Ел тәуелсіздігінің ширек ғасырында біздің ауыл да заман ағымымен бірге бой түзеп келеді. Ауылым деп отырғаным – Кіші Қараой ауылдық округіне қарасты Бостандық елді мекені. Ол көркейген сайын көңілім марқая түседі. Бүгінгі нарықтық экономика қоғамға бірқатар жаңашылдықтарды енгізді емес пе?! Қолынан іс келетін азаматтар еліне пайдасын тигізіп, ауылдың әлеуметтік жағдайына ықпал етіп, жерлестеріне қолғабыс етуде.
Ел тұрмысының жақсарғандығының бір белгісі болар, округте демографиялық ахуал тұрақты, жылдан-жылға тұрғындар саны көбейіп келеді. Осы мәселені қош көрген аудан әкімдігі қосымша қаржы бөліп, Бостандық ауылындағы “Қарлығаш” шағын орталығының жұмыс кестесін толық күнге ауыстырды. Өйткені, жұмысбасты ата-аналар қатары артқан. Сондай-ақ, былтыр кәсіпкерлердің қолдауымен ашылған “Томирис” балалар ойын алаңы да ұрпаққа жасалған қамқорлық екендігі сөзсіз. Имандылыққа бет бұрған тұрғындар үшін маңызды болып табылатын ауылымыздағы мешітке былтыр күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде жаңарған мешіт ауылға көрік беріп тұр. Екінші дүниежүзілік соғыс майдангерлеріне арналған ескерткіш те жаңартылды.
Шалғайда жатқан елді мекендер үшін жол қатынасы – өзекті мәселелердің бірі. Біздің ауыл тұрғындары да тасжолдан ауылға жету үшін көп қиындық көретін. Өткен жылы округтің кәсіпкерлері бұл мәселені жеңілдетті. Олар қаржы жинап, жиырма шақырым жолды жөндеп, игі іс тындырды. Солардың қатарындағы М.Қипасов, В.Савин, И.Саттыбаев, М.Арынғазин сынды азаматтардың есімін ерекше атап өткім келеді. Кәсіпкерлердің көмегімен бұрынғыдай қыс мезгілінде жолда қалу деген жоқ. Қыс бойы жол үстін тазартуға техника бөлініп, жолаушылар еш кідірмеді. Бұл шара үшін, әсіресе, Ақжарқын ауылдық округіндегі шаруа қожалығының басшысы Мұхамеджан Сағынтайұлына айтар алғысымыз шексіз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта бизнесті дамытуға көп мән береді. Осы мақсатта түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Өңірімізде “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының игілігін көріп жатқандар қаншама? Мәселен, біздің ауылдағы “Мадали” дүкенінде күнделікті қажетті тауарлардың барлығы бар. Ауыл тірлігін жақсы білетін кәсіпкер Ғинаят Мухамедиев осыдан екі жыл бұрын дүкенінің жанынан наубайхана ашқан болатын. Бүгінде бұл наубайхана біздің округті ғана емес, көрші ауыл тұрғындарын да нанмен қамтамасыз етіп отыр.
Ауыл тұрғындарын ойландыратын мәселелер де жоқ емес. Мәселен, ауылымызда асылтұқымды мал басы аз. Жұмысқа бел шеше кіріскен іскер жастар қотанды малға толтырса дейміз. Ол үшін мемлекеттің қаржылай қолдау тетіктерін пайдаланса игі. Қазіргі таңда етке, сүтке бағытталған кәсіп үшін мемлекеттің демеуқаржылық көмегі аз емес. Өңіріміздің сүт зауыттары мен кәсіпкерлері тұрғындардан шикізатты жақсы бағаға сатып алуда. Мұның да ауыл шаруашылығын дамытуға жаңа серпін берері сөзсіз. Өз байлығымызды ысырапсыз пайдалансақ, ол – ұлтымыздың болашағы.
Айтар ойымның тоқетері, бостандықтықтар кәсіптің нәсіп көзі екендігін жіті түсініп, одан әрі ахуалын жақсарта түссе деймін. Әр отбасы өзінің материалдық жағдайын жасай отырып, ауылымыздың, елдің өркендеуіне үлесін қосса, нұр үстіне нұр болар еді.
Егізбай МАҒАУОВ,
зейнеткер.
Ақжар ауданы.