
Бұл оқиға Қызылжар ауданының аумағында болған. Күдіктілерді орман шауашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Олег Беспалов ұстауға көмектескен. Ол Желяково ауылы маңынан өтіп бара жатып, жолдың жиегінде жатқан екі елікті байқап қалған. Көлігін жасырып, полицияға хабар беріп, аңшыларды күтіп алмақ болады.
Мемлекеттік қызметші учаскелік полиция инспекторына қоңырау соғып, мән-жайды айтып болғанша, әлгі жерге УАЗ автомобилі келіп тоқтаған. Жақын маңда рейдте жүрген Қызылжар ауданының полиция бөлімі қызметкерлері оқиға орнына шұғыл жетіп, сол жерде ауданның бес тұрғынын ұстады. Көліктің жүксалғышында үш сібір елігінің еті бөлшектеп салынған пакеттер табылды. Сондай-ақ 3 мылтық, 16 оқ пен 2 пышақ тәркіленді.
-Жедел-тергеу тобы одан басқа бөлшектенбеген екі еліктің етін және мылтықты тәркіледі. Автомобиль арнайы тұраққа қойылды. Аталған факті «Заңсыз аң аулау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктілерге қатысты келу туралы міндеттеме түріндегі мәжбүрлеу шарасы қабылданды. Жалпы ауданда жыл басынан бері заңсыз аң аулаудың бес фактісі анықталды, — дейді Қызылжар аудандық полиция бөлімінің бастығы Әлихан Байқадамов.