«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛЖАНДЫЛЫҚ НЕГІЗІ – МЕКТЕПТЕ

Тәрбиенің жан-жақты, сан қырлы әдіс-тәсілдерін жас ұрпақтың бойына сіңіре отырып, оларды отансүйгіш, елжанды азамат етіп тәрбиелеу – қоғам алдындағы біздің басты міндетіміз. Бұл іске мұғалімдер ғана емес, ата-аналар да асқан жауапкершілікпен қарап, ерекше көңіл бөлуге тиіс.

“Тәрбие басы – тал бесік” деп өсиет қалдырған бабаларымыз әр баланың адами құндылықтармен сусындап, өрелі, өнегелі болып өсуіне отбасының тигізер әсерінің ұшан-теңіз екендігін айтқан. Баласының қара басының қамын емес, дүйім халықтың жағдайын ойлап, елінің ертеңіне алаңдайтын адам болып өсуіне ата-ананың ықпалы зор десек, екінші кезекте мектептің, ұлағатты ұстаздардың тәрбиесіз берілген білімнің адамзаттың қас жауы екендігін тереңнен түсініп, бағдарлай алуларына байланысты.  

Қазіргі білімнің баянды болашағы – отансүйгіштік сезіммен шыңдалған түлектер. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа Жолдауларында, сөйлеген сөздерінде жастардың өз жерін сүйіп, оған адал қызмет етулері үшін олардың бойына көшбасшылық қасиетті қалыптастыруды мұғалімдерге жүктеді.

Өзім ұстаздық ететін Шал ақын ауданындағы Социал орта мектебінде оқушылардың бос уақытының тиімді өткізілуі жолға қойылған. Кітапхана қоры мен ғаламтор желісі жеткіншектердің кедергісіз білім алуына қызмет етуде.

Бала тәрбиенің бір ұшқынын тарих пәнінен алары сөзсіз. Халқымыздың жүріп өткен жолдары, өнегеге айналған өміршең тұлғалары баланың тұғырлы тұлға, айтулы азамат болып қалыптасуына әсер етеді. Тарих шежіресін тірі естеліктермен оқушының көз алдына әкелу – бөлек құбылыс. Сондай мақсатта мектебімізде Ұлы жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай тың, тыл ардагерлерімен кездесу өтті. Еңбек ардагерлері бастарынан өткерген ауыр кезеңдерді баяндап, егемендікте тербелген бүгінгі жастардың бақытты екендерін айтты.

Алдағы уақытта мектеп ұжымы жастар мен жеткіншектердің ұлттық рухта тәрбиеленіп, қазақы құндылықтарды бойларына сіңірулеріне үлес қосу мақсатында іс-шаралар ұйымдастырмақ.

Шынар ОНАЙБЕКОВА,

Социал орта мектебінің мұғалімі.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp