«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕКІ ОТАНДАСЫМЫЗДАН АУРУ АНЫҚТАЛДЫ

Өңірімізде қауіпті індет жұқтырған тағы екі науқас анықталды. Олар – Лондоннан келген отандастарымыз. Жалпы, облыста коронавирус инфекциясы бойынша 28 адам тіркеуде тұр. Соның үшеуі емделіп, ауруханадан шығарылды.

Жақында арнайы рейспен Петропавл халықаралық әуежайына Лондоннан 100-ге тарта отандасымыз жеткізілді. Солардың ішінде екі жолаушыдан ауру анықталды. Канадада оқитын жиырма жастағы бойжеткеннің бірі қауіпті індетке шалдықса, ауру жұқтырған екінші науқастың жасы 40-та. Ол еліміздің өзге өңірлерінің бірінде тұрады. Коронавирус инфекциясына жүргізілген зертханалық сараптама қорытындысы нәтижесінде олар №1 қалалық аурухананың инфекциялық бөлімшесіне жатқызылды. Екі науқастың денсаулығы қанағаттанарлық жағдайда екенін брифинг барысында жеткізген облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев қазіргі таңда жұқпалы індетпен сырқаттанған науқастармен байланыста болған 93 адам анықталғанын айтты. Жақын байланыста болған 20 адам бар. Олар Петропавл қаласында карантиндік стационарға жатқызылып, он төрт күн бақылауда болады.
Ал Лондон-Петропавл бағыты бойынша келген өзге жолаушылар өз өңірлеріне аттанады. Жолаушыларды жеткізуде көлікпен қамтамасыз ету мәселесі шешіліп, барлық он үш қала бойынша келісім жүргізілді. Аталмыш рейстегі жолаушылардың дені студенттер. Басым көпшілігі «Болашақ» бағдарламасының стипендианттары екенін атап өткен жөн.
Брифинг барысында елден шығарылатын азаматтарды Ұлыбритания санитарлық тексерістен өткізбейтіні айтылды. Сондықтан еліміздің бас санитарының қаулысы бойынша Қазақстанға оралған отандастарымызды медициналық тексеруден өткізу міндет.
– Барлық санитарлық-эпидемиологиялық шаралар қатаң режімде сақталуда. Өңір тұрғындарының қауіпсіздігі қамтамасыз етілуде. Барлық жолаушылар оқшауланды. Шетелген келген отандастарымыз бен олармен байланыста болған жақын адамдар орналасқан қонақүйде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар орындалуда. Қазір конақүй қызметкерлері жұмыс істемейді. Оларға медициналық қызмет көмек көрсетуде. Күзет қызметін полиция қамтамасыз етуде, – деді Руслан Қанатханұлы.
Қазіргі таңда өңірде коронавирус инфекциясынан жазылып шыққан науқастар үйге шығарылуда. Сәуірдің 16-сы күні инфекциялық стационардан 36 және 55 жастағы екі әйел адам үйлеріне оралды. Қайта жүргізілген зертханалық тексеріс нәтижесінде олардан қауіпті індет табылмады. Сонымен біздің өңірімізде аурудан айыққан үш науқас бар. Жақында инфекциялық стационардан жұқпалы індеттен сауыққан өзге де науқастарды үйге шығару көзделуде.

Сурет: https://www.rbc.ru/
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp