Еліміз тәуелсіздігін алған ширек ғасырдың ішінде қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің сапына ену жолында талай белестерді бағындыруда. Осы жылдар ішінде облысымызда мақтануға тұрарлықтай іс-шаралар атқарылды. Өңірімізде елді мекендерді аббаттандыру, жаңарту, көркейту жұмыстары қолға алынып, жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, өндіріс нысандары іске қосылды. Жаңа жұмыс орындары ашылып, өңіріміз әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дами түсті. Дегенмен, Петропавл әуежайына қатысты мәселе соңғы уақытқа дейін шешілмеген күйі қала берген болатын.
Былтыр күн тәртібіндегі өзекті мәселенің де кезегі жетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауының арқасында бұл нысанды жаңғырту үшін Үкімет резервінен 7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Сағатына 200 жолаушы өткізе алатын ғимарат халықаралық деңгейдегі әуе қатынастарына лайықты құрал-жабдықтармен жарақтандырылды. Қолданыстағы ұшу-қону жолағының жамылғысы 10 сантиметрлік асфальтбетонмен қапталса, жолақ 2800 метрге дейін ұзартылып, ені 45 метрге кеңейтілді. Сондай-ақ, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жарық дыбыс беру қондырғысы орнатылып, жаңа апаттық құтқару стансасы салынды. Әуежайдың жаңаруы облысымыз үшін маңызды оқиға болғаны сөзсіз. Өткен жылдың желтоқсан айында әуежайдың жолаушыларға арналған жаңа терминалының тұсауы кесілгенде алдағы уақытта рейстердің саны артып, Еуропа елдеріне де қатынау мүмкіндігі туатыны айтылған.
Әуежайдың директоры Мұрат Жұманжанұлының айтуынша, бюджет қаражатының бір бөлігі жұмысшыларға еңбекақы төлеуге, жобалау-сметалық құжаттамаларды жасауға және қажетті заманауи құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсалған.
– Біздің мақсатымыз – Петропавл әуежайын “халықаралық” деген атына сай, инфрақұрылымы дамыған, әлемдік стандарттарға толық жауап беретін әуе нысандарының біріне айналдыру. Көздеген мақсатымыздың өміршеңдігіне кәміл сенімдіміз. Атқарылған жөндеу жұмыстарынан кейін әуежай “Боинг”-767-200/300, “Боинг”-757-200/300 сияқты ірі әуе кемелерін қабылдау мүмкіндігіне ие болды. Алдағы уақытта ИКАО ІІІ дәрежелі сертификатын қайтарып алып, еліміздегі өзге ұшу алаңдарымен тереземіз тең келетін күнге жету үшін тынбай еңбектенетін боламыз, – дейді Мұрат Жұманжанұлы. Жолаушылар үшін Алматы, Астана қалаларына аптасына екі рет қатынайтын рейс ашылды. Билеттердің бағасы бәсекелестік тудырарлықтай. Себебі, кейбір қалалардағы билеттерден анағұрлым арзан. Әуе кемелеріне қызмет көрсететін техникалық құрылғылар мен әуежайдың инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру көзделіп отыр.
– Алдағы уақытта қаламызға Еуропа мен Азияның әуекомпанияларын серіктестікке тарту жұмыстары жалғасын табатын болады. Бұл әуежайдың бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі әрі жолаушылар санын өсіруге мүмкіндік туғызбақшы. «Бір атап өтерлігі, облысымыздың үстінен алыс та жақын шетелдерге көптеген әуе жолдары өтетіндігін көпшілік білмес. Яғни, халықаралық мәртебесі бар, географиялық жағынан қолайлы жерге орналасқан әуежайдың әуе кеңістігі бағытындағы жұмысын кеңейтудің мүмкіншілігі зор. Біз бұл мүмкіндіктерді жүзеге асыруымыз қажет. Клиенттік базалар мен рейстерді ұлғайту жөніндегі іс-шаралардың жүйелі жүргізу мақсатында алдағы уақытта Петропавл әуежайында “Air Astanа”, “Bek Air” және “Scat” әуе компаниялары сияқты таяу және алыс шетелдердің қалаларына жолаушылар тасымалдау рейстері ашылатын болады. Бұл компанияларға көрсетілетін қызметтерден түсетін қаржы әуежайдың мүмкіндігін арттыруға мүмкіндік береді, – дейді Мұрат Жұманжанұлы.
Әуежайдың тарихы туралы жолаушыларды тасымалдау қызметі бөлімінің жетекшісі Анатолий Моложенко жақсы біледі екен. Бөлім жетекшісі – әуежайдың ашылған күнінен бастап еңбек етіп келе жатқан мамандардың бірі. Яғни, маңызды нысанның дәуірі дүркіреп тұрған кезін де, аумалы төкпелі тоқсаныншы жылдарындағы мүшкіл жағдайын да көзімен көріп, оқиғаның бел ортасында жүрген азамат. Қатардағы қызметкерден бөлім жетекшісі лауазымына дейін көтерілген Анатолий Николаевич біздің өтінішімізді жерге тастаған жоқ.
– Мен әрдайым авиациямен әуестенетінмін, себебі, қызықты, үнемі өзгеріп әрі дамып тұратын қызмет салаларының бірі ғой. Сол әуестігімнің арқасында жас маман ретінде 1978 жылы әуежайға жұмысқа орналастым. Әрине, еңбек жолымды қарапайым инженер болып бастап, жұрт қатарлы еңбек еттім. Ол кезде барлық жастар пайдалануға берілгеніне төрт-ақ жыл болған нысанда қызмет етуге ынталы болды. Иә, әртүрлі қалалардан ұшып келетін ұшақтарды қондырып, жолаушыларды күткен әуежайдың өзіне ғана тән тарихы бар. Мен сол тарихтың бір бөлігі болғаным үшін тағдырыма алғысымды айтамын, – деп өткен күнді есіне алған білікті маман.
Иә, тоқсаныншы жылдары жабылып қалуға жақын қалған әуежайдың мемлекет қолдауының арқасында екінші тынысы ашылды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.