«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛБАСЫ МУЗЕЙІНІҢ ЖӘДІГЕРЛЕРІ – ҚЫЗЫЛЖАРДА

Бейсенбі күні облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейі ұйымдастырған “Қазақстан: бейбітшілік, руханият және келісім аумағы” атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова, аталмыш музей директоры Алма Сағынғали және өңірлік этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысты.

Биыл еліміз үшін елеулі мерейтойларға толы жыл. Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы кеңінен аталып өтуде. Осынау маңызды оқиғаларды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қызметінсіз елестету мүмкін емес. Көрменің мақсаты – Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметі арқылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу тарихын көрсету. Оған қоса, көрмеде еліміздің бұлжымас бағыт ұстанған темір қазығы – Ата Заңның қабылдануына қатысты тың деректермен де танысуға болады.

Көрмеде сөз сөйлеген Анархан Дүйсенова жиналған қауымды облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан мәдени шараның ашылуымен құттықтап, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті музейінің директоры Алма Сағынғалиға өңір басшысының Алғыс хатын табыстады.

Көрменің негізгі мазмұнын музей қорындағы бірегей материалдар жинағы ашады. Елбасының жеке заттары, шет мемлекеттердің басшылары мен үкіметтері атынан берілген сыйлықтар, Мемлекет басшысының еліміздің дамуы мен халықаралық беделін нығайтуға бағытталған қызметі мен бастамалары көрініс тапқан фотосуреттер және мұрағат құжаттары қойылған.

Көрмедегі Тұңғыш Президенттің 1991 жылы 10 желтоқсанда Алматы қаласында тәуелсіз ел халқына берген антының мәтінімен танысу ерекше әсерге бөлейді. Елбасының 1999 жылы ұлықтау рәсімінде киген киімі, оның қолданған жазу құралдарының жинағы, еліміздің халықаралық дәрежедегі абыройына құрмет ретінде ұсынылған сәндік-қолданбалы өнер туындылары көздің жауын алады.

Құнды жәдігерлер қойылған көрмені солтүстікқазақстандықтар қыркүйектің 20-сына дейін тамашалай алады.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp