Елбасы болашаққа бағдарланған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі және азаматтық біртектілікті нығайтудың «Менің елім» ұлттық жобаларын әзірлеуді тапсырды. Тәуелсіздік жылдары жүріп өткен және осы уақыт бедерінде қалыптасқан ең асыл құндылығымыз – ел бірлігі болса, «Қазақстан – 2050» жаңа стратегиялық бағытын жүзеге асыру ел тұрғындарына айрықша жауапкершілік жүктейді. Осындайда Нұрсұлтан Әбішұлының Ұлытау төріндегі сұхбатындағы: «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз. Бұл – жаңағы айтқан ғұндардың да, Алтын Орданың да орталығы болған жер. Сондықтан тарихыңды білген жөн. Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлдыр», – деген парасатты пайымдары ойға оралады.
Иә, «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы қилы замандарды, ала-сапыран кезеңдерді бастан кеше отырып, ғасырлар бойы аңсай күткен жарқын күнге – егемендік мәртебесіне ие болды. Елдігімізді, еркіндігімізді айғақтайтын Мемлекеттік рәміздеріміз – ай мүйізді, алтын қанатты ғажайып пырақтар қорғап, алтын шаңыраққа рауандап атып келе жатқан таң шапағы бейнеленген Елтаңбамыз, ашық зеңгер аспан түстес, қыраны көкке өрлеген Туымыз, асқақ үнді Гимніміз төрімізге орнықты. Халықтық сипатымен, тарихи тамырластығымен, жалпыадамзаттық ізгілік ниеттермен үндес, ұлттық танымымыз бен мәдениетіміздің ғаламат күш-құдіретін тілсіз сездіретін, елдік рухымызды айқын танытатын Мемлекеттік рәміздер әр қазақстандықтың бойында отаншылдық сезімін оятып, құдіретті сезімге бөлейді. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында Петропавл қаласында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері» сәулеттік композициясы ашылды. Сол күнгі тарихи сәттен бастап осы жерде өткізілетін дәстүрлі рәсімдерде, салтанатты іс-шаралар кезінде Мемлекеттік Гимн көпшілік алдында орындалған кезде оң қолдың алақанын омыраудың сол жағына қойып, асқақ кейіпте, ғажайып сәтте тыңдау арқылы береке-бірлігіміздің, ұлттық тұтастығымыздың қадір-қасиетін терең ұғына түскендей боласың. Осындай сәулетті композициялар аудандарда да бой көтеріп, келешек буынға мемлекеттік атрибутиканың мән-маңызын, қыр-сырын терең танытатын қасиетті орындарға айналды.
Мемлекеттік рәміздер – ел Тәуелсіздігінің басты белгілері, ұлттық нышандары болғандықтан, 4 маусым жергілікті жерлерде де салтанатты жағдайда атап өтіледі. Ақжар ауданында айтулы мерекеге орайластырылып танымдық кештер, «дөңгелек үстелдер», патриоттық акциялар, концерттік бағдарламалар, байқаулар ұйымдастырылады. Қай-қайсысы болсын Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, Отанды сүю, елді, жерді қадірлеу мәселелерімен тығыз астасып жатады. Сол сияқты мемлекеттік қызметке қабылданушылар ант бергенде, басқа да атаулы күндері, мемлекеттік және ұлттық мейрамдарда кеңінен ұлықталады.
Біз, әсіресе, жастардың бойында Мемлекеттік рәміздерге құрмет сезімін қалыптастырудың жолдарын жан-жақты қарастырып отырмыз. Олар Президентіміздің: «Біз Тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Гимнін тұмардай қасиет тұтуы қажет», – деген сөздерін естен шығармаулары керек. Бұл баршамыздың басты парызымызға айналуы тиіс. Бұл орайда білім мен мәдениет мекемелерінің белсенділігі қолдауға тұрарлық. Жуырда арнайы шақыру бойынша оқу жылының аяқталу рәсіміне қатыстым. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын енгізу және шығару рәсімі орындалғанда, барлық қатысушылар ерекше жігермен Гимнді шырқағанда, ерекше тебірендім. Оқушылардың жүзінен бақытты ұрпақтың шексіз қуанышын, өмірге деген құштарлығын, Отанға деген сүйіспеншілігін аңғардым.
Алдағы уақытта тәрбиелік бағыттағы іс-шараларда Мемлекеттік рәміздерді насихаттау, мән-маңызын ұғындыру тың әдіс-тәсілдермен ұштасып жатса деген тілек айта отырып, мемлекеттік атрибуттарды қолдану және орналастыру тәртібінде қателіктердің жіберілуіне еш төзуге болмайтынын ескерте кеткім келеді.
Айбек ХОРШАТ,
Ақжар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.
Ақжар ауданы.