«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛБАСЫ ЖОЛЫ — ЕЛДІКТІҢ ЖОЛЫ

Тәуелсіздіктің баға жетпес тартуларының бірі – Астана. Оның әлем таныған әсем шаһарға, халқымызды ынтымаққа, ортақ мүддеге жұмылдыра білген халықаралық деңгейдегі саяси-экономикалық, рухани-мәдени орталыққа айналуына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі орасан. Мереке күндері солтүстікқазақстандықтар “City Mall” сауда ойын-сауық орталығындағы “Cinema Park” кинотеатрында Мемлекет басшысының осы қайраткерлік қырынан сыр шертетін “Көшбасшы жолы. Астана” фильмін тамашалады.

Көпсериялы фильмнің бұл бөлімінде Қазақстан астанасының Алматыдан Ақмолаға көшірілуі, оның жан-жақты ойластырылған құрылысы сияқты елдік мұратты көздейтін маңызды жұмыстардағы Президентіміздің рөлі айшықталған. “Елорданы Ақмолаға ауыстыру, Сарыарқа төсінде әсем Астананың бой көтеруі – Тұңғыш Президентіміз ұсын­­ған, бүгінде жемісін беріп отырған бірегей жоба. Ол – Елбасымыздың стра­те­гия­лық маңызы зор бастамаларының негізгісі. Фильм жастарды өз Отанын сүюге, елжандылыққа үндейді”, – дейді туындыны тамашалағандардың бірі, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры Ақмарал Ибраева.

Алғашқы кездері Елбасымыздың идеясын қолдағандардан гөрі құптамағандардың қатары қалың болғаны жасырын емес. Бірақ Мемлекет басшысы өз ұстанымынан таймады. Бұл жобаны өзінің терең ойластырғанын, астананы өзгерту тек бір қаланы екінші қаламен ауыстыру ғана емес, оның қазақ елінің тиімді дамуына, болашағына әсер ететінін халыққа айтып, түсіндірумен болды. Арнайы комиссия құрып, жаңа қонысқа көшіп, ол жерде оңтайлы орналасудың жобасын жасады. Елдің экономикалық, әлеуметтік, саяси, мәдени дамуында болашақ аста­наның орнын анықтайтын алғашқы жобалар жарық көрді. Осындай асық­пай, баянды түрде жасалған жұмыс аз уақыттың ішінде оң нәтижесін берді, жобаны қалың бұ­қара қолдады. Осы айтылғандардың бәрі фильмде шынайы оқиғалармен, түйінді эпизодтармен көрініс тапқан.

Фильмді тамашалаған аға ұрпақ пен жас буын өкілдері ел астанасын Алматы­дан Арқа төріне көшіру идеясының тәуелсіз елі­­міз үшін көптеген игіліктерге жол ашқанына тағы бір мәрте көз жеткізгендей болды.

Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp