Өткен ширек ғасырда еліміз саяси, әлеуметтік-экономикалық жағынан дамып қана қоймай, құқық қорғау мен сот жүйесінде де бірқатар өзгерістерге қол жеткізді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев егемендіктің алғашқы күндерінен бастап тәуелсіз сот, қуатты құқық қорғау органдарын құруды демократиялық, құқықтық мемлекетті нығайтудың басым бағыттарының бірі ретінде белгілеп, осыған қатысты шараларды жедел жүзеге асыруды талап етті. Халықтың көз алдында әділдіктің символына айналған сот жүйесін құру – бұл әр мемлекет үшін үлкен жетістік. Еліміз өз алдына Қазақстан Республикасы атанып, 1991 жылы Тәуелсіздік алған сәттен бастап, бірден оның биліктік құрылымдары заң шығарушы, атқарушы және сот билігі болып бөлінген еді. Соттың мемлекет құрудағы маңыздылығын осыдан көруге болады.
1993 жылы қабылданған алғашқы Конституциямызға да жоғарыда айтылған құрылым тайға таңба басқандай енгізілді. 1995 жылы қайтадан қабылданған Ата Заңымызға, оған дейін қолданыста болған “Сот және судьялар мәртебесі туралы” Конституциялық заңның күші бар Президенттің Жарлығына сәйкес соттың мемлекеттік билікті жүзеге асыру формасы ретіндегі беделі мен рөлі, оның тәуелсіздігі туралы қағидаттары күшінде қалды. Кейін, бұрынғы кеңестік дәуірдің боданында болған соттың кейпін жаңа деңгейде қалыптастыру көзделді. Бұрынғы арбитраждық соттар құзыры жалпы юрисдикциялық соттардың құзыретіне өтіп, бірқалыпты сот жүйесі қалыптасты. Бұл алғашқы жасалған жұмыстардың легі болатын
Жалпы ғалымдар қазақстандық сот жүйесінің дамуын белгілі бір кезеңдерге бөліп қарастырады. Яғни, жоғарыда айтып өткендей, алғашқы уақытта көбінесе бұрынғы кеңестік дәуірдегі сот ісін жүргізудің практикалық элементтері кездесіп қалатын. Соңғы қабылданған Конституциямызда сот құрылымын қайта құру кезінде сот жүйесіндегі “бытыраңқылық” жойылып, соттар біртұтас бола бастады. Бұдан басқа, сол кездерде судьяларды қызметке тағайындау мәселесі түйткілді мәселе болатын. Кейін оның да түйіні шешіліп, тәртіп бойынша төменгі саты судьялары Президент Жарлығы бойынша, ал Жоғарғы сот судьялары Парламент Сенатының келісімінен өтіп барып қызметке тағайындалатын болды.
Алғаш рет соттардың қызметтік және құзыреттік беделін айқындайтын “Сот және судьялардың мәртебесі туралы” жаңа Конституциялық заң қабылданды. Ол бұрынғы заңмен салыстырғанда мүлдем өзгеше болды. Заңда республика соттарының жұмысының жаңа бағытын бекіткен нормалар тізбектелді. Даму кезеңінің шарықтау шегінде сот ісін жүргізуді жеңілдету мәселесі қолға алынып, жаңғырту науқаны басталды. Бұл уақытта жаңа мамандандырылған соттар құру қолға алынды. Сөйтіп, заңмен бөлінген істер осы соттарда қаралатын болып, қазіргі уақытта мамандандырылған соттар нәтижелі жұмыс істеуде. Осылай өткен ширек ғасырда сот жүйесі терең реформаларды басынан өткеріп, діттеген мақсатымызға жеттік қой, деп ойлаймын.
Мен сот жүйесінде 13 жылдан астам қызмет атқарамын. Осы жылдар ішінде сот жүйесін жетілдірудің кейбір кезеңдері қалай жүзеге асырылғанынан хабарым бар. Осы орайда айтарым, еңбек жолымды бастаған кезеңдегі сот жүйесінің мүмкіншілігі мен бүгінгі деңгейді салыстыруға болмайды. Сот жүйесі жағынан еліміз дамыған елдермен бір қатарда тұра алады.
Осындай даму жолынан өткен сот жүйесінің мамандары Елбасының судьялардың алтыншы съезінде қойылған міндеттерді орындауда және “Қазақстан – 2050” Стратегиясының, “Нұрлы Жол” жаңа экономикалық саясатының мақсаттарына жетуге белсенді атсалысуда.
Мұның жемісін облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының биылғы он айдағы қорытындысынан көруге болады. Үстіміздегі жылдың басынан Солтүстік Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында 4029 іс бітістіру рәсімдерін қолдану арқылы (404 іс бітімгершілік келісім, 48 медиация, 2 партисипативті рәсім) аяқталған.
Жеткен жетістіктердің маңыздылығын бағалай отырып, біз болашаққа сеніммен қарай аламыз. Себебі, елімізде сот жүйесінің өзіндік заңдық базасы қалыптасты. Біздің ендігі парызымыз – ел Тәуелсіздігінің құндылықтарын қорғайтын қуатты, құқықтық күшті, адамгершілік келбеті айқын, адал сотты жетілдіру, беделін асқақтату. Өркендеудің тың жолына, әлеуметтік дамудың жаңа кезеңіне бет алған еліміз әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті отыз мемлекеттердің қатарынан орын алуы тиіс.
Бердібек МҰСТАФИН,
мамандандырылған ауданаралық
экономикалық соттың судьясы.