Кеше Петропавл қаласындағы көпқабатты тұрғын үйдің бірінде өрт шықты.
Төтенше жағдай Букетов көшесінің бойында орналасқан бес қабатты тұрғын үйдің подъезінде орын алды. №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы оқиға орнына жеткенде қою түтін жоғары қабаттарға жайылып үлгеріпті. Бесінші қабаттағы пәтердің балконынан айқайлап, көмек сұраған отбасыны көрген өртсөндірушілер бірден құтқару амалдарына көшті. Үйдің тар ауласында тұрған көліктердің көптігінен автосатыны қоюға мүмкіндік болмады. Осылайша, газ-түтіннен қорғау қызметінің құтқарушылары көк түтінге толы подъездің ішімен жоғары көтерілді. Пәтерге кірген бөлім қызметкерлері ерлі-зайыпты мен 6 жасар баланы далаға шығарып, дәрігерлердің қарауына тапсырды. Оқиға орнынан 25 адам қауіпсіз жерге шығарылса, оның үшеуі – бала. Бұдан кейін тілсіз жау ауыздықталды.
Өрттің шығуына подъездің үшінші және төртінші қабаттарындағы электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болды.