«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛМЕН БІРГЕ АЖАРЛАНҒАН АУДАН

Биыл ата-бабаларымызға арман болған Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге 28 жыл толғалы отыр. Осы уақыт аралығында елімізде кешенді реформалар жүзеге асырылып, экономикалық, әлеуметтік және саяси жүйені жаңғырту жолында нық қадамдар жасалды. Қазіргі таңда Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің бірі ретінде өз орны айқындалды. Баршамыз соған куәміз. 

Тоқсаныншы жылдардың суығына тоңып, ыстығына күйген ақжарлықтар да елмен бірге дамып, бірге гүлденуде. Бүгінгі таңда ауданның әлеуметтік-экономикалық өмірінде оң өзгерістер аз емес. Ақжар ауданында білім, медицина, спорт, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, экономикамызды нығайтуға зор маңыз беріп отырмыз.

Биыл да ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпіліс бар. Соңғы он айда 1448,8 млн. теңгенің өнімі өндірілді. Тау-кен өндірісінің көрсеткіші 504,1 млн. теңгені құрады. Аудан экономикасына 4,6 млрд. теңге инвестиция құйылды. Алдағы жылы да ауданымыздың дамып, көркеюіне зор ықпал ететін осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.
Ең алдымен, біздің ауданымыз ауыл шаруашылығы саласында қол жеткізген жетістіктерімен мақтана алады. Мемлекет қолдауының және тұрғындардың қажырлы еңбегінің арқасында егіншілік пен мал шаруашылығы қатар дамуда. Барлық өнімнің 82,3 пайызы аграрлық сектордың үлесінде. Ал өнеркәсіптік өнім көлемінің 42 пайызы өңдеу саласына тиесілі. Үстіміздегі жылы диқандарымыз 274,3 мың гектар алқапқа дәнді дақыл сіңіріп, гектарынан 19 центнерден астық орды. Соңғы жылдары ауданның ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер машина-трактор паркін жаңарту жұмыстарын белсенді жүргізуде. Мемлекет қолдауының арқасында ескі техникалар агротехникалық шараларды белгіленген уақытта және барынша жоғары деңгейде атқаратын агрегаттарымен алмастырылуда.
Ауданымызда жыл сайын өрістегі мал басы көбейіп келеді. Соңғы он айда “Сыбаға” бағдарламасы аясында төрт жоба жүзеге асырылып, Австрия, Словакия және Чехия сияқты елдерден 522 млн. теңгеге 394 бас асылтұқымды ірі қара жеткізілді. Жыл соңына дейін 147,3 млн. теңге сомаға тағы 250 сиыр сатып алынады. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығына 253,6 млн. теңге демеуқаржы бөлінді.
Тәуелсіздігіміздің баянды болуына білімді ұрпақтың қосар үлесі зор болмақ. Сондықтан бәсекеге қабілетті, жан-жақты, көп тіл білетін маман даярлаудың маңызы артуда. Бүгінгі таңда ауданда жалпы білім беретін 25 мектеп, 4 балабақша мен 23 шағын орталық бар. Бес мектепте күрделі жөндеу жұмысы атқарылды. Бұл мақсатқа 272 млн. теңге бөлінді. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында жұмысқа орналасқан 14 жас маман 45 млн. теңгенің жеңілдетілген несиесін алып, баспаналы болды.
Елімізде құрылыс саласы қарқынды дамып жатқаны белгілі. Соңғы он айда ауданда 2585 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспар 107 пайызға орындалды. Құрылыс жұмыстарына 1,8 млрд. теңге бағытталса, 5 елді мекенде 32 баспананың құрылысы аяқталуға жақын. “СХП Сарыбай-Инвест” ЖШС-і Талшық ауылында 81,3 млн. теңгенің екіқабатты көппәтерлі тұрғын үйін қайта қалпына келтірді. Өткен жылдың шілде айында құрылысы басталған дене шынықтыру-сауықтыру кешені жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады.
Қазіргі уақытта барлық ауыл тұрғындары таза ауызсумен қамтылған. Егер 12 елді мекенге тіршілік нәрі Булаев топтық магистральдық құбыры арқылы жетсе, қалған 12 ауыл локальды су жүйесіне қосылған. Биыл бес ауылдың құбырын жөндеуге облыс бюджетінен 85,3 млн. теңге бөлінді. Жыл сайын аудан жолдарын жөндеуге бағытталатын қаржы көлемі ұлғайып келеді. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында 22 жобалық-сметалық құжат дайындалды. Осылайша, ауылішілік жолдарды жөндеуге 2,2 млрд. теңге бөлінбек.
Бүгінгі таңда елімізде денсаулық сақтау саласына жаңа технологияларды енгізу арқылы аурулардың алдын алу мен емдеуді жақсарту, медициналық көмектің сапасын арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Ауданымыздың барлық медицина ұйымдарына жаңа ақпараттық жүйелер орнатылды. Биыл медициналық мекемелердің 18-і компьютерлік техникамен жабдықталып, интернетке қосылды. Сондай-ақ, құны 28 млн. теңге тұратын “УЗИ” аппараты, 93 млн. теңгенің маммографы және өкпені жасанды желдету құрал-жабдығы сатып алынды. Қазіргі уақытта бұл жабдықтар емдеу мекемелеріне орнатылуда.
Экономиканың серпінді дамуы ауданның әлеуметтік мәселелерін табысты шешуге, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік беруде. “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында оңтүстік өңірлерден көшіп келген 34 отбасы тоғыз ауылдық округке қоныстанды. Аталмыш бағдарламаның бірінші бағыты аясында кәсіптік оқытуға 51 адам жіберілді. Ауданның 33 тұрғыны “Бастау” жобасы негізінде кәсіпкерлік негіздеріне үйренді. Жыл басынан бері жалпы сомасы 247 млн. теңгені құрайтын 29 жоба жүзеге асырылуда. “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы облыстық филиалы арқылы 200 млн. теңгеге 48 жоба қаржыландырылды.
Қазір бізге Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеу мүмкіндігі беріліп отыр. Халқымыздың өмір сүру сапасын арттырып, Қазақстанды жоғары дамыған 30 елдің қатарына қосу – әрбіріміздің алдымызда тұрған басты мақсат. Бұл жақсылыққа қол жеткізу үшін ақжарлықтар да аянып қалмақ емес.
 

Ербатыр МАДИЯРОВ,
Ақжар ауданының әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp