«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛЕНГЕН ЕРЛІК

Тарихы өткен ғасырдан басталатын, бүгінде еліміздің ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар облыстық «Soltüstık Qazaqstan» басылымының тігінділерін парақтайтын болсақ, өз оқырмандарын өңірге қатысты ақпараттармен кеңінен таныстырып отыратын жаңалық жаршысы болумен қатар, тұрақты айдарлар арқылы күрмеуі тарқатылмайтындай көрінетін тақырыптарға батыл қалам тербеп, халық пен билікті жақындастырып, шынайы пікір, өткір ой қызметін тиімді пайдалана білгенін байқау қиын емес.

Басылым беделінің оқырмандар алдында қаншалықты жоғары болғанын оның бет- бейнесін айқындайтын «Газет көтерген мәселе», «Ұсыныс», «Жазылған жайдың жаңғырығы», «Редакцияға хат», «Жарияланбаған хаттың дерегі», тағы басқа айдарлар анық аңғартады. Журналистер тарапынан жұртшылықты толғандыратын проблемаларды өзекті мәселе ретінде жүйелі түрде көтеріп, орындалуын бақылауда ұстауды назардан тыс қалдырмау дәстүрі орныққан.

… 2001 жылы 3 қараша күні Жамбыл ауданының Орталық ауылында қалың жұртшылықтың қабырғасын қайыстыратын, отағасын қатты күрсіндіріп, отанасын зар жылатқан ауыр қаза орын алған. Бір топ ойын баласы елді мекеннен жарты шақырымдай жердегі көлге барып, сәбидің еңбегіндей былқылдап жатқан мұз ойылып кетіп, бесеуі қара судың құрбаны болып кете барған. Көл жағалай жүгірген басқалары ауылға хабар беруге құстай ұшқан. Үш ұлынан бірдей айырылған отбасының сол сәттегі қайғы-қасіретін тілмен жеткізу мүмкін емес. Қайғылы оқиға «Ауыл қара жамылды» деген тақырыппен жарық көруі мұң екен (9 қараша), редакция поштасына хаттар легі жауып кетті. Бәрінің ой-пікірі көл түбіне шым басқан бейкүнә балалардың ата-аналарын ажал құрсауынан құтқарған Төлеген Қожақовты мемлекеттік марапатқа ұсынуға келіп саяды. Сол бір қаралы күн редакцияға арнайы хат жолдаған Балтабай Рамазановтың «Ерлік неге еленбейді?» мақаласында (2002 жыл 23 сәуір) былай суреттеледі: «Қайғылы оқиға жайлы жаманат хабар жетісімен ата- аналар ес-түстері қалмай, көлге жапатармағай жүгіреді. Түбі – қорыс, ми батпақ. Көлге ата- аналардың бірі Мейрам Құсайынов қойып кетеді. Ол судан бір баланың өлігін алып шығады. Екінші рет өз баласын тауып алады. Алайда өңмеңнен өтер күздің қара суығы бар, әрі мұздай судың денені әбден сорып тастағаны соншалық, дәрмені құрып, жағаға жете алмайды. Күдеровтердің анасы да, Шөрай деген ауыл адамы да суды белуардан кешіп, балаларды іздей бастайды. Сөйтіп, көл жағасынан қалай алыстап кеткендерін сезбей қалады. Балалардың бірі ауыл шетінде тұратын Төлеген Қожақовқа хабар береді. Төңірекке әрі аңшы, әрі балықшы ретінде белгілі Төкең дереу жиналып, өзімен бірге резеңке қайық, арқан алып шығады. Алдымен ата-аналарды өлім шеңгелінен құтқарады. Сосын ұзын сырғауылға күршек іліп, төрт баланың өлігін алып шығады. Төкең бірер минут кешіккенде ата-аналардың тағдыры не болары белгісіз еді.». Мақала «Оның екінің бірі тәуекел ете бермейтін бұл қадамын жерлестері үлкен ерлікке бағалайды. Кейде кездейсоқ біреулердің үкімет тарапынан марапатталып жатқанын естігенде нар тұлғалы ауыл азаматының еленбеуіне іш удай ашиды екен. Бірнеше адамның өмірін ажалдан алып қалған Төкеңді қалай марапаттаса да жарасады», – деп аяқталады.

Ұсыныс хат аудан әкімдігі мен облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармаға жіберіліп, төмендегідей жауап алынды. «Орталық ауылындағы көлдің мұздай суына батып кеткен төрт баланың денесін алып шыққан және қысылтаяң жағдайда адамдарды судан құтқарып, ерлік, батылдық, қайраттылық көрсетуіне байланысты Қожақов Төлеген Қалықұлы аудан әкімінің 2002 жылғы 15 мамырдағы №87 шешімімен Қазақстан Республикасының мемлекеттік «Ерлігі үшін» медалімен марапатталуға ұсынылды. Қазіргі уақытта Т.Қожақовтың марапаттау құжаттары облыстық әкімдікте қаралуда. 1995 жылғы 15 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаттаулары туралы» заңына сәйкес рәсімделуде. Құрметпен, басқарма бастығы М.Мұсабаев». Сол кездегі аудан әкімі Ә.Мұстафин газеттің орынды мәселе көтергенін, қажетті құжаттар рәсімделіп, тиісті орынға жіберілгенін айтқан. Ақыры көптен күткен қуанышты жаңалық «Газет көтерген мәселе еді» айдарымен 2002 жылғы 7 шілде күнгі санында «Ерлік неге еленбесін?» деген тақырыппен жарияланды. Онда Президенттің Жарлығымен Б.Қожақовтың «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғаны, уақытша жұмыссыз жүрген оны аудандық әкімдік қолайлы қызметке орнастырғаны баяндалған.

Дайындаған

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp