«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ІРІ ЭЛЕВАТОР

 

 

“ТНС-Экспорт” ЖШС астық қабылдау элеваторы – үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2013 жылы іске қосылған кәсіпорын. Сыйымдылығы 120 мың тонналық автоматтандырылған кешен заманауи технологиялық артықшылықтары мол республика бойынша озық үлгідегі элеваторлардың бірі саналады. Кешендегі таразылар, зертхана, қоймалар мен жүк тасымалдайтын авто және темір жол тораптары, гараждар, қонақүй, асхана – барлығы жаңа үлгідегі нысандар.

Үшінші жыл егін орағына қатысып отырған кәсіпорын аумағында бүгінде қызу еңбек. Элеватор сағатына 600 тонна астық қабылдайды. Бір уақытта төрт тармақты қабылдау желісімен автоматтандырылған жүйе арқылы жұмыс жүргізілгендіктен, онда ұзын сонар кезек жоқ. Бүгінде тәулігіне 10 мың тонна астық тазартылып, кептіріліп, сұрыпталып, сақтау қоймаларына жіберілуде. Серіктестіктің бас директоры Қуат Қаскеннің айтуынша, бір көліктегі астықты 15 минутта қабылдап, жүргізушіні кейін қайтарады. Кез келген шаруашылық үшін астық тасып жүрген көлігінің жолда бөгелмей, алқапқа тез жетіп, комбайндардың бункерін уақытында босатып отырғаны маңызды.

Еске сала кетсек, “ТНС-Экспорт” ЖШС астық қабылдау кешенінің құрылысына 8,7 миллиард теңге жұмсаған. Сондай-ақ, элеватордың аумағындағы инфрақұрылымға “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы бойынша 21 миллион теңге демеу-қаржы берілді. Кәсіпорынға мұндай қомақты қаржыны ақтап алу оңай емес. Десек те, құрылтайшылар бұл қадамдарына еш өкініш білдірмейді. Үш жылдың ішінде тұрақты тұтынушылар қатары қалыптасты. Ең бастысы, өңірдің, тіпті, республиканың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлес қоссақ деген үміттері ақталуда.

Элеватордың артықшылықтары көп. Солардың бірі – оның майлы дақыларды кептіру, сақтау қызметтерін көрсететіндігінде. Алдағы жылы майлы дақылдар өңдейтін 500 мың тонналық май зауытының құрылысын бастамақ. Бұл жаңалық өңір агроқұрылымдарының көңілінен шығары сөзсіз. Бүгінде шаруалардың барлығы бірдей маңдай термен өсірілген дақылдарын тиімді бағаға сата алмай отыр. Өнімнің басым бөлігін шетелдіктер шикізат түрінде арзанға әкетуде. Сондықтан отандық жаңа зауыттың ашылуын күтіп отырғандар көп.

Элеватордың заманауи құрал-жабдықтары адам еңбегін көп жеңілдеткен. Автоматтандырылған жүйеде дәнді дақылдың кептелуі, толып қалуы, төгіліп кетуі деген сияқты қиындықтар мүлдем жоқ. Ондағы компьютерлік режім жұмыстың сапасын арттырған. Цилиндр тәрізді қоймалар автоматты түрде іске қосылады. Онда астықты қажетті ылғалда ұстау, ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік бар. Астықты қабылдау мен тарату жұмыстарына темір жол торабы тиімді пайдаланылуда.

Аталмыш кәсіпорынның тағы бір артықшылығы – онда энергия үнемдеу жобасы жүзеге асуда. Элеватор аумағындағы қосалқы ғимараттардың барлығына күн сәулесі батареялары орнатылған. Ал астық кептіргіш құралдар газбен жұмыс істейді. Кешенде ашылған күннен бері газдың электр желісіне қарағанда екі есе кем тұтынылатындығы дәлелденген. Нәтижесінде элеватордың қызмет көрсету бағасы, бәсекелестеріне қарағанда, әлдеқайда төмен.

Былтыр элеватор 100-ден аса шаруашылықпен келісімшарт жасап, олардың астықтарын қабылдаған. Тұтынушылар қатары көбейген сайын өндірістің қуаттылығын күшейту мәселесі туындаған. Кәсіпорын кептіру агрегатының қуаттылығы аз екендігін байқап, мәселені шұғыл қолға алған.

– Элеваторда жоба бойынша екі кептіру агрегаты болды. Олардың әрқайсысы сағатына 50 тонна дақылды кептіреді. Жұмыс барысына қарап, тағы бір қосымша құрылғының қажеттігін аңғардық. Сөйтіп, былтыр құны 100 миллион теңге тұратын кептіру агрегатын сатып алдық. Ол да сағатына 50 тонна астық кептіреді. Бірақ жаңа құрылғы ылғалдылығы 30 пайызға дейінгі астықты кептіре алады. Алдыңғылардың мүмкіндігі 20 пайыз болатын. Биыл жаңа агрегат іске қосылды. Астықты сақтау мәселесінде еш қиындық жоқ. Элеваторға 120 тонна сыяды. Былтырғы орақтың 75 мың тонна астығын сақтап бердік, – дейді Қуат Талғатұлы.

Кейбір кәсіпкерлер элеватордағы тауарын жаздың ортасына дейін сақтаған. Олар бидай сатушылар қатары азайып, баға көтерілген кезді күтсе керек. Дегенмен, аталмыш элеватордың қызметін тұтынушылар үшін сатып алушылар іздестіру қиын шаруа емес. Кәсіпорын әкімшілігі астық сатып алумен айналысатын трейдерлік фирмалармен жұмыс істеу тетігін қалыптастырған.

Кәсіпорын әкімшілігінің құлағы жаңашылдыққа қашанда түрік жүреді. Биылдан бастап астыққа электрондық қолхат беру тәсілін қолдап, жүйенің дұрыс қалыптасуы үшін үн қосуда.

– Бұл тәсілдің өзіндік артықшылықтары бар. Порталға енгізілген электрондық қолхаттың ауыл шаруашылығы бизнесіндегі мөлдірлікті қамтамасыз етуге септігі мол. Десек те, бұл тәсілдің әлі де пысықталмаған тұстары бар. Әсіресе, интернет мәселесі. Кейбір елді мекендерге интернет желісі толықтай жетпегендігі белгілі. Бұл қиындық сондағы шаруашылықтарға қолбайлау жасайды. Сол жағынан аталмыш тәсіл қолайсыз. Әрине, бұл уақыт еншісіндегі қиындық. Сондықтан жаңашылдықты игеру үшін өз тұтынушыларымызға көмегімізді тигізуге дайынбыз. Осы мәселеге қатысты біздің мекемеде шағын орталық ашылды. Онда шаруаларға қатысты барлық сауалдардың жауабын мамандар пысықтап береді, – дейді кәсіпорын директоры Дәурен Сепбосынов.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp