып отырған жұмыстарымен таныстырды.
Кездесу барысында қос өңірдің басшылары және түрлі салаға жауапты тұлғалар ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бойынша меморандумдарға қол қойды. Осыдан кейін өңір басшысы Ерік Сұлтанов пен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне кездесудің қорытындысын баяндады.
– Бүгінгі кездесу барысында Алматы облысы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және туризм саласында әлеуеті зор екендігіне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Алматы облысы өңірімізге жеміс-жидек жеткізіп қана қоймай, олардың Ресей нарығына шығуына зор мүмкіндік ашылып отыр. Бұл бағыттағы жұмысымыздың нәтижелі болуына көліктік-логистикалық орталықтың да қосар үлесі зор болмақ. Осы орайда мен тауар айналымы еселенетініне сенімдімін, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.
Ал Алматы облысының әкімі Амандық Баталов солтүстіктің ұнына және машина жасау өндірісіне қызығушылық танытып отырғандарын жасырмады.
– Біздің өңірде 2 миллион адам тұрады. Өңір халқын нанмен толыққанды қамтамасыз ету үшін бірқатар келісімдерге қол қойдық. Бұл келісімдер халық үшін жасалуда және оның жемісін көреміз деген сенімдемін, – деді Амандық Баталов.
Екі жақты байланысты нығайтатын басым бағыттар айқындалғаннан кейін өңіріміздің әлеуетін көрсету үшін бірқатар кәсіпорындардың бүгінгі жағдайы таныстырылды.
Сондай-ақ, делегация “Зенченко және К” командиттік серіктестігінің сүт зауыты мен “Казмясопродукт”, “ТНС-ЭКСПОРТ” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне де барып, олардың мүмкіншілігін бағамдады.
Осылайша, өнеркәсіп саласындағы әлеуетімізбен жіті танысқан алматылық делегация мәдени құндылығымызды да назардан тыс қалдырмады. Әуелі үш жүздің басын қосқан Абылай ханның резиденциясына барды.
Осы күні Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының мерейтойлық 130 маусымы ашылып, сахна шымылдығын театрландырылған концерттік бағдарламамен түрді.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.