«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ

Бала – қуаныш, бала – өмір, бала – болашақ. Бала дегенде менің де, басқаның да ойына алғаш оралатыны осы ұғымдар. Әр ана, әр әке баласын жақсылап тәрбиелеуге, ешбір қателік жібермеуге барынша тырысып, өз білгендерін үйретіп жатады. Бірақ бұрын да, бүгін де, ертең де бала тәрбиесі мәселесі бір ғана адамның емес, барша қоғамның көкейкесті мәселесі, ұлт мәселесі болып қала бермек. Баланың тәрбиесіне, оның өмірден өз орнын табуына, адам болып қалыптасуына бәріміз бір адамдай жауаптымыз. Өмірге келген әр сәбидің ананың аялы алақанын, әкенің әкелік мейірімін сезініп өсуге құқығы бар. Баланың жүрегі соны қалайды.

Мемлекетіміз жыл басында елдің даму жоспарын жасайды. Онда елдің экономикалық, экологиялық, оқу-ағарту, мәдени, т.б. мәселелеріне байланысты мақсат-міндеттер жоспарланатыны бәрімізге белгілі. Әрине, бұлардың барлығы да маңызды. Алайда, бала және отбасы, бала тәрбиесі, ұлттық тәрбие мәселелері бәрінен де маңыздырақ деп ойлаймын. Өйткені, бала – елдің ертеңі. Еліміздің болашақта қай биікке көтеріліп, қандай белестерден көрінетіндігі сол балғындарға тікелей байланысты. Егер балаларымыз мықты, рухты, намысты, білімді болатын болса, онда ел ертеңіне елеңдеуге себеп жоқ. Ал мұның барлығы тәрбиеден бастау алады.

Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс та, атсалысып жүрген азаматтар да аз емес. Атап айтатын болсақ, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Айыртау мектеп-интернатының ұжымы жұмыстың бейнеті мен зейнетін қоса арқалап, қызмет етуден жалыққан емес.

Әл-Фарабидің мынадай даналық сөзі бар: “Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі”. Шынымен де, балаға тәрбие беру, оның бойына адами қасиеттерді сіңіру, адамдарды сүюге тәрбиелеу – қиындығы мен қызығы қатар жүретін зор жауапкершілікті, төзімділікті, сүйіспеншілікті қажет ететін жұмыс. Соның ішінде жас бүлдіршіндерді патриоттық рухта тәрбиелеу, елін сүюге баулу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Айыртау аудандық балалар үйінде де осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс баршылық. Мәселен, шілде айында Балалар үйінің директоры Елемес Қалиевтің қолдауымен осында тәрбиеленіп жатқан балғындар Астана қаласына барып келді.

Шілде айының тағы бір үлкен жаңалығы – мектеп-интернатымызға облыс әкімі Ерік Сұлтановтың келуі. Балалар үшін бұл кездесу үлкен қуанышқа айналды. Ерік Хамзаұлы оқу орнына теледидар тарту етті.

Менің ойымша, балаларды туған жерін сүюге және қорғауға тәрбиелеуде осы сияқты іс-шаралардың да берері мол.

Ардақ СИЛАМҚЫЗЫ,

Айыртау мектеп-интернатының қосымша

білім беру ұстазы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp