Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: “Отбасында адам бойындағы қасиеттер жарқырай түсіп көрінеді де қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады”, – дейді. Елбасының осы ойы мені адами тұрғыдан да, ұстаз ретінде де қатты толғандырды.
Шындығында, біз – пенделер, Елбасы айтқан отбасының құндылықтарына көңіл аудара бермейміз… Күнделікті күнкөріс күйбеңі мен өмір өткелдерінде “Дүниенің бір кемістігін қайтсем толтырамын?” – деп арпалысамыз да жүреміз. Істеген істерімізді таразыламаймыз… Ойланбаймыз… Мән бермейміз.
“Аға” – деп барсаң ағаға,
Ағаның көңілі көкте жүр.
“Іні” – деп барсаң ініге,
Інінің бауыры – көк темір” дегендей, қазіргі кезде уақыт та жоқ, бауырлардың, жалпы адамдардың бір-біріне деген көңілі де жоқ. Адами, қазақи болмыстардың, құндылықтардың отбасында қалыптасуы күннен-күнге төмендеп барады…
Отан отбасынан басталады! Отбасы – ел тірегі, отбасы – Қазақ елінің елдік нышаны! Отбасы – бақыт бағы!
Еліміздің 14 облысын, 2 бас қаласын – Астана мен Алматыны қамтыған “Мерейлі отбасы” атты республикалық, ұлттық байқау үстіміздегі жылдың маусым айының орта кезінде өз жұмысын қорытындылады.
Біздің өңірдің өзінде ғана қаншама мерейі биік, үлгі боларлық отбасылар барлығына біз куә болдық.
Қазақ елінде неғұрлым мерейлі, үлгілі отбасы көп болса, соғұрлым еліміздің іргетасы берік те нық болады. Жас баланың отансүйгіштік-патриоттық сезімі отбасында ата-әжесінен, әке-анасынан, аға-әпкесінен, өзі көрген мейірім мен қамқорлықтан бастау алады.
Рухани тәрбие – балаға өмір бойы азық. Отбасында бала рухани тәрбиенің негізі – ұлттық тәрбиенің уызына жарыса ғана өскенде рухани бай болады. Сонда ғана баланың жүрегіне иман ұялайды. Әрі таза, адамгершілігі зор болады! Мұндай бала екіталайда жанын арынан садақа – құрбан етеді.
Отбасының алтын діңгегі – отағасы. Отағасы – балаларының асқар таудай панасы. Отбасының барлық материалдық ауыртпалығын көтеру, шаңырақ мүшелеріне қамқор болу – отағасының міндеті. Отағасы табыскер, еңбекқор, әке-шешесіне, іні-қарындастарына қамқор, әйелі мен балаларының алдында абыройлы, сыйлы болуы керек.
Ал, отанасы – отбасының қазығы, таусылмайтын қазынасы, бітпейтін ырысы, нәрі, солмайтын гүлі, көркі, құт-берекесі. Бабаларымыздан қалған мынадай өсиет бар: “Ақылды әйел ерінің ойнап айтқан сөзінің өзін ақылмен талдайды”, – деген.
Жақсы әйел – ер-азаматтың жарты бақыты. Әрбір отбасының берекесі, Елбасы айтқандай, отағасы мен отанасының сүйіспеншілігімен, түсінушілігімен, татулығымен, бір-біріне деген жанашырлықпен, жауапкершілікпен кіреді.
Еврей халқының ұстаным-ұраны: “Мен мықты болуым керек. Мен мықты болсам, отбасым мықты. Отбасым мықты болса, жұмыс орным мықты. Жұмыс орным мықты болса, еврей елі мықты!”. – Міне, осылай.
Әр қазақ отбасының негізгі мақсаты бала тәрбиесі болуы керек. Бүгінгі бала – елдің ертеңі. Бүгін ұлан-асыр той жасап, ертең айрылысу – ол сән емес, қасірет!
Бүгін отбасына бала әкеп, ертеңгі күні оны жылату, жетім қылу – ойын емес, ол емі жоқ індет.
Елбасы Қазақ елін – Мәңгілік Ел етуде жастарға үміт артып, алдарына мақсат етіп қойып отыр. Мына жаһандану науқанына бүгін ұлттық киіммен кіріп, ертеңгі күні жалаңаш шығып қалмау үшін отбасындағы бала тәрбиесін мағынасыз ойынға айналдырмай, мағыналы ой елегінен өткізейік!
Әр отбасында бала ұлттық тәрбие алып, тілін, дінін, ұлт қасиеттерін бойына сіңіріп, Мәңгілік Елін қорғайтын, отбасын берік ұстайтын, қариясын Қарттар үйіне апармайтын азамат болып қалыптасуын ойлауымыз керек.
Отбасында біз, қариялар, естіп өскен: “Рәсуа”, “Обал”, “Күнә”, “Ұят болады” деген сөздер қазіргі жас отбасыларда айтылмайды… Себебі, жас аналарға, олардың аналары – дәл бүгінгі күнгі жас әжелер қыздарына айтқан жоқ. ХХІ ғасырдың отаналарында үлкен олқылық бар, Ана тілін, ұлттың құндылықты бойларына сіңірмеген…
Ежелден үлкенге – құрмет, кішіге – ізет танытатын халық едік…
Енді, міне, отбасының төрі емес-ау, босағасынан орын бұйырмай, қазыналы қартымызды Қарттар үйіне апарып тастауы бабаларымыздың түсіне де кірмеген шығар? Елімізде 67 Қарттар үйі бар… Осы аталған ұлт бетіне басылған таңба отбасындағы отағасының осалдығы емес пе? Қазақ халқында ғана кездесетін көршімен татулықтың, алыс-берістің саябырлауын, бір әулеттің бір-біріне деген жанашырлығының, ағыл-тегіл қатынасуының, бөлісуінің, көмектесуінің сиреуі, отағасының беделінің төмендеуі отбасындағы отанадан кетіп жатқан олқылық емес пе? Бұлар, әрине, менің ғана пікірім, ал сіздер не дейсіздер? Күннен-күнге ұлттық құндылығымыз азаюда…
Құдіретті, киелі қазақтың қара қобызының атасы – Қорқыт бабамыз: “Қонақ келмейтін үйдің қирағаны дұрыс, қалқайып, қаңырап тұрғанынан да!” – деген екен.
Мұқағали Мақатаев айтқандай: “Найзағайдың жарқылындай өте шығатын мына жалған дүниеде, шаңырағымыз шайқалмаған, қирамаған түтіні түзу ұшқан, есігі ашық, дастарқанымыз жаюлы, отанасы үйге келген кісіні қабағымен де, табағымен де қарсы алатын отбасын құрайық, ағайын!!!”.
Қымбат ИСМАНОВА,
зейнеткер-ұстаз.
Петропавл қаласы.