«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕКІНШІ МҮМКІНДІК

Қазіргі таңда өңірімізде бес түзеу мекемесі бар. Онда 819 адам жазасын өтеп жатыр. 

Түзеу мекемесінің қызметкерлері жазасын өтеушілерді тәрбиелеу және тәртіпсіздіктің ал­дын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Тү­зеу мекемесінің бүгінгі таңдағы жұмысы мен ма­териалдық-техникалық жағдайын жақсарту, сотталғандарды еңбекпен қамтамту, жазасын өтеушілерді ұстау жағдайын халықаралық та­лаптарға сәйкестендіру мәселесі жиі талқы­ла­ну­да. Әсіресе, жазасын өтеушілердің білім алып, маман иесі атануына зор көңіл бөлінуде. Темір тордың ар жағында жүргендер арнайы ма­ман­дық игерсе, өздерін қоғамның толыққан­ды мүшесі ретінде сезініп, бостандыққа шық­қанда жұмыс табуға мүмкіндігі молаяды. 

Өңіріміздегі түзеу мекемелерінде Петро­павл кәсіптік колледжі, Солтүстік Қазақстан кә­сіптік дайындық және сервис колледжі құры­лыс-ұстасы, электр газымен дәнекерлеуші, тас қалаушы, сылақшы қаптаушы-плиташы, тігін­ші, слесарь-сантехник, шаштараз-модельер ма­мандықтары бойынша білім береді. 2019-2020 оқу жылында жоғарыда айтылған маман­дықтар бойынша 140 жазасын өтеуші білім алып жүр. Биыл ЕС-164/3, ЕС-164/6 мекемеле­рін­де “слесарь-сантехник”, “Шаштараз өнері және сәндік косметика”, “Шаштараз-модельер” сын­ды мамандықтар бойынша білім алуға жағ­дай жасалды. Жазасын өтеушілер бұл маман­дықтарды жоғары деңгейде игеру үшін дәріс сы­ныбы мен тәжірибелік шеберханалар жасақ­талып, қажетті әдебиеттер мен көрнекі құралдар алынды.
Ал жазасын өтеушілерге арналған дәріс сы­ныптары мен шеберханаларын жөндеп, ма­териалдық базаларын нығайтты. Оқытылатын мамандықтар бойынша оқу құралдары және тәжірибелік қондырғыларжа жеткілікті.
Тәрбие жұмысы арқылы сотталғандарға заң, еңбек талаптарын сақтауды қалыптасты­ру, білім беру және мәдени деңгейлерін арт­тыру, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге ба­ғытталған бағдарламаларға қатысуға ынта­лан­дыру көзделеді.
Өңіріміздегі түзеу мекемелерінде тәрбие бө­лімінің қызметкерлері тұрақты түрде әлеумет­тік-құқықтық, адамгершілік сипаттағы сабақтар өткізеді. Сотталғандар арасында тәрбие жұ­мы­сы олар мекемеге келген күннен баста­ла­ды. Алдымен олардың жеке басындағы оң қа­сиет­тері назарға алынады. Оны анықтау үшін де уақыт қажет. Себебі, адам бойындағы жақ­сы қасиетті анықтап, оны жетілдіру аса ма­ңызды.
Мәселен, ЕС-164/9 мекемесi сотталғандар­ды ұстауға арналған қоныс колониясы болып табылады. Бұл жерде сот, құқық қорғау және арнайы мемлекеттiк органдардың бұрынғы қызметкерлерiн өтейді. Бұл жердегілердің дені жоғары немесе орта-арнайы бiлiмі бар аза­маттар болғандықтан оларға адалдықты дәріп­теудің тың жолдарын қарастырамыз.
Бұл тұрғыда еңбек тәртіпке баулудың ең тиім­ді құралы екені анық. ЕС-164/9 мекемесiн­де сотталғандардың 98 пайызы Якорь ауыл­дық округiнде, Петропавл қаласындағы ны­сандар­да жұмысқа орналастырылды. Олар тұ­рақты түрде ай сайын еңбекақыларын алып, отбасы мен жақындарына да көмек көрсетеді. Жұмыс iстейтiндер еңбек демалысына да шы­ға алады. Сотталғандардың өтінішіне сәйкес тұр­ғылықты жері бойынша ұзақтығы 24 күнге дейiн дема­лыс беріледі. ЕС-164/9 мекемесiн­де жазасын өтеп жүргендердің 99 пайызы өзге өңірдің тұрғындары болғандықтан, бұл олар­дың адал еңбек етуге, тәртіпті бұзбауға ынталандырады.
Демалыс және мереке күндері түзеу меке­ме­сінің өнерпаздары түрлі концерттер ұйым­дастырады. Облыс мекемелеріне тәрбие жұ­мыстарын жүргізу үшін қалалық спорт және туризм, мәдениет және тілдерді дамыту бөлім­дерінің, Жастар ресурстық орталығының ма­ман­дары, Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының әртістері, діни мекемелердің өкілдері шақырылады. Өңіріміздің спортшыла­ры шеберлік сыныптарын өткізіп, өз тәжірибе­ле­рі­мен бөліседі. Сонымен қатар түрлі зият­керлік ойындар, көңілді тапқырлар клубы, бас­пасөз мәслихаттары, жарыстар және тағы да басқа танымдық-тағылымдық шаралар ұйым­дас­тырылады. Пробация қызметінің маман­да­ры сотталғандарды босату кезінде әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге бағытталған дәрістер мен әңгімелесулер өткізеді.

 

Сергей САУЛО,
облыстық қылмыстық-атқару жүйесі
департаментінің сотталғандардың еңбегін
ұйымдастыру тобының бас маманы,
әділет майоры

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp