«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕКІНШІ МҮМКІНДІК

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асыру жөніндегі “100 нақты қадам” атты Ұлт жоспарындағы тапсырмаларының бірі – бас бостандығынан айыру орнынан шыққандарға қоғамда өз орнын табуға көмектесу. Сонымен қатар еліміздің 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында бас бостандығынан айырумен байланысты емес қылмыстық жазаларды орындауға жауап беретін пробация қызметін құру туралы міндет қойылған болатын.

Қазіргі таңда Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау мақсатында көптеген шаралар жүзеге асырылуда.

“Пробация” – латын тілінен аударғанда “сынау” деген мағынаны білдіреді. Бостандығынан айырмайтын жазаға кесілген немесе мерзімінен бұрын босаған сотталушыны бақылап және тексеріп қана қоймай, оған еркін өмірге бейімделуге, жұмысқа орналасуына, білім алуына көмектесу – пробация қызметкерлерінің міндеті. Адам абайсызда жеңіл қылмыс жасағанымен, оны түрмеге отырғызбауға болады. Ол үшін қылмысқа барған адам сот міндеттеген шарттардың барлығын орындауы керек. Осылайша, байқаусызда сүрінген жандардың қайта тәрбиеленуіне мүмкіндік беріп, әлеуметтік мәселелері болса шешуге ықпал жасайды.

Пробация қызметінің мақсаты – адамдардың заңмен немесе сотпен белгіленген міндеттерін орындауларын бақылау арқылы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сотталғандарды түзелу жолына түсіру, қайта қылмыс жасаудың алдын алу, шартты түрде сотталғандардың жалпыға ортақ әлеуметтік, моральдық және құқықтық нормаларды сақтауы. Шартты түрде сотталғандарға әлеуметтікқұқықтық көмек көрсетудің негізгі бағыттары – білім алуына, кәсіп түрлерін игеруіне, жұмысқа орналасуына, емделуіне және құқықтық кеңестермен қамтамасыз етілуіне көмек көрсету. Себебі, бүгін де қылмыс жасап, өзін қоғамға қажетсіз сезініп, алдағы өмірінен үміт үзгендер аз емес.

Бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу мерзімі – пробация қызметі заңды күшіне енген сот үкімін, қаулысын орындауға қабылдаған күннен бастап олардың тұрғылықты жері бойынша жүзеге асады. Пробациялық бақылау мерзімі шартты түрде сотталған адамды пробация қызметінің есебіне қойған кезден бастап есептеледі. Сотталған азаматты есепке қою кезінде оның тұрғылықты жерін, денсаулық жағдайын, білім деңгейін және еңбекпен қамтылғандығын, сондай-ақ, оған ұсынылатын әлеуметтік-құқықтық көмектің көлемін айқындау үшін қажетті өзге де мәліметтерді анықтайды. Сотталғанға әлеуметтік-құқықтық көмек беру, оған қатысты пробациялық бақылауды жүзеге асыру және тоқтату тәртібі түсіндіріледі. Тіркелу үшін пробация қызметіне келу күндерін белгілейді. Сотталған адамға сот жүктеген міндеттерді орындау тәртібі және мәжбүрлі еңбекті істемегені, пробациялық бақылау шарттары мен тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылатындығы түсіндіріледі.

Шартты түрде сотталған адам міндеттерін орындамаған немесе тәртіп бұзушылықтарды қайталап жасаған жағдайда, сондай-ақ, пробациялық бақылаудан жасырынса, пробация қызметі сотқа шартты түрде соттаудың күшін жою және сот үкімімен тағайындалған жазаны орындау туралы, ал кәмелетке толмаған сотты болғанға қатысты пробациялық бақылау мерзімін бір жылдан аспайтын уақытқа ұзарту туралы ұсыныс енгізеді.

Пробацияның төрт түрі бар. Сотқа дейінгі, шартты-үкімдік, пенитенциарлық және постпенитенциарлық пробация түрлері кеңінен қолданылады. Оның біріншісі – еліміздегі құрылғалы жатқан жаңа институт – балалар омбудсмені. Бұл құрылым ақ пен қараны ажырата алмай қылмысқа барған жеткіншектердің құқығын қорғау барысында маңызды болмақ. Екіншісі, “Нельсон Мандела” ережесі. Бұл ереже қабылданғаннан кейін түрмелерде соңғы 60 жыл бойы қалыптасып қалған “тәртіптің” 80 пайызы қайта қаралды. Жаңартылған ереже сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеудің тәсілдерін өзгертті. Үшіншісі – әйелдер колониясының қызметкерлерін және колонияда жазасын өтеушілер арасында оқу-дәрістер өткізу. Төртіншісі – жасөспірімдерге арналған пробация қызметі. Әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын бұл қызмет шетелдерде бірнеше бағыттан тұратын үлкен жүйеге айналған. Әрине, елімізде пробация қызметінің құрылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Дегенмен, қоғамнан оқшауламай-ақ, қылмыстық жазаларды барынша кеңінен қолдануға жағдайлар туғызып отыр. Бұл – тура жолдан адасып, жазалы болған азаматтарға деген ізгілікке толы қамқорлық. Олар түзеліп, қоғамның бір бөлшегіне айналады деген берік сенім бар. Сотталушының кінәсі қанша жерден ауыр болса да, ол мемлекетіміздің азаматы деген аттан айырылмайды. Пробациялық бақылау – істі болғандарды жазалау емес, керісінше, оларды тәрбиелеу үшін қолданылатын қызмет.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің аумақтық пробация қызметтерінде бүгінгі күні 1284 сотталушы есепте тұр, олардың ішінде 882-сі пробациялық бақылауға алынған. Пробация қызметінің негізгі жұмыс бағыты есепте тұрған әр тұлғаға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету үшін жекеленген, дифференцияланған тәсілдеме қолдану болып табылады. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің аумақтық пробация қызметтерінің есебінде тұрған барлық тұлғаларға міндетті түрде қажеттілігіне байланысты әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіледі. Біздің департаменттегі пробация қызметкерлері есепке жаңадан қойылған әр құқық бұзушыға немесе бұрыннан есепте тұрғандармен жеке жұмыс істейді, дәлірек айтқанда, денсаулық жағдайын анықтай отырып, адамның жеке басын, оның білім деңгейін және еңбекпен қамтылғандығын, тұрғылықты жерінің бар-жоғын зерделейді, сондай-ақ, әлеуметтік-құқықтық көмектің көлемін айқындау үшін қажетті өзге де мәліметтерді анықтайды. Жыл бойы пробация қызметкерлері есепте тұрғандармен жоспарға сәйкес жұмыстар атқаруда.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің аумақтық пробация қызметтерінің жұмысы қоғамнан оқшаулаусыз сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету және бақылау орнатумен шектелмейді. Тұрақты негізде, аумақтық пробация қызметтерінің есептерінде тұрған тұлғалардың қатысуымен мәдени шаралар, спорттық сайыстар, ақпараттық-таныстыру кездесулері және тағы басқа шаралар өткізіледі.

Бөкенбай ЖҮСІПОВ,

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет полковнигі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp