Бірнеше мыңжылдық тарихы бар Қазақ елінің өмірінде Қазақ хандығы дәуірінің алатын орны ерекше, маңызы жоғары болып саналады. Қазақ хандығының құрылуы – Қазақстан аумағында ежелгі замандардан бері үзілмей үздіксіз жүріп келген этникалық процестер мен ХІV-ХV ғасырлардағы Шығыс Дешті Қыпшақ аумағы мен оған көршілес аймақтардағы саяси құрылымдар дамуының заңды қорытындысы болып есептеледі. Сонымен бірге, бұл маңызды оқиға Қазақстан аумағындағы мемлекеттіліктің дамуында белесті бір кезең болуымен де құнды.
Қазақ хандығының құрылуы бір оқиғамен және бір мезетте жүзеге асқан саяси үрдіс емес, керісінше, 10 жылдан астам уақытқа созылып, өз ішінде оқиғалардың дамуына қарай бірнеше сатыға бөлінген. Бөлініп кету – хандықтың құрылуындағы алғашқы және маңызды қадам болса, Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында Қазақ хандығы билігінің толық және түпкілікті орнауы хандықтың құрылуының аяқталғанын көрсетеді. Осы екі аралықтағы әрбір оқиға хандықтың құрылуы барысын кезеңдерге немесе сатыларға бөлуге мүмкіндік береді.
Бірінші сатыға Керей мен Жәнібектің бөлініп кетіп, Моғолстанның батысындағы Шу өңіріне келуі және Керейдің хан болып сайлануы жатады.
Үз Темір тайшы бастаған қалмақтар жорығы 1457 жылдың жаз айларында болғандықтан, Әбілқайыр хан секілді Керей, Жәнібек және ордаежендік басқа да сұлтандар өздерінің қол астындағы ру-тайпаларымен бірге сол тұста күндерін жайлауда өткізіп жатқан. Дерек мәліметтерінде баяндалғандай, Әбілқайыр хан қалмақтар жорығы туралы хабардың растығына көз жеткізгеннен кейін жарлық шығарып, Бахтияр мен Ахмед сұлтандарды әскердің басшысы етіп бекітеді. Кухистани Көк Кесене түбіне аттанған шибанилық сұлтандар мен ру-тайпа басшыларының тізімін көрсетеді, бірақ онда ордаежендік әулет өкілдері мен ордаежендік әулетті қолдайтын тайпа атаулары кездеспейді.
Шайқастың нәтижесінен хабардар болған ордаежендік әулеттің басшылары Әбілқайыр тарапынан болатын қарсы әрекеттерді алдын ала сезген. Мұхаммед Хайдар Дулати бір дерегінде: “Жошы әулетінің кейбір сұлтандары одан келер бір пәлені сезіп, оны болдырмауға тырысты”, – десе, келесі бір дерегінде: “Жошы ұрпағының сұлтандары жорық жасап, Жәнібек хан мен Керей хан одан қашты”, – деп жазады.
Әбілқайыр хан өзін қолдамағандарға қарсы жазалау шараларын жүргізген. Керей мен Жәнібек Әбілқайыр ханға қарсы топтың жетекшілері болғандықтан, ханның негізгі соққысы өздері мен ұлыстарына бағытталғанын біліп, оны болдырмаудың жолы деп Моғолстанға кетуді ұйғарған.
Егер де Керей мен Жәнібек аздаған адамдармен кетсе, онда олар жылдың қай мезгілі болғанына қарамастан, көшкен болар еді. Олардың соңында ордаежендік ру-тайпалардың бір бөлігі болуы себепті жылдың қай мезгілінде болса да ауа көшіп кете алмайтын еді. Көшпелі мал шаруашылығы ол тайпалардың негізгі шаруашылық түрі болғандықтан, олар тек жайлаудан қайтар кезде ғана көтеріле көшіп, бұрынғы дәстүрлі қысқы тұрақтарына емес, Моғолстанға бет алған. 1996 жылы белгілі археолог М. Елеуұлының Шу, Талас өңірлеріндегі ел аузынан жинаған тарихи аңыз-әңгімелерінің бір тобы “ҚазМУ хабаршысының” тарих сериясында жарық көрді. Сол тарихи аңыз-әңгімелер арасында Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты екі дерек кездеседі. Бірінші аңыз: “Сырдың бойынан Тышқан жылы қара күзде бір түмен елімен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға кетіпті”, – деп басталса, келесі бір аңызда: “Қара күзде Сырдан қопарыла көшкен қалың елді Керей мен Жәнібек сұлтандар Мойынқұмға бастап кетіпті”, – делінеді. М. Елеуұлы бұл аңыздардың бірін 1924 жылы туған Жүзімқұл Шәуенов ақсақалдан 1976 жылы тамыз айында жазып алғанын, ал келесі аңызды 1899 жылы туған Жүнжұма Назарқұлов ақсақалдан алғанын айтады. Бұл жерде екі аңыздың мазмұнында “Тарих-и Рашидидегі” Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлініп кетуі жөніндегі дерекке ұқсастығы бар.
Ал “қара күз”, “қыс түсе” деген сөз тіркестері қараша-желтоқсан айларын білдіретінін ескере отыра, бұл мезгілдің күзеу, күзеуден қыстауға ауысатын мезгіл екенін білеміз. Олай болса, аңыздағы мезгілді көрсететін мәліметті дұрыс деуге болады.
Осылайша, Керей мен Жәнібек бастаған ру-тайпалар Сығанақ түбіндегі шайқастан кейін Әбілқайыр ханның қаһарынан қорқып, сол жылдың күз айының соңында дәстүрлі қыстауларына бармай, Шу өзенінің бойына келеді. Мұхаммед Хайдар Дулати: “Есенбұға хан оларды құрметпен қарсы алып, қоныстануға Моғолстанның батыс жағындағы Шу өзені алқабындағы Қозыбасыны берді”, – деп айтады. Ал Махмуд пен Уәли бұл өңірді берудің себебін былайша түсіндіреді: “Сол кездерде Моғолстанда Шағатай хан ұрпақтарынан Уәйіс ханның ұлы Есенбұға хан билік жүргізіп тұрды. Сол тұста Әмір-Темір курэканның ұлы Мираншахтың, оның ұлы Сұлтан-Мұхаммед мырзаның ұлы Әбу Сайд мырза Ирактан Жүніс ханды шақыртып, оған жәрдем береді де, інісіне қарсы жібереді. Сол себепті Есенбұға хан билігінің негізіне сызат түсіп, соған байланысты ол Жәнібек пен Керей хандардың келуін адамдар үшін қайырымдылық пен ізгіліктің көзі деп санады. Ханзадалардың келуіне құрмет көрсетіліп, келісім берілгеннен кейін, хан оларға Моғолстанның батыс өңірін берді. Ол өңір Есенбұға ханның иелігі мен Жүніс ханның иктасы арасында болды. Бұл өңір Шу және Қозыбасы деген атаумен белгілі болатын”. Қозыбасы – Тарғаптың қарсы бетіндегі Қордайда орналасқан тау жайлауы. Енді осы географиялық атауларды карта бойынша анықтасақ, онда Керей мен Жәнібектің Есенбұға ханнан алған аймағының шекарасы – Балқаш көлінің оңтүстік-батыс жағалауы мен Шудың төменгі ағысы бойындағы алқаптар арқылы, батысы Талас өзенінен, шығыста Іле өзеніне дейінгі, ал оңтүстікте Іле Алатауының солтүстік тау жоталары мен қыраттары арқылы өткен. Бұл аймақ Есенбұға хан үшін, біріншіден, оның Моғолстанның Жетісу жағындағы иеліктерін Әндіжан маңындағы Жетікент деген жерді иелікке алған Жүніс хан тарапынан болатын жорықтардан қорғап тұрса, екіншіден, дәл сондай міндетті Әбілқайыр хан тарапынан болар жорықтарға байланысты атқарып тұрды. Жүніс ханның Моғолстан аймағына жақын келуіне байланысты билігінің іргесі сөгіле бастаған Есенбұға хан жоғарыда айтылған аймақты Керей мен Жәнібекке беру арқылы өзіне сенімді одақтас табады да, өмірінің соңына дейін тақ билігіне ағасын жолатпайды. Махмуд бен Уәлидің мынадай мәліметі осыны дәлелдейді: “Есенбұға ханның тірі кезінде оған жоғарыда айтылған хандардың көмегінің арқасында Жүніс хан тәкаппарлықпен аяғын үзеңгіге сала алмады”. Яғни, бұл дерек Жүніс ханның Моғолстанда Есенбұға ханның тірі кезінде хан бола алмағанын көрсетеді. 1457 жылдың соңында Керей мен Жәнібектің Моғолстанның батыс жағындағы Шу өңіріне келіп қоныс тебуі арқасында, Есенбұға хан ағасы Жүніс ханға қарсы өзіне сенімді одақтас табады да, 1461 жылы қайтыс болғанға дейін оның иелігіне ешқандай қауіп бола қоймайды.
Керейдің хан болып сайлануымен Қазақ хандығының құрылу барысындағы бірінші кезеңді аяқталды деуге болады.
Шартты түрде екінші сатыға – 1458 жылдың көктем айларынан – 1461-1461 жылға дейінгі, яғни Есенбұға хан қайтыс болғанға дейінгі аралық жатады.
Осы аралықта Қазақ хандығының қалыптасуы барысындағы маңызды оқиғаларға мыналарды жатқызамыз. Біріншіден, Моғолстанның батыс жағында мемлекет құрып алған ордаежендік тайпалар, Әбілқайыр ханға наразы немесе оған қарсы шыққандар бірте-бірте Керей мен Жәнібек хандарға келіп, қосыла бастайды.
Жүніс ханның Моғолстан тағын иеленуге бағытталған алғашқы әрекеті сәтсіздікке ұшырайды. Есенбұға ханның өз тағын сақтап қалуына Қазақ хандығы да өз септігін тигізеді.
Қазақ хандығының құрылуы кезіндегі үшінші сатыға 1461-1462, 1462-1469-1470 жылдар аралығы жатады. 1461-1462 жылы моғол ханы Есенбұғаның қайтыс болуымен және оның мұрагері Досмұхаммедтің хан тағына келуімен Моғолстанның ішкі саяси өмірінде күрделі өзгерістер жүреді де, ол өзгерістер Қазақ хандығына да ықпал етеді. Енді осы мәселені тереңірек қарастыралық.
“Есенбұға хан ажалы жетіп, дүниеден озған соң орнына ұлы Досмұхаммед отырады. Оның жасы он жетіде болатын. Ол парасатты адамдар қатарына жатпайтын, көптеген істері ақылға қонбайтын еді, оның үстіне бір сәт болса да, мастықтан есін жинаған емес.
Жүретұғын жері лас, отыратын
тағы лас,
Ақылды жан, аулақ жүр, жынды бүгін тағы мас!” – деп Мұхаммед Хайдар Дулати оның жеке басына осындай сипаттама сөздерді қосып жазады. Мемлекетті басқару ісіндегі негізгі принциптердің еленбеуі, жас ханның ішкі саясатында белгілі бір мақсаттың, жүйеліліктің болмауы Моғолстанның Шығыс Түркістан жақ бөлігіндегі әмірлер арасында жіктер мен алауыздықтарды туғызады.
Жетісудағы Қазақ хандығы үшін осы жылдар бір жағынан саяси күш ретінде күшею, көршілерге танылу жылдары болса, екінші жағынан алғанда, алғашқы тарихи сындарға төтеп беру жылдары болып саналады. Әбілқайыр ханға наразы болған жекелеген ру-тайпалардың Қазақ хандығына келіп қосылуы осы жылдары да жалғаса береді. Басқаша айтқанда, Әбілқайыр ханның ұзақ жылдар бойы соғыстар арқылы күшпен қалыптастырған мемлекетінің іргесі оның көз алдында сөгіле бастайды. Ол мемлекеттің күйреу процесін тоқтатудың бірден-бір дұрыс жолы деп Моғолстанның батыс жағындағы Қазақ хандығын жоюды қажет деп тауып, өмірінің соңғы жылында өзінің соңғы жорығын жүргізеді.
Әбілқайыр ханның бұл жорығының “көшпелі өзбектер” елінің тарихында, Қазақ хандығының құрылуы тарихында алатын өзіндік орны бар.
Алдымен Әбілқайыр ханның жорықты бастаған жері – Еділ өзенінің атауына тоқталалық. Еділ – Дешті Қыпшақ аумағындағы ең белгілі, ең танымал өзендердің бірі. Ортағасырлық деректерде бұл өзен Итиль деген атаулармен кездеседі. Махмуд пен Уәли еңбегінде Әбілқайыр ханның әскер жиған жері Еділ өзенінің бойы деп жазылса да, біз оны дұрыс деп есептей алмаймыз. “Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиардан” үзінді аударып, жері басқа бір өзеннің жағасы болған, ол көшірушілер тарапынан өзгеріске ұшыраған” деп есептейді. Біз де ғалымның осы пікірін қостай отырып, Әбілқайыр ханның Еділ өзені бойында әскер жинауы мүмкін еместігін мынадай дәлелдермен келтіреміз.
“Әбілқайыр хан Шығыс Дешті Қыпшақтың қай өзені бойында әскер жинаған?” деген сұрақ туындайды. Біздің ойымызша, ол өзен Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында болған, сондай-ақ, ол өзеннің айтылуында, не жазылуында Еділ сөзіне ұқсастығы бар. Өзен – жергілікті жердегі кішкене өзендердің бірі емес, Дешті Қыпшақ пен Мауереннахрға танымал Сырдария, Ертіс, Жайық, Шу, Талас секілді өзендердің бірі.
Тобыл өзені бойынан Моғолстан бағытына қарай баратын жолдағы екінші географиялық атау Ала-Таг деп аталады. Біз бұл атауды Алатау емес, Орталық Қазақстандағы Ұлытау деп қабылдаймыз. Араб әріптеріндегі дауысты а, ә, ұ, ү дыбыстары бір ғана әріп, / – алифпен берілгендіктен, “ала” сөзін “ұлы” деп оқимыз. Ал “таг”, “так” сөзінің көне түрік тілінде “тау” деген мағанасын білдіретіні көпке мәлім. Сонда дерек мәліметіндегі Ала-Таг сөзі Ұлытау сөзі болып шығады. Шынында да, Тобыл бойынан Моғолстан жаққа апарар ең қысқа және түзу жол Ұлытау арқылы өтеді. Осы анықталған үш географиялық нүкте арқылы: Тобыл – Ұлытау – Қызыл Надыр бағыттарымен түзу сызық жүргізсек, онда Әбілқайыр ханның жорығы Моғолстанның Жетісу аймағының батыс жағындағы Қазақ хандығына қарсы бағытталғанын байқаймыз.
Әбілқайыр ханның әскер жию туралы жарлығынан кейін әскердің жиылуы, оларды тексеру және соншама мол әскермен Тобыл – Ұлытау – Қызыл Надыр арқылы жүру біршама уақытқа созылады. Хан әскерлері Қызыл Надырдан Жетісуға қарай бірнеше асу жер жүріп, Жетіқұдық деген жерге жеткенде күн суыта бастайды. Соған қарағанда, Әбілқайырдың жорық жасау жөніндегі шешімі мен жарлығы жаздың соңында шығып, әскердің жиылуы мен аттаныс күз айларында болған.
Суыққа қарамай Әбілқайыр хан жорықты жалғастырып, ұлдарының бірі Көшкінші сұлтанды әмір Жұлдыз тархан, Хасанбек ойрат, Жәлел оғлан, Сатылмас найман, Сейітбек қоңырат, Темір маджар, Тошбек Қыпшақ және тағы да басқа әмірлермен бірге әскердің авангарды ретінде алға жібереді. Аққышлақ деген жерге жеткен кезде суықтың күшейгені соншалық, хан әскерін сақтау үшін жорықты тоқтатуға мәжбүр болады. Осы кезде Әбілқайыр ханның өзі де суықтан қатты ауырып, Аққышлақ деген жерде қайтыс болады.
Осылай Әбілқайыр ханның соңғы жорығы өз мақсатына жетпей, ханның дүниеден озуымен аяқталады. Сөйтіп, Қазақ хандығына төнген қауіп өзінен-өзі сейіледі.
Біз Қазақ хандығының құрылу кезеңіндегі соңғы, төртінші сатыға Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан қазақ билеушілерінің Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында билігі толық орныққанға дейінгі аралықты жатқызамыз.
1470 жылдан бастап Қазақ хандығы Моғолстанның саяси қамқорлығынан шығып, дербес, толыққанды мемлекет атануға мүмкіндік алады. Шығыс Дешті Қыпшақ, Мауереннахр аумақтарында және Моғолстанның Шығыс Түркістан аймағындағы саяси жағдайлар оған өте қолайлы алғышарттар әзірлейді. Досмұхаммед ханның қайтыс болуынан кейін моғол тағына ешбір қиындықсыз Жүніс хан отырады. Бірақ оған алғашқы кездерде моғол әскерлерімен тіл табысу қиындықтар туғызады.
Ал Әбілқайыр ханның қайтыс болуынан кейін “көшпелі өзбектер” еліндегі этносаяси ахуал мүлде шиеленісіп кетеді. Бұл туралы жазба деректерде мынадай мәліметтер кездеседі. “Тарих-и Рашидидің” бірінші кітабында: “Әбілқайыр хан қайтыс болған соң өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасып, араларында үлкен келіспеушілік туды”,– делінсе, екінші кітабында: “Әбілқайыр хан дүние салғаннан кейін өзбектердің ұлысында алауыздық пайда болды”, – деп сипатталады.
Жетісудағы Қазақ хандығы осы жылдары бұрынғы Орда Ежен ұлысының аумағына қайта келеді.
“Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме”, “Фатх-наме”, “Шайбани-наме”, “Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар”, “Түрік шежіресі” секілді деректерде Шайх Хайдар ханға Сібір ханы Ибақ пен Үлкен Орда ханы Кіші Мұхаммед ханның ұлы Ахмед хан бірігіп жорық жасайды, олар жеңіске жетіп, ханды өлтіреді деп айтылады. Шайх Хайдар ханның өлтірілуімен Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы шибани әулетінің билігі де күйрейді. Көптеген әмірлер мен бектер жан-жаққа тарап кетсе, әулетке адал бір топ адам әулет өкілдерін Астрахань хандығына апарып паналатады. Бірақ ол жақта да ұзақ тұра алмай, қарсыластардың тықсыруымен қашып-пысып жүріп, ақыры Сырдың орта ағысы бойындағы Түркістан аймағына келеді. Сөйтіп, Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы жалғыз саяси күш – Қазақ хандығы болып санала бастайды.
Біз де осы тарихи дерекпен келісе отыра, Қазақ хандығының құрылу кезеңіндегі соңғы саты аяқталды деп санаймыз. Моғолстанның саяси шеңберінен шығып, Қазақ хандығы енді осы жылдан бастап Шығыс Дешті Қыпшақтағы жеке, дербес мемлекетке айналады да, бүкіл аймақтағы саяси қарым-қатынастардың субъектісі ретінде көріне бастайды.
Берекет КӘРІБАЕВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих, археология және этнология
факультетінің профессоры.
Алматы қаласы.