
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған “Нұрлы көш” бағдарламасын жақсылық жаршысы деп айтуға әбден болады. Көптің көңілінен шыққан бағдарлама арқасында елге бет бұрған көшке ілесіп, туған жерге табандары тигендердің қатарында ерлі-зайыпты Жанимхан Билал мен Калок Хурметхан да бар. Бірлігі мен берекесі жарасқан отбасы Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылында тұрады.
Ата-бабалары арман еткен туған елге отағасы Жанимхан Билал Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан 2010 жылы көшіп келген. Үш қыз, бес ұлын аман-есен тарихи Отанға жеткізгендеріне шүкіршілік еткен ерлі-зайыпты жандар мұндай шешімге балаларының жарқын болашағы үшін келгендерін айтады. Отағасы Жанимханға ата-анасы кішкентай кезінен бастап: “Біздің туған еліміз – Қазақстан. Сәті түссе, Отанға оралуға тырысыңдар, немере-шөберелеріміздің тамыры сол жерге жайылсын”, – деген сөздерді айтып, құлағына құйып отырған. Қариялардың осындай өнегелі өсиеттерінен сусындап, ата-анасының арманын орындауды балалық парызы санаған Жанимхан Билал – туып-өскен жерінде оқу оқып, отбасын құрып, 40 жыл ұстаз болып еңбек еткен білікті маман. “Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол” деген дана сөзді арқау еткен қарт шау тартып, зейнет демалысына шықса да, бала күнінде ата-анасынан естіген ғибратты әңгімелері жүрегіндегі туған елге деген сағыныш сезімін жылдар өте одан сайын маздата түскен.
– Туған жерге келіп, үрім-бұтағымды осында жайсам деген ой менің бала кезімнен қиялыма қанат бітіріп, арманыма жетеледі. Елбасының бастамасымен сондай қуанышты күнге де қол жеткізгенімізге ризамыз. Бұл біз үшін ғана емес, заманның ағымымен бір кездері шет жаққа тарыдай шашылған барлық отандастар үшін жағымды жаңалық болды. Туған жердің әр тасы – біздің алтын тағымыз. Сондықтан да ат басын алтын мекенімізге тірегенімізді басымызға қонған бақыт құсындай көреміз, – дейді қуанышын жасырмаған отағасы.
Отбасын туған елдегі бауырластар құшақ жая қарсы алды. Бәйтерек ауылынан жаңа, жылы, жайлы үйдің кілті берілді. Ұлдарын – ұяға, қыздарын қияға қондырған шаңырақ иелері бүгінде Ерлан, Амангүл деген келін-баласымен бірге тұрады. Үйдің ішін қызық-қуанышқа бөлеген немерелері Иманғалидың жасы төртте болса да, өзінің туған жер топырағына аунап өскен құлыншақтардың бірі екенін мақтан етеді. Ата-анасы көзінің қарашығындай аялап өсірген Күләтай, Салтанат, Меруерт деген қызғалдақтай қыздары – өмір арнасында өз жолын тауып, қалаған мамандықтары бойынша еңбек етіп жүрген жандар. Ұлдары Нұрбек, Нұрсұлтан, Ертай, Ерлан, Жәрдембек те – ата-ана үмітін ақтауға тырысып, қолдарынан келгенше еңбектеніп жүрген азаматтар.
Бүгінде алпысты алқымдап қалған қос қуаныш иесінің “Туған елге оралдық, енді біздің жағдайымызды жасаңыздар”, деп мемлекетке алақан жайып отырған жайлары жоқ. Керісінше, отбасында орнаған ауыз-біршіліктің, татуластықтың арқасында шамалары келгенше жұмылып жұмыс істеуде. Отағасы ұлдарымен бірге ағаштан түйін түйсе, ошақтың ұйытқысы, алтын бесіктің иесі бола білген көпбалалы Калок Хурметхан – ине-жіптің қыр-сырын бір адамдай меңгеріп алған қолөнер шеберлерінің бірі. Бала кезінен тоқуды, іс тігуді анасынан үйренген Калок қыздарының барлығын қазақтың салт-дәстүріне сай тәрбиелеп, қолөнерге бір табан жақын болуларына өз септігін тигізген. Қазақтың ою-өрнегімен көмкерілген үлкенді-кішілі сәнді дүниелерді ерінбей өз қолымен тігетін “Алтын алқалы ана” жұмыс барысында түрлі түсті жіптен бастап, матаның неше түрлісін, қойдың жүнін, тіпті, қолмен киіз басып, тұскілем де тоқиды. Шебер ана өзінің жылдар бойы меңгерген ісін бойжетіп келе жатқан қыздарға үйрету үшін ара-тұра Бескөл ауылындағы “Парасат” мектеп-лицейіне барып, үйірме жүргізіп, қыздарға қолөнерден сабақ береді.
– Бұрымдылардың инеге икемі келгені жақсы деп ойлаймын. Өз киімін өзі тігіп, қолынан түрлі бұйымдар жасап, үйдің ішін ою-өрнекпен әдемілей білсе, нұр үстіне нұр емес пе?! Менің мектеппен қарым-қатынасты үзгім келмейтіні де сол. Әрине, қыс мезгілінде екі араға қатынап тұру қиын. Бірақ алдағы уақытта ауылымызға мектеп салынса, бұл мәселе де өз шешімін табады деген үмітіміз де жоқ емес, – дейді ісмер ана.
Шебердің қолынан шыққан туындыларына қызыққан қыздардың көбі жаз айларында үйіне келіп те үйренеді екен. Мұндай ұмтылысты байқаған ісмер әңгіме арасында алдағы уақытта өз кәсібін ашқысы келетін ойын жеткізді.
Немере-жиен қызығына бөленген олар елдің амандығын тілеп, сәуір айында өтетін сайлауға отбасы мүшелерімен бір адамдай қатысуды өздерінің азаматтық парызы деп санайды.
– Наурыздың 11-і күні Астанада “Нұр Отан” партиясының XVI съезі болып өтті. Ол жайында газет беттерінен оқып, теледидардан естідік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әр сөзін тыңдап, одан күш-қуат алғандай болдық. Елімізді одан әрі ілгері дамытуға бағытталған бес бағыттағы жоспарын іске қосып, кезең-кезеңімен жүзеге асыруға көп болып атсалысамыз. Өйткені, бұл біздің жарқын болашағымыз үшін жасалып отырған қадам екеніне кәміл сенемін, – деді отағасы Жанимхан Билал.
Қаншама жыл бойы шет жақта жүрсе де, балаларын қазақы тәрбиеден сусындатып өсірген олар отбасымен бірге Наурыз мерекесін асыға тосады. Жыл басы саналатын атаулы мерекеге жеті күн қалғанда отбасы мүшелері үйдің маңайын тазалап, іші-сыртын жинап, Жаңа жылға деген жан-жақты дайындықты бастайды. Мейрам күні үйде қазан көтеріліп, наурызкөже дайындалады. Ісмерлігімен қатар, аспаздығымен де ерекше көзге түсе білген Калок Хурметхан қолындағы келіні Амангүлмен бірге қыс бойы сақтаған сүрдің қазы-қарта, шұжық сияқты дәмділеріне жеті түрлі тағам қосып, көже істеуді жақсы дәстүрге айналдырған. Ас дайын болған кезде туған-туысты, көрші-қолаңды шақырып, бір-бірін мерекемен құттықтап, тілектер айтып, осындай тамаша дәстүрдің алдағы уақытта жалғасын табуына жастарды да тартып отырады.
– Наурыз – достық, еңбек, бейбітшілік мерекесі. Ұлыстың ұлы күні адамдар бір-біріне деген ренішін ұмытып, өзіне де, өзгеге де жақсылық тілейді. Ынтымағы жарасқан көпұлтты елiмiздегі әрбiр шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонсын! – деді ақ тілегімен бөліскен отағасы Жанимхан Билал.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: Жанимхан Билал мен Калок Хурметхан келіні Амангүлдің және немересі Иманғалидың ортасында.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.