Менің әкем Қали Ыбыраев – қатардағы майдангер. Ол 1908 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының Киров ауылында (бүгінгі Ізтөлин ауылы) туған.
Оны 1941 жылдың 26 шілдесінде сол кездегі Преснов аудандық әскери комиссариаты әскерге шақыртып, 314-ші атқыштар дивизиясы 1074 полкінің құрамында майданға аттандырады. Ол кезде мен төрт жаста екенмін.
Қали Ыбыраев 1941 жылдың 20 қазанында жараланып, қаза тауыпты. Ол Ленинград облысы Лодейное поле қаласының маңындағы Злостровая селосында жерленген екен.
Соғыс ер жігіттердің басына адам айтқысыз қиыншылықтар туғызды ғой. Оны әкемнің ауылдағы ағайын-туғандарына жазған хаттарынан білдім. Сондай өлеңмен жазылған хатын ұсынып отырмын.
Мәкен ҚАЛИ,
зейнеткер.
Петропавл қаласы.
Қалам ап хат жазайын елімізге,
Сағынған туып-өскен жерімізге.
Кезінде таңдап жүріп қоныс еткен
Дейтұғын “Екі Сұлтан” көлімізге.
Баянкөл, Шалабайкөл – көлдерім-ай,
Сарыбоз, қалың орман жерлерім-ай!
Күн болса қайта барып сені көрер,
Бұл жақта қаза тауып, дүние салмай.
“Вульский-Галь” деген жердің аты,
Тыңдасын құлақ салып елдің қарты.
Сағынып туған жерін жүрегімен
Алыстан жауынгердің салған хаты.
Өңкей жас елден шыққан сапар шегіп,
Қайтуға Герман итті, жауды жеңіп.
Бұл жолдан аман-есен біз барармыз,
Беттескен немістердің қанын төгіп.
Болады “Киров” деген елім аты,
Жұмысшы шаруаның қолқанаты.
Осы елде тәлім алған табандылар
Қойшыбай, Сейдахмет, Қали атты.
Құраушы сөзден өлең Қали атым,
Тыңдалсын көпшілікке жазған хатым.
Алмақан, Қали-Мәтін, Әли-Мақыш,
Ежелден ардақ тұтқан жамиғатым.
Салыңдар көз қырыңды нашарларға,
Құлақ сал анық тыңдап, айтқан зарға.
Көмектеп қора-қопсы, шаруасын,
Қамданар қамалмастай қалың қарға.
Тартпасын және тағы аштық зарын,
Жас бала, жесір әйел, аналарым.
Майданнан аман-есен бара қалсам,
Жоймаспын қызметтің бағаларын.
Айтамын, сен де есен бол, алған жарым,
Тартпаңдар үлкен қайғы ауыр зарын.
Шәрипа, Мәпи, Зейнеп қарындасым,
Ақдари, Сағила атты құрбыларым.
Есен бол, қалған құрбым,асыл затым,
Қоштасқан біржолата махаббатым.
Жерінен Ленинград сәлем жазған,
Баласы Ыбырайдың Қали атым.
Барамыз аурусыз ажал жаққа,
Тапсырып шыбын жанды жалғыз Хаққа.
Ағызбай жапан түзде қасық қанды,
Пана бол, жалғыз Құдай, өзің сақта.
Тыңдалсын осы сөзім барша адамға,
Сағыныш, ол да демеу аңсағанда.
Арттағы мені күткен, ағайындар,
Тілектес бола көрші шыбын жанға.
Қинайды Мәкеннің жас қалғандығы,
Тұрмыстың мынау ауыр, жалғандығы.
Немістен Ленинградты қорғап жүрген
Жеңіс қой жауынгердің арман күні.
Ал енді, қош болыңдар, жалпы туған,
Көздерін ертелі-кеш жаспен жуған.
Тез барып, тірлікпенен көрісейік,
Аман боп мынау ажал – аққан судан!
Сәлеммен Қали ЫБЫРАЕВ.