Кеше Петропавл қаласында “Нұрлы Жол – жаңа мүмкіндіктер” атты облыстық форумның екінші бөлімі ұйымдастырылды. Әр салада жемісті еңбек етіп жүрген білімді, білікті, өз ісінің шебері атанған қыз-келіншектердің басын қосқан жиын “Бірлік арқылы келісім” тақырыбы аясында өрбіді.
Жиынды жүргізген облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиева әйел ананың бүгінгі қоғамдағы рөлі, қол жеткізген жетістіктері жайында айтты.
Президент сайлауын өткізудің маңыздылығын айтып, мән-мағынасына тоқталып өткен Бақытжан Мағжанқызы Елбасы саясатының кемел келешекпен ұштасып жатқандығын тілге тиек етті.
Форумға қатысушылар атынан сөз алған “әл-Фараби” мектеп-лицейінің мұғалімі, көпбалалы ана Алтынай Белгібаева Үкіметтің қамқорлығына, Елбасының ана мен балаға деген ізгі-ниетіне дән риза екендігін жеткізді.
– Ана болған соң балаларды мейірім шуағына бөлегің келеді ғой. Осындай оймен жұбайыммен ақылдаса келе, екі баланы қамқорлығымызға алдық. Бұл сауапты істің алда әлі жалғасы болады деп үміттенеміз. Мемлекет жағынан да тиісті көмек беріліп тұрады. Барлығына көңіліміз толады. Өз басым Елбасының сайлауын қолдаймын. Тыныштық пен бейбітшілік орнаған жерімізде балаларымызды аман-есен өсіріп отырған жайымыз бар, – деді барлық аналар атынан тілек-ниетін жеткізген Алтынай Жамалиқызы.
Елбасымен бірге екендерін дәттеп, өз таңдауын білдірген белсенді әйелдер Отанымызды көркейтуге бағытталған ұсыныстың қаншалықты құнды екендігін айтып, өз ойларын ортаға салды.
Облыстық форумның екінші бөліміне жиналған қонақтар Елбасының еңбектері қойылған көрмені тамашалады.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.