«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕКІНШІ “БАЛАРМАН” АШЫЛДЫ

Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында Петропавл қаласында “Баларман-2” шағын орталығы бүлдіршіндерге есігін айқара ашты.

“Бүгінгі күні білім саласын дамыту – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының басым бағыттарының бірі. “Қазақстан – 2050” Стратегиясы мен “100 нақты қадам” Ұлт жоспары еліміздің әлеуметтік жаңғыртылуына бағытталған қуатты күш болмақ”, – деді балабақшаның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова.

“Баларман-2” шағын орталығы Петропавл қаласындағы №20 шағынауданда орналасқан. Ол 65 балғынның мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылуына жол ашып отыр. Бүлдіршіндер бір қазақ және екі орыс тобында тәрбиеленетін болады.

Жекеменшік білім беру мекемесінің директоры Балдырған Ілиясовтің айтуынша, аталмыш мекеме “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. Осы жоба облыс орталығында мектепке дейінгі білім беру нысандары санының артуына зор септігін тигізіп отыр. Шағын орталықтың ашылуы кәсіпкердің 20 адамды жұмыспен қамтуына мүмкіндік берген. “Сонымен қатар, материалдық-техникалық жағынан толық қамтамасыз етілген орталықта балғындарға қазақ, орыс тілдерімен бірге ерте жастан ағылшын тілін оқытуды және олардың ойша есептеу дағдыларын қалыптастыру технологиясын енгізуді жоспарлап отырмыз”, – дейді Балдырған Қамбарұлы.

Балалардың орталықта болу уақыты икемді кесте бойынша жүзеге аспақ. Ол үшін тәрбиешілер арасында кешкі сағат 18.00-ден кейін кезекшілік ұйымдастырылған.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp