«Береке» шағынауданы заманауи әлеуметтік инфрақұрылым орталығына айналып келеді. Мұнда арнайы білім ошағы, балабақша және спорт кешені жұмыс істейді. Енді бұл нысандардың қатарын 600 орындық жайлы мектеп толықтырады.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов шағынауданда салынып жатқан жайлы мектептің құрылыс алаңында болып, жұмыс барысын бақылады. Қазір қасбетті қаптау, ішкі инженерлік желілерді тарту, еденін құю жұмыстары жүргізілуде. Сыртқы инженерлік желілер дайын. Ал нысан алдағы оқу жылында қолданысқа беріліп, оқушылар кең, заманауи және ыңғайлы білім ордасында алаңсыз оқитын болады. Физика, химия, биология, информатика пәндері бойынша жаңа үлгідегі оқу кабинеттері, сондай-ақ STEM-зертхана, робототехника, интерактивті тақталар, шеберханалар және кең спорт залдары болады.
Осындай үлгідегі заманауи білім беру ошағы былтыр «Орман» шағынауданында пайдалануға берілді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».