
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Қызылжар ауданындағы “Шағала Агро” ЖШС-нің дәнді дақылдар алқабында болды. Мұнда Мемлекет басшысы егін жинау жұмыстарының жайымен және ауылшаруашылық техникалары көрмесімен танысты. Олардың қатарында солтүстікқазақстандық зауыттарда құрастырылған техникалардың да бар екенін айтқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов жергілікті өнімдердің бәсекелік артықшылықтары мен өңір машина жасау саласының даму болашағы жайлы әңгімелеп берді.
“Шағала Агро” ЖШС-нің директоры Жомарт Омаров өзі басқаратын ауыл шаруашылығы құрылымының өндіріске пайдаланатын жер алқабының 35 мың гектарды құрайтынын, оның 7 мың гектарын жайылымға пайдаланып отырғандарын, 28 мың гектар егістіктің 13,6 мың гектарына майлы дақылдар себілгенін, 9 мың гектар жердің дәнді дақылдарға бөлінгенін баяндады. Сонымен қатар, серіктестік диқандары арпа, сұлы өсірумен де айналысуда. Өткен жылы серіктестік бойынша астықтың түсімі 25,5 центнерден айналса, майлы дақылдардың гектарынан 12,7 центнер өнім алынған болатын. Биыл бұл көрсеткіш бірден он гектарға өсіп, дәнді дақылдардан гектар басы 35 центнерден өнім жиналуда. Майлы дақылдардың шығымдылығы да жоғары, гектарынан 15-17 центнерден өнім алынды.
Президент алқап басында ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілермен кездесіп, саланың өзекті мәселелерін талқылады.
Мемлекет басшысы облыс орталығындағы халықаралық әуежайдың ұшу-қону жолағы мен жолаушылар терминалын қайта жаңарту барысымен де танысты. Елбасыға ұшақты рульмен бағыттау жолағын, перронды, жарық беру жабдығы мен жолаушылар терминалын жаңғырту жұмыстары, сонымен қатар әуежайды одан әрі жетілдіру перспективалары туралы баяндалды.
Бұдан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы Петропавлдағы жаңа Спорт сарайында жұртшылық өкілдерімен кездесті.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.