
Петропавлдағы “Бокс” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің залында кикбокстан Солтүстік Қазақстан кубогы сарапқа салынатын республикалық турнир жалауын көтерді. Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылған тартысты додаға Атырау, Ақмола, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Солтүстік өңірінен 90-ға жуық спортшы қатысуда.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Республикалық деңгейде осымен оныншы мәрте өткізіліп отырған жарыстың салтанатты ашылу рәсімін облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов өңір басшысының атынан құттықтау сөзбен ашты.
Одан соң “ҚР Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлерi одағы” ҚБ СҚО бойынша төрағасы Игорь Гамов жарыс ұйымдастырушыларына алғысын білдіріп, шаршы алаңда жұдырықтасушыларға ақ тілегін арнады.
Турнир барысында қатысушылар 10 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Үш күнге созылатын турнирдің бірінші күнінде рингке бірінші болып шыққан солтүстікқазақстандық Никита Сипягин мен атыраулық Тоқтарбек Шакиевтің жекпе-жегі, әсіресе, тартымды болды. Шаршы алаңда бар әдіс-тәсілдерін ортаға салып, жеңімпаз атануға талпынған қос кикбоксшы да тамаша ұрыс көрсетті. Дегенмен, бірден алма-кезек соққылар жасаған спортшылардың ішінде жерлесіміздің айы оңынан туды. Оңтайлы сәтті пайдаланған Никитаның жойқын соққысы атыраулық спортшының бауыр тұсына келіп, қарсыласын екі бүктеді. Сөйтіп, жерлес спортшы 3 раундтың алғашқысында нокаутпен жеңіске жетті.
Одан кейін шаршы алаңға көтерілген үш солтүстікқазақстандық кикбоксшы да айқын басымдықпен жеңіске жетіп, айқасты уақытынан бұрын аяқтады.
Бір атап өтерлігі – аталмыш сыннан сүрінбегендер наурыз айында Қызылорда қаласында өтетін ел чемпионатында өнер көрсетеді. Онда жеңіске жеткендер Азия чемпионатына жолдаманы сарапқа салмақ.
Аталған турнирдің ақтық ойындары бүгін өтеді.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.