“Нұр Отан” партиясының кезекті XVI съезінің шешімдері, Елбасымыздың осы саяси ұйымның таңдаулылары алдында сөйлеген сөзі солтүстікқазақстандықтарды да тың ізденістерге, жаңа биік белестерге жігерлендіруде. Редакциямызға келіп түсіп жатқан хаттардан да осыны аңғаруға болады.
МАШИНА ЖАСАУШЫЛАР
ҚОЛДАУЫ
Алдыңгүні “ПАМЖЗ” АҚ-да “Нұр Отан” партиясы ХVІ съезінің ұсынысына байланысты актив жиналысы өтті. Аталмыш шараға “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиналысты ашқан “ПАМЖЗ” АҚ-ның бас директоры Қуаныш Бишімов:
– Бұған дейін біздің ұжым атынан Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа хат жолдап, елдің тыныштығы мен тұтастығын, экономикасының тұрақтылығы мен дамуын сақтап қалу үшін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өткізілуін қолдайтындығымызды білдірген болатынбыз. Зауыттың қиын-қыстау күндерінде Елбасы бізде екі рет болып, өндіріс орнының банкроттыққа ұшырамауына, мемлекеттік тапсырыспен қамтылуына қомақты үлес қосты. Елбасының “Нұрлы Жолы” – бізді болашаққа бастайтын сара жол. Биыл 8-9 млрд. теңге көлемінде тапсырыс орындасақ деген ниетіміз бар. Оған зауыттықтардың мүмкіндігі зор. 26 сәуір күні өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына еңбек ұжымының 100 пайыз қатысатындығына сенімім мол, – деді.
“Нұр Отан” партиясының ХVІ съезіне қатысып келген облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов делегаттардың алдағы сайлауға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кандидатурасын бірауыздан ұсынғандығын, Президенттің саяси бағыты болашаққа бағытталғандығын, стратегиялық бағдарлама бүге-шігесіне дейін ойластырылғандығын және іс жүзінде жүзеге асырылатындығын атап айтып:
– Біз, қазақстандықтар, өз Президентіміздің басшылығымен бүкіл әлемнің алдында кең-байтақ елімізді экономикасы қалыпты дамыған және саяси жағынан тұрақты мемлекет ретінде мойындаттық. Біздің халқымыз бүкіл дүниежүзі үшін қиын кезеңде Тұңғыш Президентіміздің тізгінді нық ұстауы қай кездегіден де маңызды екенін жақсы түсінеді. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кандидатурасын съездің барлық делегаттары қолдады, – деді.
“Нұр Отан” партиясы бастауыш ұйымының төрағасы Владимир Зарубин еңбек ұжымының Үндеуін оқып берді. Онда: “Қазір біз индустриялық-инновациялық жоспарларды нәтижелі жүзеге асыратын, дүниежүзінің жетекші экономикасымен арадағы технологиялық алшақтықты еңсеретін үшінші өнеркәсіптік революцияның қарсаңында тұрмыз. Индустрияландыру бағдарламасының бірінші бесжылдығында ғана Қазақстан картасында 700 кәсіпорын пайда болды, дайын отандық өнімнің экспорты 4 млрд. АҚШ долларына жетті. Сондықтан алдағы алар асуымыз белгілі. Біз Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Президентіне кандидат етіп ұсыну туралы съезд шешімін толығымен қолдаймыз”, – делінген.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
СЕНІМ ЖӘНЕ
СЕРПІН
Нұротандықтардың қатарына қабылданған уақыттан бері партияның 5 съезіне қатыстым. Олардың әрқайсысында партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің өсіп-өркендеуі жолында жергілікті жерлерде атқарар жұмыстарымызды айқындап отырды. Бұл жолғы съезд ел халқы үшін айрықша болды деп ойлаймын. Оның басты жетістіктері – 30 елдің қатарына енуге қол жеткізу жолында бес институттық реформаның жария етілуі және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттікке үміткер болуға келісімін беруі.
Нұрсұлтан Назарбаев “Нұр Отан” партиясының съезінде сөйлеген сөзінде елді жаңа деңгейге көтеретін мемлекеттік қызметтегі, сот жүйесіндегі, экономикадағы индустрияландыру, өндірісті әртараптандыру саласындағы реформаларды белгілеп қойды. Бұған қазақстандықтардың бір-біріне деген толеранттылығы да септесері анық.
Мемлекет басшысы қызмет көрсету саласын жетілдірудің және туризмді дамытудың бағдарламасын қабылдаудың маңыздылығын да атап көрсетті. Биыл туризмді дамыту аясында өңірімізде де бірқатар шаралар жоспарланған. Мәселен, “Қымызинвест” шарасында елді мекен тұрғындары белсенділік танытатын болады. Бұл мейрам ауылдардың әлеуетін дамытуға серпін берумен қатар, өңіріміздегі туризмді дамыта түседі деген сенімдеміз.
Тәуелсіздік алғалы қол жеткізген жетістіктеріміздің барлығы елімен етене Елбасының есімімен тікелей байланысты. Ол – барлық реформалар мен жетістіктердің авторы. Өзім кәсіпкер ретінде жаһандық экономикалық және саяси құрылымдарындағы өзгерістерге байланысты ел экономикасындағы оң өзгерістерді ерекше сезініп келемін. Елдегі тұрақтылықтың арқасында шағын және орта бизнестің өкілдері жеңілдікпен несие алу арқылы өз кәсіпорындарын дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашып, мемлекеттік қолдаудың шарапатын көруде.
Съезде партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ел Президентіне кандидат ретінде бірауыздан ұсынылды. Нұротандықтардың шешімін ел тұрғындары да жаппай қолдап отырғаны да қуанарлық жай.
Сайран ХАМЗИН,
“РИЭЛТ-СЕРВИС” компаниялар тобының бас директоры,
Петропавл қалалық мәслихатының депутаты.
ОБЛЫСТЫҚ ШТАБТЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ
Кеше “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Онда Қазақстан Республикасының Президентігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевты қолдау жөніндегі Солтүстік Қазақстан облыстық штабының таныстырылымы өтті.
“Үстіміздегі жылдың 11 наурыз күні “Нұр Отан” партиясының ХVI съезі өтіп, онда Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы 26 сәуір күні өтетін сайлауда Қазақстан Республикасының Президенттігіне бірауыздан кандидат болып ұсынылды. Республика Президенттігіне кандидатты қолдаудың қоғамдық штабын Мұхтар Құл-Мұхаммед басқарады. Оның құрамына саяси, сайлау науқандарын өткізуде мол тәжірибесі бар, Мемлекет басшысының сындарлы саясатын жан-жақты қолдайтын елімізге белгілі азаматтар, партияның белсенді мүшелері кірді”, – деді “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов.
Республика Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевты қолдау жөніндегі облыстық штабтың жетекшісі болып “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов тағайындалды.
Таныстырылымда облыстық штабтың алдағы уақытта атқаратын жұмыстарының ауқымы айтылды. Олар негізінен Президенттікке кандидатты қолдаудың қалалық және аудандық штабтарының жұмыстарын үйлестіреді, сайлаушылар арасында түсінік және насихат іс-шараларын жүргізеді, сенім көрсетілген адамдардың қызметтеріне бағыт-бағдар береді.
Облыстық штаб “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы ғимаратында орналасқан.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.