«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛБАСЫ ТАПСЫРМАЛАРЫН ОРЫНДАУДЫҢ НАҚТЫ ҚАДАМЫ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының съезінде ел аумағында табысы мен тұрмысы төмен отбасылардың өмір сүру деңгейін арттыру бойынша жаңа əлеуметтік шараларды жүзеге асыру міндетін қойған болатын. Олардың іске асырылу барысын түсіндіру мақсатында өңірімізге жұмыс сапарымен Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Əбдіқалықова бастаған үкіметтік топ мүшелері келді. Оқушылар сарайында өткен алқалы жиынға облыс әкімі Құмар Ақсақалов, жергілікті атқарушы органдардың, ірі кәсіпорындардың, бизнес-құрылымдардың, кәсіподақ ұйымдарының басшылары, сондай-ақ өңір тұрғындары қатысты.
 

Кездесу барысында Вице-Премьер Гүлшара Әбдіқалықова мемлекетіміздің әлеуметтік мәселелерге, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды қолдауға ерекше көңіл бөліп отырғандығын атап өтті. Елбасы жүктеген міндеттерге орай арнайы бағдарлама әзірленіп, алдағы жылдары табысы төмен қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға орай бірқатар жобалар жүзеге асырылатын болады. Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың баяндауынша, әлеуметтік салада қызмет ететін мамандардың еңбекақысы үстіміздегі жылдың 1 маусымынан 15-тен 30 пайызға дейін өсетін болады. Біздің өңір бойынша   аталмыш салада еңбектенетін 47 мың адамның табысы артады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде әлеуметтік карта әзірленіп, сол бойынша біртіндеп көпбалалы отбасылардың тұрмыс деңгейін шешу көзделген. Облысымыз бойынша 12700 отбасы жаңартылған атаулы әлеуметтік көмектің игілігін көретін болады. Мүмкіндігі шектеулі балалары бар 2 жарым мың отбасының да ай сайынғы алатын жәрдемақысының мөлшері айтарлықтай өскен. Министрлік мұндай отбасыларға арнап қысқамерзімді курстар ұйымдастырмақ. 
Жиында ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов өз салалары бойынша баяндама жасады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp