Бүгін Білім және ғылым министрі Күляш Шамшидинова және Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар бағдарламасы тығыз.
Қазір министрлер Оқушылар сарайында петропавлдықтармен кездесу өткізіп жатыр. Одан кейін Елжан Біртанов Аққайың ауданына барып, Смирноводағы аудандық емхананың жұмысымен танысып, медицина қызметкерлерімен жиын өткізеді.
Ал Күләш Шамшидинова облыс орталығындағы бірқатар оқу орындарына барады. Министрді Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың ұжымдары күтіп отыр. Министр сондай-ақ, Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың студенттер жатақханасын аралап көрмекші. Облыстық әкімдікте өтетін селекторлық режімдегі кеңесте министрдің қатысуымен «Серпін -2050» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланады.