«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛІМІЗБЕН БІРГЕ ЕСЕЙДІК

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауында шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында кәсіпкерлікті қолдаудың “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы өңірдегі инвестициялық бағдарламалардың бір бөлігі болуы тиістігін атап көрсеткенді. Осының өзінен ғана Мемлекет басшысының ауыл азаматтарының бизнес саласына көптеп тартылуына қаншалықты мән беріп отырғандығын байқауға болады.

Осы жұмыстар тоғыз жолдың торабында орналасқан Ақжар ауданында жақсы қарқын алды. Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде жеке кәсібін ашамын деген адамға заң тұрғысынан да, билік тарапынан да үнемі қолдау көрсетіліп келе жатқандығын іс жүзінде көріп отырмыз. Оны өзімнің отбасымның мысалынан да байқағандаймын. Еліміз егемендік алып, қоғамдық құрылым жаңаша қалыптаса бастаған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары тарихқа заманның қиын бір өтпелі кезеңі ретінде жазылды. Әсіресе, кәсіпкерлік орта қолға алған істерін дөңгелетіп әкету үшін талай ауыртпалықтарды еңсеріп, жансебілдік танытты. Біздің отбасымыз да сол кезеңнің сынынан сүрінбей өтіп, бүгінде кәсіпкерлік саласында өз орнын таба білді.

Тәуелсіздік жылдары бой көтерген әрбір бизнес субъектісі ел әлеуеті мен экономикасының дамуына елеулі үлесін қосып келеді. Біз де жолымызды кес-кестеген талай қиындықты жеңе отырып, бастамаларымызды өрге домалаттық. Еңбегіміз зая кеткен жоқ. Үкіметтің және жергілікті әкімдіктің қолдау көрсетуі арқасында жыл өткен сайын кәсіпкерліктің аясын кеңейте түстік. Бүгінде серіктестіктің азық-түлік пен кеңсе тауарларын, шаруашылық пен құрылыс материалдарын сататын бірнеше дүкені, 250 орындық мейрамханасы мен наубайханасы бар.

Біз кәсіпті құрылыс саласынан бастаған болатынбыз. Мамандандығым құрылысшы болған соң бар күш-жігерімді осы бағытқа жұмсауға ұйғардық. Бірақ тоқсаныншы жылдар құрылыстың да төрт тағандап тұрған кезі еді. Елдегі жағдайға байланысты жарым әрі әріптесім Орынбасармен ақылдаса отырып, тағы бір қосымша іс жүргізуге келістік. Сөйтіп, Талшық ауылына кіреберіс жолдағы ескі дүкенді сатып алып, жөндеп, сауда қызметіне кірістік. Дүкен күнделікті сұранысқа ие тауарлармен толтырылды. Осылайша, аудан орталығында “Жалын-2” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі пайда болды. Бүгінде отбасылық бизнесімізге 25 жыл толды. Осы жылдар ішінде қоғам дамыған сайын серіктестіктің ісі өрге баса бастады. Кәсіпкерлік жанданған сайын қоғамның әлеуметтік-экономикалық үдерісіне қосар үлесіміз еселене түсті.

Талшық ауданындағы көпшіліктің той-думан шаңырағына айналған “Думан” мейрамханасы отбасымыздың тағы бір бизнес тетігі. Бұл мейрамхананы аталмыш аудан тұрғындары ғана емес, көршілес уәлихановтықтар да игіліктеріне пайдаланады. Өйткені, ол – қонақтарға жайлы, тұтынушылардың қалтасына ыңғайлы жер. Сондай-ақ, 2006 жылы наубайхана мен кондитерлік өнімдер шығаратын цех аштық. Бұл бизнес түрі де жалғыз ауданға ғана қызмет көрсетпейді. Бизнестің жолын әртараптандыруға дағдыланған біздің мақсатымыз – мүмкіндіктерімізді сынға сала отырып, бастамадан тиімді нәтиже шығару арқылы қоғамның даму үдерісіне үлесімізді қосу.

Мәселен, 2010 жылы темір жол бойында көмір қабылдайтын, сақтайтын және оны өткізетін нысанды ашуымыз аудан тұрғындарының әлеуметтік ахуалын ойлаудан туған болатын. Талшық ауылында жұмыс істеп тұрған “Ақжар” көтерме сауда орталығы да аудан тұрғындарына үлкен жеңілдіктер жасап отыр. Ақжарлықтар тұрмыстық заттардың барлығын алыстан арбаламай, жақыннан дорбалайды. Сауда-саттық орнының ғимараты сонау алмағайып заманда ешкімге керексіз болып, аңғал-саңғал жататын. Бүгінде іші-сырты әрленіп, Талшық ауылының сәулетті нысандарының біріне айналды. Ең бастысы – отбасылық кәсібіміздің арқасында аудан орталығының бірнеше тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіліп отыр.

Біз аудандағы әлеуеті төмен отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетуден аянбаймыз. Ал былтыр Талшық ауылының орталығындағы Абылай көшесіндегі екіқабатты үйдің төбесін жабуға өз қаржымызға қажетті материалдарды сатып әперіп, тұрғындардың алғысына бөлендік.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев орта және шағын бизнесті дамытудың қажеттілігін ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Керісінше, үнемі кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, өз бизнесін дамытуына мол мүмкіндіктер жасауда. Президентіміздің Қазақстан халқына Жолдауларында да орта және шағын бизнесті дамытуды жалғастыру қажеттілігі атап айтылған. Осыған орай өз ісін бастаймын дегендерге мемлекет тарапынан мол қолдау көрсетіліп, демеушілік жасалуда. Соның қайтарымы ретінде қоғамның, ауданның дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан игі ісіміз елеусіз қалған жоқ. Заман талабына орай “Қазақстанның үздік тауарлары”, “Алтын сапа” өңірлік байқауларына үзбей қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеміз. 2005 жылы Алматы қаласында өткен “Қанатты әйел – 2” ұлттық әйелдер жәрмеңкесінің, “Бизнес көшбасшысы” республикалық байқауының, “Атамекен одағы” ұлттық экономика палатасының дипломдарымен, 2009 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталып, облыстық “Алтын сапа” байқауының жеңімпазы болып танылдық.

Елбасымыз “Қазақстандық жол – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Жолдауында: “Шағын және орта бизнесті дамыту – Қазақстанның ХХI ғасырдағы индустриялық және әлеуметтік жаңаруының басты құралы болып табылады. Біздің экономикамыздағы шағын және орта бизнестің үлесі қаншалықты көп болса – Қазақстанның дамуы да соншалықты тұрақты болады”, – деп атап өткен болатын. Қасиетті мемлекетімізбен бірге құрылып, бірге дамып келе жатқан біздің кәсіпорын алдағы уақыттарда да ауданның дамуына сүбелі үлес қоса бермек.

Уәлихан ЫСҚАҚОВ,

кәсіпкер.

Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp