“Зумрад” корпорациясының, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және “Қазақстанның отбасылық бизнесі” қауымдастығының ұйымдастыруымен 18 бен 29 жас аралығындағы жастар кәсіпкерлігін қолдау мақсатында “Бизнес-сілкініс” республикалық байқауы жарияланған болатын. Оның өңірлік кезеңіне түскен материалдарды 20 қазан күні Петропавлға арнайы келген сараптама кеңесі кәсіпкерлердің қатысуымен талқылаудан өткізіп, екі жобаны үздік деп таныды.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы басшыларының айтуына қарағанда, өңірлік байқауға 17 кәсіпкерден 18 жоба түскен екен. Бірақ сараптама кеңесіне солардың 14-і ғана келіп, өз жобаларын қорғапты. Солардың ішінен екеуі республикалық деңгейде облыс намысын қорғауға лайықты деп танылып отыр.
Үздік жоба авторларының біреуі – Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ветеринария бөлімінің ғылыми қызметкері Регина Махметова. Ол “Ұрықтарды трансплантациялау әдісін пайдалану арқылы ірі қара малдың асыл тұқымын көбейту” инновациялық жобасын сараптама кеңесінің талқылауына ұсынды. Жиырма сегіз жастағы ғалым М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ді биология мамандығы бойынша 2007 жылы аяқтап, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехника университетінің магистратурасын тамамдаған, Германия мен Ресейде арнайы сынақтан өткен. Өңірлік “Үздік инновациялық жоба” байқауында “Мал шаруашылығында “Байкал ЭМ-1” препаратын қолдану” тақырыбы бойынша жеңіске жетіп, облыс әкімінің дипломымен марапатталған. Аталмыш ғылыми еңбектің авторы бұл жобаны жүзеге асыру қысқа мерзімде асылтұқымды қара мал басын көбейтуге, ет пен сүт өнімдерін арттыруға мүмкіндік береді деп есептейді.
Байқаудың ақтық сынына жолдама алған екінші жобаның иесі – Жамбыл ауданының 27 жасар кәсіпкері Амангелді Елеукин. Жоба “Көкөністерді жыл бойы өсіру” деп аталады. Байқаудың жеңімпаздарына берілетін қаражат кәсіпкерге жылыжайға арналған құрал-жабдықтар сатып алу, жылыту жүйелерін орнату, көкөніс өсіруге бағбан мамандарды тарту үшін қажет. Амангелді өз бизнесін аудан орталығында жүзеге асырғысы келеді.
– Аудан тұрғындарын жыл бойы жоғары сапалы, бәсекеге қабілетті өнімдермен қамтамасыз етуді мақсат етіп отырмын. Бұл салада аудан аумағында, әзірше бізге бәсекелес болатын кәсіпорын жоқ, – дейді ауылдан шыққан кәсіпкер.
“Бизнес-сілкініс” байқауының ақтық сыны қараша айының 15-і мен 20-сы аралығында Алматы қаласында өтеді. Осы күндері өңірлік үздік жобаның авторлары шеберлік сыныптары, интерактив, Қазақстанның және жақын шетелдердің жаттықтырушыларымен network кіретін апталық сынақтан өтіп, тәжірибелі мамандардан қажетті ақыл-кеңестер алады және сараптамалық қолдау табады. Үздік жобалар байқауының көрмесі мен жеңімпаздарды ресми марапаттау 21 қарашаға белгіленген. Үш басты жүлденің гранты – 5,5 млн., 2,7 млн. және 1,3 млн. теңге.
Облыс намысын қорғайтын жерлестерімізге оңтүстік астанада жеңіс тілейміз!
Сағынгүл СӘКЕНОВА,
кәсіпкерлер палатасының
баспасөз хатшысы.