
“Даму” қоры мен “Казкоммерцбанк” акционерлік қоғамы бірлесе жүзеге асырып жүрген “Жұлдыздарға қара!” жобасы бойынша кәсіпкерлігін жандандыруға көмек сұраған тағы екі мүмкіндігі шектеулі солтүстікқазақстандықтың өтініші мақұлданды.
Өткен жылы бұл жоба екі кезеңде ұйымдастырылды. Жыл соңы қорытындыланған екінші кезеңде жерлестеріміз Татьяна Баньковская мен Нуриман Вильданов банктің тағайындаған қайтарымсыз грантына қол жеткізіп, ол қаржыға сатып алынған бұйымдар “Даму” қоры филиалының кеңсесінде салтанатты түрде тиісті иелеріне табыс етілді. Ғ. Мүсірепов атындағы ауданда өзінің массаж кабинетін ашқан Татьяна Баньковскаяға қажетті құрал-жабдықтар сатып әперілсе, омарташылықпен айналысатын петропавлдық Нуриман Вильданов аналық араларды көбейтіп алды.
Аталмыш жоба бойынша өткен жылы қазылар алқасы екі кезеңде 18 өтінішті сараптады. Соңғы нүктесі Алматы қаласындағы “Казкоммерцбанк” акционерлік қоғамының бас кеңсесінде қойылатын жоба бойынша біздің бес жерлесімізге қаржылай көмек көрсету ұйғарылды. “Даму” қоры мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер мен банк арасындағы дәнекерші, ұйымдастырушы болып табылады.
Гүлмира ЖАҚЫПОВА,
“Даму” қоры облыстық филиалының менеджері.
СУРЕТТЕ: Т. Баньковскаяға сертификат табыс етілуде.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.