«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕКІ КЕЗЕҢДІ ХАЛЫҚ САНАҒЫ

Елімізде үстіміздегі жылы ұлттық халық санағы екі кезеңмен өтеді. 1-30 маусым аралығындағы бірінші кезеңде жауапты қызметкерлер үй-үйді аралап тіркейді. Облыстық статистика департаменті науқанға дайындықты бастап кетті. Қазіргі уақытта әкімшілік-аумақтық бірліктердің тізбесін және шекараларын нақтылау, көше атаулары мен үй, пәтер нөмірлерін ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыстық статистика департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, негізгі – екінші кезеңі қазан айына жоспарланған. Бұл уақытта адамдардың саны, ұлты, ұстанатын діні, әлеуметтік жағдайы, яғни айлық табысы туралы ақпарат алынады.

– ТМД елдерінде ұлттық халық санағы әр он жыл сайын өтеді. Бұл маңызды науқанда халық санын ғана емес, елдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткішін аламыз. 2009 жылы өткен санақтан ерекшелігі – биыл оның электронды түрде өтуі. Мәлімет планшетке енгізіліп, бірден Нұр-Сұлтан қаласына жіберіледі, – дейді облыстық статистика департаменті басшысының орынбасары Қуанышбек Қалижанов.
Бұл іс-шараға бір мыңнан астам адам тартылады. Оларға толтырылған сауалнама санына қарай еңбекақы төленеді. Санақ жүргізетін мамандар планшеттермен қамтылады.
– Биыл халық санағы екі тәсілмен жүргізіледі. Оның бірі сауалнаманы өздігінен толтыру. Ол үшін арнайы Sanaq-2020» интернет-порталы ашылады. Ол тәулік бойы жұмыс істейді. Өте ыңғайлы тәсіл, тұрғын ыңғайлы уақытта ЖСН енгізу арқылы өзі және отбасы мүшелері туралы мәлімет енгізеді. Бұл, біріншіден, санақты жедел жүргізуге, екіншіден қателікке жол бермеуге мүмкіндік туғызады. Ал екінші тәсілінде арнайы дайындықтан өткен интервьюер үйлерді, пәтер-пәтерді аралап, тұрғынның айтуына сүйене отырып, мәлімет жинайды, – дейі Қуанышбек Қалижанов. Соңғы рет мұндай санақ 2009 жылы өтті. Статистика департаменінің мәліметінше, сол кезде облыста 596 535 адам тұрған.


Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ. 

Сурет https://top-news.kz/ сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp