Бұрнағы күні Қазақстан Республикасы, Беларусь және Ресей Федерациясының мемлекет басшылары елордамыз Астанада Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойды. Бұл өзі көптің көкейінде жүрген орайы түскен маңызды шешім болды деп ойлаймын. Өткен кеңестік кезеңде қазіргі ТМД құрамындағы елдердің бәрі ортақ экономика аумағында біршама табысты жұмыс жасағанын білеміз. Енді, міне, жеке-жеке түйе айдамай, экономикалық байланыстарды қалпына келтіріп, жаңа дәуір талабындағы интеграциялық ынтымақтастық жолына түсер кез жетті. Осы мақсатта жарғақ құлағы жастыққа тимей, өзі бастамашысы болған Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына сүбелі үлес қосқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі жанды деп есептейміз.
Өз басым “С.М. Киров атындағы зауыт” АҚ-ның шығарып жатқан осызаманғы озық технологиялы электрондық жабдықтары мен аспаптары еліміз бен Қытайдың ғана емес, Ресей және Беларусь елдерінің нарығында да сұраныс табатынына сенемін. Өндірісін индустриялық-инновациялық даму жолына түсірген бұл кәсіпорынның өзінің жаңа өнімдерімен соңғы жылдары айрықша көзге түсіп жүргені белгілі. Ал оның жаңа одақ көлемінде одан әрі жетіліп, өркендей түсері сөзсіз.
Мені көптен бері толғандырып жүрген бір жай – өңіріміздегі инженерлік және техникалық кадрлардың тапшылығы. Одақ аумағында жұмыс бастағанымызда алдымен осы мәселені реттеп алғанымыз жөн. Жаңаша тыныс алған кәсіпорындар өміршең жаңа жобалармен жұмыс істеуге тырысады. Ал, ол озық ойлы, ізденіс жолындағы инженерлерсіз, жасалған жобаларды өндіріске енгізетін техникалық кадрларсыз мүмкін емес. Осы орайда одақтастарымызбен инженер-техникалық кадрлар даярлайтын оқу орындарымен тәжірибе алмасып, бірлескен жұмыс жүргізілсе оң болмақ.
Өзім сөз етіп отырған осы мәселелердің көбін Солтүстік машина жасау зауытының аумағында құрылып жатқан Индустриялық аймақ жобасы шешеді деп ойлаймын. Онда бизнес орталығы құрылып, “Солтүстік ӘКК индустриялық-инновациялық паркі” ЖШС-і жұмыс істесе, зауыттың өндіріс аумағындағы бос 4000-дай шаршы метр алаңында одақтас елдердің де кәсіпкерлері мен бизнес өкілдері өз істерін ашып, онда кадрлар алмасуы, бір-бірінің іс-тәжірибесіне үйренуі жүрері сөзсіз.
Жолдас ЛҰҚПАНОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің
сарапшылар тобының мүшесі.