Солтүстік Қазақстан облысында жетпістен астам елді мекен әлі күнге дейін тоталитарлық сипаттағы атауларға ие. Одан бөлек, бір Лениннің атында 79, Совет атауын иеленген 74, Комсомол құрметіне қойылған 68, Октябрь деп аталатын 52 ауыл мен көше бар екен. Тәуелсіз мемлекеттің ұстанған бағытына сай келмейтін кеңестік дәуірдің сарқыншағы іспетті бұл атауларды өзгерту жайы және тіл туралы заңнаманың орындалуы облыс әкімі Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында қаралды.
Әкімдік отырысы білім саласындағы бақылау департаменті басшысы болып тағайындалған Темірғали Текебасұлы Әбілмәжіновті таныстырудан басталды. Ол әр жылдары білім саласында және мемлекеттік қызметте еңбек еткен. Бұл тағайындауға дейін Қарағанды облыстық білім саласын бақылау департаментінің басшысы қызметін атқарған.
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Кемел Оспанов баяндама жасап, өңірдегі тіл төңірегіндегі түйткілді мәселелер мен оң өзгерістерді тізіп шықты. Мемлекет тарапынан тіл үйренуге ерекше екпін берілген. “Тілдерді оқыту орталығы” КММ-дегі 140 топта 2500-ге жуық мемлекеттік қызметші дәріс алады. 120 топта – қазақ тілі, 20-сында ағылшын тілі оқытылады екен. Алайда, бюджеттің қыруар қаржысы жұмсалып, тегін ұйымдастырылып жатқан курстарға жүрдім-бардым қарап, сабаққа қатыспайтын мемлекеттік қызметшілердің бары қынжылтады. Өңір басшысы “Мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту” бағдарламасын жүзеге асыруға жеңіл-желпі қарауға болмайтынын ескертіп, 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында ісқағаздарының шығыс бөлігін қазақ тілінде жүргізу көрсеткішін 100 пайызға жеткізуді тапсырды. Бүгінде облыс бойынша кіріс құжаттарының – 88, ал шығыс құжаттарының 98 пайызы қазақша толтырылады екен.
Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбековтың 2016 жылғы 8 қыркүйектегі хаттамалық тапсырмасына сәйкес, елді мекендердің идеялық көзқарас тұрғысынан ескірген атауларын өзгертіп, тарихи атауларын қайтару шараларын қабылдау қажеттігі біздің облыста анық байқалады.
– Басқарма облыс аудандарындағы елді мекендер және көшелер атауларына мониторинг жүргізді. Бүгінгі күн талабына сай емес, ескірген әкімшілік-аумақтық бірліктер анықталды, – деді баяндамасында Кемел Оспанов.
Ерік Хамзаұлы ономастика мәселесін назарға алып, ұсыныстар әзірлеуді орынбасары Анархан Дүйсеноваға тапсырды.
Әкімдік отырысында шағын және орта бизнесті дамыту жайы да қозғалды. Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Құралай Жарова өз баяндамасында өңірде 38 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелгенін хабарлады. Алайда, соның 74,7 пайызы ғана, яғни 28,5 мыңы ғана жұмыс істеп тұр. Ал қалғандары ашылған күйінде қалған немесе салық төлеуден жалтарып, астыртын әрекет етуде. Облыс әкімі осы жағына ерекше мұқият болуды ескертті.
Әкімдік отырысында қаралған үшінші мәселе – мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының орындалу барысы. Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Жанат Сәдуақасов өз баяндамасында, бағдарламааның алғашқы бесжылдығында облыста 32 жоба жүзеге асырылса, екінші бесжылдықта құны 72,4 млрд.теңгенің 41 жобасы қолға алынғанын айтты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлікті қолдау картасына әрбір аудан мен қаладан жобалар енгізілуі керектігін міндеттегені белгілі. “Алайда, біздің облыстың Мамлют, Есіл және Жамбыл аудандарында картаға бір де бір нысан енгізілмеген”, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.
– Келер жылдың бірінші тоқсанында біз кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жүзеге асырылған жобалар санын 60-қа жеткіземіз. Ал инвестиция тарту жөнінен 100 млрд. теңгеден асуымыз керек. 2014 жылы өткен “Қызылжар-Инвест” форумы барысында дәл осындай міндет қойылған болатын. Сондықтан бұл межені бағындыруымыз қажет, – деді өңір басшысы әкімдік отырысын қорытындылай келе.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.