«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕКІ ДОДА — БІР МАҚСАТ

Петропавл қаласындағы бейнелеу өнері мұражайында маусымның 20-24-і аралығында жемқорлықтың алдын алуға байланысты суреттер көрмесі ұйымдастырылды. Шара аясында орыс және қазақ тілінде 9-11-сынып оқушылары арасында “Мемлекеттік қызмет – елдің мүддесіне адал еңбек” атты шығармалар сайысы өтті.

Сонымен қатар, 5-8-сынып оқушылары “Адал еңбектің бейнесі” атты суреттер конкурсына қатысуға мүмкіндік алып, жеңімпаздар анықталды. Озық ойлы оқушылардың басын біріктірген екі доданың мақсаты бір. Ол – жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жоспарлы жұмыстарды мектеп оқушыларының арасында өткізіп, жас ұрпаққа тәлімді тәрбие беру.

Қаламы қарымды оқушылар арасынан ерекше талантымен суырылып алға шыққан №26 орта мектептің 11-сынып оқушысы Рада Күдебаева бірінші орынды иеленді. Өз ойын орыс тілінде ақ қағазға шебер түсіре білген аталмыш мекеменің 10-сынып оқушысы Мәдина Меңдібаеваның да еңбегі елеусіз қалмай, ол да бірінші орынға лайық деп танылды.

Ал қылқалам шеберлері арасында өткен сайыста бірінші орын №8 мектептің оқушысы Наталья Бондаренкоға бұйырды. Жеңімпаздар дипломмен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруды біз жастарға мектеп қабырғасынан үйретуіміз керек. Бүгінгідей шараның осы бағытта тигізер ықпалы зор, – дейді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp