Қазақстан демократиялық күштерінің өңірлік коалициясының мүшелері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты халыққа арнаған Жолдауын талқылау үшін “дөңгелек үстел” басына жиналды.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен шараға облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, кәсіподақ бірлестігі, жастар және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен сарапшылары қатысты.
“Нұр Отан” партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов халықтың әл-ауқатын көтеріп, елімізді жаңа деңгейге шығаруға бағытталған тарихи маңызы зор Жолдаудың дәл қазіргі әлемдік экономикалық және геосаяси жағдайда қабылдануы Елбасымыздың көрегендігін тағы бір дәлелдеп отырғанын айтты.
Қатысушылар алдағы міндеттерді айқындаған Жолдау туралы ойларын ортаға салып қана қоймай, жергілікті тұрғындарды алаңдатқан әлеуметтік мәселелерді де қозғады.
– Президент әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін қарастыруды тапсырды. Соның артынша өңірімізде “7-20-25” бағдарламасы бойынша баспана алғысы келетіндерге алғашқы жарнаның жартысын субсидиялау арқылы көмек көрсетілетін болып шешілді. Бұл тұрғын үйге қолы жетпей жүрген жүздеген тұрғынды қуантып, жарқын болашаққа деген үміт отын тұтатты, – деді Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының облыстық комитетінің бірінші хатшысы Сергей Мартемьянов. Ол төмен еңбекақы алатындарды айтпағанда, өңірімізде тапқан ақшасын айлап көрмейтін жұмысшылардың барын айтты.
“Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ерік Нұрақаев Жолдауда қарапайым еңбеккерлердің мәселесінің кеңінен көтерілуі көптеген кәсіпорындардың жұмысы мен қызметкерлеріне деген қарым-қатынасын түзеуге септігін тигізетіндігіне сенім білдірді.
“Қазақстандықтардың сапалы медициналық қызмет пен білім алуын, табыстары өсіп, қолайлы жағдайда өмір сүруін қамтамасыз ету жолындағы бастамалардың тиісінше орындалып, жемісті нәтижесін беруіне, Елбасымыз айтқандай, баршамыз бірдей жауаптымыз”, – деді “дөңгелек үстелге” қатысушылар.
Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.