Биыл Жеңістің 70 жылдығы мерейтойына орай елімізде үлкен іс-шаралар ұйымдастырылып, кең көлемде аталып өтті. Жергілікті әкімшілік те ардагерлерге өз қамқорлығын көрсетіп, көңіл бөлуде. Бұл – қуантарлық жағдай.
Осындайда Жеңістің 60 жылдығына жете алмай, өмірден өткен әкем Биқат Әшімов есімізге түседі. Есіл ауданының Қарағаш ауылында кіндік қаны тамған асқар таудай әкеміз жастайынан еңбекке ерте араласып, анасына қолқанат бола білген. Сұм соғыс басталғанда өзге қатарластарымен бірге әскер қатарына алынған ол Ақмола қаласының түбінде сарбаздарды әскерге дайындау курсынан өткен соң 66-шы атқыштар полкіне жіберіледі. Кескілескен ұрыстарда бойына бір сызат түсірмеген майдангер Сталинград қаласының түбінде болған шайқаста сол қолынан жараланған. Госпитальда 8 ай емделгенімен, соңында майдан даласына жарамсыз деп танылған жауынгер екінші топ мүгедектігімен еліне оралады.
Иә, әкемнің айтуынша, соғыстан кейін де халықтың тұрмысы төмен болған. Ауылдың әлеуетін көтеру жұмысына бір адамдай қатысқандардың қатарын толықтырған отбасымыздың тірегі – жан әкем аянбай еңбек етті. Ол жылдары ауыл шаруашылығында білікті мамандар мен механизаторлар жетіспегендіктен, 1952 жылы ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумында оқып, тракторшы мамандығын меңгерген екен. Сөйтіп, бір жерде қырық жыл жұмыс істеп, абыроймен зейнеткерлікке шыққан. Табысты еңбек еткен әкеміздің еңбегі бағаланды. Басшылық тарапынан Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальмен марапатталды. Одан қалды, Жеңістің мерейтойларында да назардан тыс қалмай, медальдармен марапатталған.
Ел алдында беделді, сыйлы болған әкешім 2003 жылы 80 жасында дүниеден өтті. Бүгінде жыл сайын отбасымызбен бірге зират басына барып, Құран бағыштаймыз.
Жұмабике ӘШІМОВА,
өнер колледжінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі.
Петропавл қаласы.