Астана әрбір қазақстандықтың жүрегіне қуаныштың нұрын құйып, жарқын келешектің сәулесін себетін арман қала ғой. Талай көңілді тулатып, мыңдаған өмірді асқақ арманға жетелеген сұлу шаһар – менің де жалындаған жастық шағымның куәсі.
1965-1970 жылдары Целиноград ауыл шаруашылығы институтында оқыған кездің өзінде бұл қаланың сәні мен салтанаты келіскен, өзіне тән ерекшелігі қалыптасқан еді. Адамның көңілі қартаймайды емес пе?! Студенттермен бірге Бейбітшілік көшесіндегі кешкі серуендер, Тың игерушілер сарайындағы жастардың кештері күні кеше өткендей жадымда жатталып қалыпты.
Шыны керек, тоқсаныншы жылдардың соңында “Қазақстанның астанасы Алматыдан Ақмолаға көшеді”, деген сөзді естігенде ел ішінде ерекше бір толқудың, арман қала – Алматының айбарын аграрлық облыстың орталығына көшіруге қимастықтың болғаны да рас. Алайда, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз елдің тұғырлы болашағына деген сындарлы саясатының дұрыстығын күн озған сайын сезіне бастағанымыз ақиқат.
Елбасының ерен еңбегінің арқасында бас-аяғы 17 жылдың ішінде Еуразиялық мәдениеттің шыңына көтерілген елордамыз айдай әлемді аузына қаратты. Оның сұлудың шолпысындай сыңғыр қаққан ерке Есілдің жағасына жайғасқан ұлттық археологиялық пішіндегі бейнесі және жаһандық дамудағы сәулет саласының ең озық деген үлгілерімен кескінделген келбеті ел жұртшылығын тамсантып, қала қонақтарын таңдай қақтырды.
Жалындаған жастық шағымның куәсі болған кешегі Целиноградта – әлемдік мәдениет пен ұлы дала қасиетін бойына дарытқан бүгінгі Астанада ұрпағым өсіп-өнуде. Балаларым қызмет етіп жүрсе, немерелерімнің алды елу жыл бұрынғы өзімдей студенттік шақтың бақытты кездерін бастан кешуде. Осындай әсем қалада дүниеге келген немерелерім қандай бақытты десеңізші?! Астананың менің өміріме сыйлаған қуанышының бір парасы осы.
Жұмыс бабымен жылына бірнеше рет Астанаға жол тартамын. Көлік терезесінен көзге ілінген сәттен жанарыңды жылылығымен іле баурап ала жөнелетін Арқа баурайындағы алып қаланы әр келген сайын жаңаша бір қырынан танып, таңданысымды жасыра алмайтыным рас. Облыс ардагерлері де елорадаға барған сайын ерекше сезіммен оралады. Жақында тағы бір топ ардагер Астанаға аттанбақ.
Мен үшін жалынды жастығымның ескірмейтін естелігіне, бүгіндері ұрпағымның тамырын жайған келбетті мекеніне айналған айбынды қала – Астананың әр атқан таңы, әрбір жел сүйген қайыңы мен күн құшқан көшесі ерекше қымбат.
Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.