“Елбасы жолы” киноэпопеясының төртінші бөлімі жарыққа шықты. Оның премьералық көрсетілімі елордада Тұңғыш Президент күніне орайластырылды. Облыстағы көрсетілімі Петропавлдағы “Қазақстан” кинотеатрында өтті.
Көпсериялы фильмнің төртінші бөлімі “Тығырықтан жол тапқан” деп аталады. Мұнда бас кейіпкердің тұлға ретінде қалыптасу жолы бейнеленген. Фильм сюжетіне Елбасы өміріндегі маңызды кезең – 70-жылдардағы еңбек жолы, саясат тұғырына жаңадан қадам басқан сәттері енген.
Кинотуынды бас кейіпкер Сұлтанның партком хатшысы болып сайланған кезінен бастау алады. Оның көшбасшылық қасиеттерімен қатар, туған жері мен еліне деген сүйіспеншілігі ұтымды бейнеленген. Әсіресе, бас кейіпкердің атақты “Правда” газетіне елдегі күрделі жағдайды ештеңеден тайсалмай жазған мақаласының шыққан сәті көрерменді ерекше күйге бөлейді.
Сайып келгенде, аталмыш фильм арқылы Елбасының өмірбаянынан еліміздің тәуелсіздікке дейін жүрген даңғыл жолын көргендей боламыз.
Кинотуындыға Елбасының өзі де түскен. Сондай-ақ, картинада қазақстандық актерлермен бірге ресейлік сахнагерлер Валентин Гафт, Евгений Сидихин және тағы басқалары ойнайды. Фильмнің режиссері – Рүстем Әбдірашев.
Аталмыш фильмнің облысымыздағы алғашқы көрсетілімін тамашалаған көрермендердің пікірлерін білген едік.
Ескендір Елеусізов,
облыстық ардагерлер
кеңесінің төрағасы:
– Кинотуындыда Елбасының “Қазақстандық Магниткада” мінезінің шыңдалып, темірдей қатайған шағы суреттеледі. Фильмнің авторлары Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың болмысын барынша ашуға тырысқан. Оның еңбек жолын тартымды етіп бейнелеген. Әуел баста қарапайым жұмысшы, одан сол қызмет орнының ұжымы ішінен суырылып алға шығып, бір комбинаттың емес, бүкіл облыстың қамын күйттеген болашақ Елбасының әрдайым қатарының алды болғанын көреміз. Бұл фильм жас ұрпаққа еңбекті қадірлеудің, Отанды сүюдің үлгісі болатындай-ақ.
Рашид Надиров,
“Барбанг” күрдтер қауымдастығы”
республикалық қоғамдық
бірлестігі филиалының
төрағасы:
– Қазақстан – көпэтносты мемлекет. Осы ұлт пен ұлыстарды бір шаңырақ астына біріктіре алған Елбасының көшбасшылық қасиеттері жігіттік шағынан бойына дарығанын осы фильмнен көруімізге болады. Қарапайым ауыл баласынан жер жүзіне танымал саясаткерге айналу жолы тартымды суреттелген.
Әсемгүл Есқожа,
“Азаматтық бастамаларды
дамыту институты” қоғамдық
бірлестігінің төрайымы:
– Елбасының еңбек жолы – біздерге үлгі-өнеге. Әсіресе, өмірбаяны жастардың бойында көшбасшылық қасиетті қалыптастырып, бастамашыл болуға үгіттейді. Тағылымы мол фильмнің тартымдылығы да осында деп ойлаймын. Жаңа фильмде Елбасының азаматтық ұстанымының толысуы баяндалады.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.