Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2006 жылдан бері “Үздік оқытушы” конкурсын өткізіп келеді. Өткен жылдың соңғы күндерінде республикалық конкурстың қорытындысы шығарылып, еліміз бойынша 200 үздік оқытушы таңдалды. “Мыңнан – тұлпар” шыққандардың қатарында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің үш оқытушысы да бар. Олар: тарих, экономика және құқық факультетінің оқытушылары тарих ғылымдарының докторы, доцент Ақмарал Ибраева, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Дінмұхаммед Шайкин және ақпараттық технологиялар кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Елена Шевчук.
Екі кезеңнен тұратын конкурстың алғашқысы қазан айында өткен. Конкурсқа жоғары оқу орнының штатында бес жылдан кем емес өтілі бар, ғылыми, оқу-тәрбие жұмыстары бойынша сапалық және сандық көрсеткіштері жоғары оқытушылар қатысып, солардың төртеуінің құжаттары республикалық кезеңге жіберілген.
“Үздік оқытушы” атанған Елена Шевчуктің мектеп оқушылары мен университет студенттеріне арналған оқулықтары, оқу-әдістемелік құралдары және 50-ден астам ғылыми мақаласы жарық көрген. Соның ішінде шетелдік журналдарға да шыққан мақалалары бар. Конкурста оған ерекше басымдық беріледі.
Бұл – Елена Владимировнаның аталмыш конкурстағы екінші жеңісі. Ол 2007 жылы конкурс ең алғаш өткен кезде университетте бірінші болып жеңімпаз атанған.
“Шәкіртсіз ұстаз – тұл” дегендей, магистрант кезінде менің қарамағымда болған Наталья Кольева 2012 жылы аталмыш конкурстың жеңімпазы атанды, кандидаттықты қорғады. Екеуміз қазір бірлесіп жұмыс істейміз, барлық кітаптар мен мақалаларды бірге жазамыз. Білім ордасы үшін бірден үш оқытушы үздік атанған 2014 жыл жемісті болды”, – дейді Елена Владимировна.
Елена Шевчуктің айтуынша, олар республикалық конкурсқа құжаттар жібергенде, егер грант иеленетін болса, ол қаражатты болашақта қандай мақсатқа жұмсаудың жоспары мен жұмыс кестесін бірге тапсырған. Министрлікте осы жоспар бойынша гранттың мақсатты жұмсалуы қатаң қадағаланады. Елена Викторовна алған грантын тағы да оқулықтар шығаруға, мақалалар жазуға, шетелдерде біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасуға жұмсауды жоспарлап отыр.
– Мен алғашқы грантты ұтып алғаннан кейін Финляндияға біліктілігімді көтеруге бардым. Ондағы білім беру жүйесімен, оның құрылымымен танысып, елге мүлде басқа көзқараспен оралдым. Ойлап отырсам, елімізде он шақты жылдан бері өткізіліп келе жатқан конкурста жыл сайын 200 адам грант ұтып алады. Он жылдың ішінде екі мың адам шетелдерге шығып, өз біліктіліктерін көтереді. Үйренгенін еліміздің білім жүйесіне енгізеді. Тіпті, басқа ешкімді үйретпеген күннің өзінде өзі үшін көптеген жаңашылдықтар алып қайтады. Бұл ғажап емес пе?! Тағы бір айта кетерлігі, “Болашақ” бағдарламасы сияқты “Үздік оқытушы” конкурсы кеңестік кезеңдегі елдердің арасында жалғыз Қазақстанда ғана бар. Бұл – біздің мақтанышымыз, – дейді Елена Шевчук.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.