«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛІМІЗДЕ БИЗНЕСТІ ДАМЫТУДЫҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР

Шағын бизнесті қалыптастыру мемлекеттің экономикалық саясатындағы басымдықтарының бірі болып табылады.

Қазақстан Республикасының 2007-2024 жылдары тұрақты дамуға көшу тұжырымдамасын іске асыру жағдайында шағын кәсіпорындардың тиімділігі мен тұрақтылығы басты маңызға ие, олардың қатысуымен жаңа шаруашылық, соның ішінде ішкі экономикалық байланыстар, өндірістік және инновациялық қызмет белсенділігі артады.

Республикада шағын және орта бизнесті дамыту үшін нақты база құрылған. Қазақстанда жеке кәсіпкерліктің кең таралғандығын шағын және орта бизнес субъектілерінің артуы дәлелдейді, олардың қатары 2013 жылдың басында 1,4 миллионға жетті, яғни 2,5 миллионнан астам адам жұмыспен қамтылғанын көрсетеді. Еліміздің ІЖӨ-інде шағын және орта кәсіпкерліктің (ШОК) үлесі 17,5 пайызды құрайды.

Белсенді және тіркелген ШОК субъектілер санының серпіні жалпы оң үрдіске ие. 2005 жылдан бастап тіркелген ШОК субъектілер саны – 88, белсенділер – 51 пайызға артты. Егерде жылдар бойынша жеке қарайтын болсақ, оны 3 кезеңге бөлуге болады:

2005-2007 ж.ж. – бұл кезең жалпы алғанда Қазақстан экономикасының қарқынды дамуымен сипатталады (жылына 9-10 пайызға дейінгі деңгейде), ШОК субъектілері саны тұрақты түрде орта есеппен жылына 12 пайызға өсті;

2008-2009 ж.ж. – бұл кезеңде тұрғындардың кәсіпкерлік белсенділігі экономикалық даму қарқынының күрт баяулауы негізінде төмендеді, ШОК субъектілер санының азаюына әкеліп соқты;

2010-2013 ж.ж. – бұл кезең экономикалық дамудың қайта қалпына келуімен және тіркелген ШОК субъектілерінің өсуімен сипатталады.

Дегенмен, белсенді әрекет ететін кәсіпорындардың өзгеруі тұрақты емес. ШОК белсенді субъектілерінің құрылымында ұйымдастыру-құқықтық формалары бойынша заңды тұлғаны құрмай-ақ әрекет ететін жеке кәсіпкерлер басым. 2013 жылдың 1 қаңтарына олардың саны 527,9 мыңды немесе жалпы белсенді ШОК жалпы санынан 69 пайызды құрады.

Қазақстандағы шағын кәсіпкерлікті дамыған елдермен салыстырмалы талдау, ІЖӨ-дегі үлесі және тұрғындарды жұмыспен қамту сияқты көрсеткіштері бойынша едәуір артта қалушылықты аңғартады. Дамыған елдерде ШОК субъектілері өндіретін өнімдердің жыл сайынғы көлемі 43%-дан (Канада), 57%-ға (Германия) дейін құрайды. Қазақстанда оның үлесі шамамен алғанда 3 есе төмен, яғни 15%.

Қазақстанның ШОК секторы салалық құрылымы бойынша шетелдермен салыстырғанда айтарлықтай ерекшеліктерге ие: Қазақстандағы ШОК 40%-ға жуығы бөлшектеп және көтерме сату саласында, ал 20%-дан астамы ауыл шаруашылығы саласында қызмет етеді. АҚШ-та шағын бизнестің құрылымы өзгеше: қызмет көрсету саласы басым (58%), 20%-дан астам ШОК субъектісі құрылыс және сауда саласында қызмет етеді. Еуропа елдерінде де ШОБ субъектілерінің басым бөлігі қызмет көрсету саласында шоғырланған.

Шағын кәсіпкерліктің дамуын, әсіресе, республикамыздың қаржылық және өндірістік орталықтарынан шалғай орналасқан елді мекендерде тежейтін басты факторларға мамандар мыналарды жатқызады:

– тұрғындардың төлеу қабілеттерінің төмендігі, әсіресе, ауылдық елді мекендерде;

– айналым қаражатының жетіспеушілігі;

– кәсіпорындардың жоғары өнімді құрылғылармен қажетті деңгейде жабдықталмауы, оның бағасының қымбат болуы;

– сапалы шикізат пен жартылай дайындалған өнімдердің жетіспеушілігі;

– шағын бизнес субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігінің төмен болуы (әсіресе, ауыл шаруашылығы шикізаттарын қайта өңдеу кәсіпорындарында);

– қаржы және ғылыми мекемелердің жетіспеушілігі;

– коммуникациялардың нашар дамуы.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Қазақстан халқына Жолдауында 5 негізгі трендін көрсетіп, республикада шағын және орта бизнесті дамыту жолын нақты атап көрсетті:

1. Жекеменшік институтын заңнамалық тұрғыда нығайтатын кешенді шешімдер қажет.

2.Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық енжар құқықтық нормалардың күшін жою керек.

3.Шағын және орта бизнес субъектілерінің банкроттығының айқын тетіктерін енгізген жөн.

4.Шағын бизнесті мамандандыруда келешекте оларды орта деңгейге көшіру перспективасы мен дамыту шараларын қабылдау қажет.

5. Жұмысын жаңа бастаған бизнесмендерге әдістемелік көмектің тиімді тетіктері жасалуы керек.

Ел Президенті қойған мақсаттарға жету үшін Парламент Мәжілісінде қысқа мерзімде “Рұқсаттар және хабарландырулар туралы” және рұқсат беру жүйесі мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар туралы заңдар қабылданды. Олар әзірленгенше елдің барлық рұқсат беру жүйесіне толық түгендеу жүргізілді. Нәтижесінде 1436 рұқсаттың 699-ы қысқартылды, 737 рұқсат қалды. Рұқсаттардың екі есе қысқаруы бизнес құрылымдарын бюрократиялық қол сұғушылық пен жемқорлықтан қорғайды, жалпы Қазақстанның рұқсат беретін жүйесін прогрессивті етеді.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі V шақырылымының үшінші сессиясында қабылданған маңызды заңдардың ішінде мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемінде орындау, тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелерін шешу, әлеуметтік инфрақұрылымдарды жаңғырту, өңірлерді дамыту, шағын және орта бизнесті дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет саласындағы заңнаманы жетілдірілу болып табылып, оларға 102 млрд. теңге бөлінді.

Елбасының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 6-тармағына сәйкес Парламент Мәжілісі “Салық салу мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер енгізу туралы” заң жобасын қарастыруда.

Осы заң жобасында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жалпы бекітілген салық төлеу тәртібіне көшуге жағдай жасау, сонымен қатар “сұрқай жалақыны” заңды жағдайға келтіру мақсатында салық салынатын кірісті азайтуға арналған құқықтарды кеңейту ұсынылуда.

АӨК субъектілеріне қолдау көрсету мақсатында өз өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарына немесе сервистік-дайындау орталықтарына тапсырғанда қосалқы шаруашылықтарын жеке табыс салығынан босату, сондай-ақ, ҚҚС-ын төлемеушілерден ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу кезінде сервистік-дайындау орталықтарына ҚҚС-ның бір бөлігін демеуқаржыландыру бойынша нормалар қарастырылуда.

Бәсекелестікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің қатысу үлесін қысқарту мақсатында “Кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің қатысуын шектеу мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңның жобасы Парламент Мәжілісінде қаралу үстінде.

Бүгінгі күні елімізде азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыруға барлық қажетті жағдай жасалуда. Биліктің барлық деңгейінде мемлекеттің бизнеспен диалог жасауына толыққанды жүйе қалыптастырылды, бизнес-ахуалды жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде, кәсіпкерлікті қолдаудың инфрақұрылымы кеңеюде. Халықаралық рейтингтерде Қазақстан позициясының нығаюы осының дәлелі болып саналады. Мысалы, “Doing Business 2013” дүниежүзілік банкі рейтингінде Қазақстан 49-шы орынды, ал дүниежүзілік экономикалық форумда бәсекеге қабілеттіліктің ғаламдық индексінде 51-інші орынды иеленді.

Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, еңбек өнімділігінің өсуіне және экономиканың нақты секторында экспортқа бағытталған кәсіпорындар құруға негіз болды. Қазақстанның дағдарыстан кейінгі даму міндетін шешуге бағытталған бұл бағдарлама аясында табысты салалық бағдарламаның бірі – кәсіпкерлікті дамытудың кешенді бағдарламасы “Бизнестің жол картасы – 2020” болып табылады. Бағдарламаны іске асыру жылдары сыйақы мөлшері мен кепілденген кредиттерді демеуқаржыландыру мақсатында 2300-ден астам шарт жасалды, 34 мыңнан аса кәсіпкер оқытылды, 130 мыңнан аса жұмыс орны құрылды және сақталынды, бюджетке салықтық түсімдер артты.

2012 жылы “Даму” қоры арқылы жеке кәсіпкерлікті қолдау үшін 19 мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру жалғасын тапты. Осы бағдарлама шеңберінде 2013 жылдың 1 қаңтарында барлығы 13,6 мыңнан аса жеке кәсіпкерлік субъектілері қолдауға ие болды. Соның ішінде “Бизнестің жол картасы – 2020” кешенді бағдарламасы аясында 2221 жоба бойынша демеуқаржыландыру келісіміне қол қойылды, 135 жоба бойынша кепілдік берілді. Атап өтерлік жайт, “Кәсіпкерлік әлеуетті күшейту” бағыты аясындағы оқытылған кәсіпкер мен жеке тұлғалар саны 34 мыңнан асады. Тағы 12,4 мың кәсіпкерге 63 мың сервистік (жан-жақты) және кеңес беру қызметі көрсетілді.

2012 жылы кәсіпкерлерді қолдау инфрақұрылымын құру бойынша ауқымды жұмыс үш деңгейде басталды: Алматы және Шымкент қалаларында кәсіпкерлерге қызмет көрсететін 2 орталық ашылды, республиканың 12 моноқаласында кәсіпкерлікті қолдаудың стационарлық орталықтары жұмысын бастады, еліміздің 5 облысында кәсіпкерлікті қолдаудың мобильдік орталықтары іске қосылды. Мұндай орталықтарда бизнес субъектілері тегін кеңес және сервистік компаниялардан “Бір терезе” қағидасы бойынша консалтингтік қызметтер алады. Бұл шағын және орта кәсіпкерлер мен сервистік компанияларға ыңғайлы және онда кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың халықаралық тәжірибесіне сүйенеді, бизнесті мемлекеттік қолдау жүйесі дамыған Израиль, Канада, Ресей сияқты елдерді қамтиды, сонымен қатар әйелдердің кәсіпкерлігін қолдайтын Азия елдерінің тәжірибесі де қарастырылады.

Жалпы алғанда, талдау көрсеткендей, Қазақстанда ШОБ секторында қалпына келтіру үдерістері, абсолюттік көрсеткіштердің өсуі байқалуда, алайда түзету жасау және оның теріс үрдістерін жақсарту мақсатында шағын бизнесті әрі қарай мемлекеттік үйлестіру әлі де қажет, ол қаржылық және қаржылық емес құралдар көмегімен жүзеге асырылуы тиіс.

Анатолий МАКОВСКИЙ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, “Нұр Отан”

партиясы фракциясы төралқасының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp