Облысымызда Қазақстан Республикасының азаматы бола тұра шет-елдердің де азаматтығын иеленіп жүргендердің бары анықталды.
Атап айтқанда, облыстық ұлттық кәсіпкерлер палатасының, қаланың режімдік кәсіпорнының жауапты қызметкерлері, министрліктердің бірінің комитет басшысы, сондай-ақ, шағын және орта бизнес өкілдері осындай өрескелдікке жол берген.
Қазақстан Республикасының заңнамаларына нұқсан келтіргендер заң жолымен жауапкершілікке тартылды, ал кейбір жекелеген адамдар Қазақстан азаматтығынан айрылып, әкімшілік айыппұл төледі.
«Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабы 5-тармағына сәйкес егер адам басқа елдің азаматтығын алатын болса, оның Қазақстанның азаматтығынан айрылуы ішкі істер органдарында тіркелуге тиіс. Егер ондай адам Қазақстан Республикасының азаматтығынан айрылғаннан кейін де біздің еліміздің құжаттарын пайдалануын жалғастыра беретін болса, оған Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 496-бабына сәйкес 100-ден 300-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айып салынатын жаза қолданылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылады (2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 1 айлық есептік көрсеткіш – 1982 теңге).
Облыстық ішкі істер департаментінің көші-қон полициясы басқармасы.